Спорт • 08 Маусым, 2020

Отан үшін туған оғландар

457 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде Өзбекстанның Бостандық ауданында туып-өскен қазақстандық спорт саңлақтары туралы көлемді материал жарық көрді. Ал бүгін шетелде дүниеге келсе де, тарихи отанына оралып, ел мерейін спорттық жарыстарда асқақтатқан дарынды спортшыларымыз туралы әңгіме қозғамақпыз.

Отан үшін туған оғландар

Шетелде туып, өз отанына оралған спортшыларымызды айтқанда, есімізге ең бірінші Мұстафа Өзтүрік түседі. 1954 жылы Түркияның Қайсері қаласында туған, өз ұлтын өлердей сүйген ержүрек Мұстафа Өзтүрік есімін әлемдік таэквондо тарихында алтын әріппен жазып кетті десек қателеспейтін шығармыз. Даңқты спортшы орта мектепті Ыстанбұлда тәмамдап, 1975 жылы Тайбэй қаласына оқуға аттанған. Сонда Тайвань халықаралық саясат университетінде журналистика мамандығы бойынша бес жыл жоғары білім алады. Таэквондомен де таныстығы университет қабырғасында басталған. Шығыс жекпе-жегінің қолмен де, аяқпен де қатар соққы жасауға болатындығы қатты ұнапты. Ұнағаны соншалық, бұл спорт түрінде қандасымыз алты рет әлем чемпионы атағына қол жеткізіп, жетінші данның қазақтан шыққан тұңғыш иегері атанды. Шәкірт тәрбиелеуді де ұмытқан жоқ. Бар білгенін бөлісуге асыққан спортшы Германияда жұмыс істеп жүрген жылдары Мюнхенде таэквондо мектебін ашты. Көп ұзамай Ыстанбұл балалары да шығыс жекпе-жегінің әліппесін үйренуге мүмкіндік алды.

Ал 1990 жылы тарихи отанына оралып, қазақ жастарын таэквондо спортына баулу үшін 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. Арада бір жыл өткенде Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болды. Оның шәкірттері алғаш рет 1992 жылы Түркиядағы халықаралық жарысқа барып, екі алтынмен оралады. Соның бірі – 2009-2012 жылдары Қазақстан құрамасының бас бапкері болған Қайрат Қырғызбаев. Сонымен қатар Өзтүріктің тағы бір шәкірті Қайыр Мейірбеков Алматыда Мұстафа Өзтүрік мектебін ашып, сонда таэквондошыларды тәрбиелейді. Осы мектептің түлектері Арман Шылманов 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында қола жүлде иеленгенін жанкүйер жақсы біледі. Ал Қайрат Қырғызбаевтың шәкірті, халықаралық дәрежедегі спот шебері Нұрсұлтан Мамаев 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер Олимпиадасында, 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында күміс медаль алды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысқанымен, іріктеу кезеңінде мысырлық Тамер Байюмнен жеңіліп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Жалпы таэквондо спортынан қазақ­стандық спортшылардың кез келген жеңі­сінің, жетістігінің артында Мұстафа Өзтүріктің қажырлы еңбегі тұрғанын ұмытпауымыз керек.

Елім деп елге келген батыр ұлдың бірі – Қанат Ислам. Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысы, Алтай аймағында дүниеге келген ол сол елде жүріп, бокстың қыр-сырына қанықты. Өзінің туған Қаба ауданында алғашқы бапкері Мұрат Бошайұлының қол астында жаттығып, біраз биік белестерді бағындырды.

Қанат әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы ұлттық құрамасында Бейжің Олимпиадасының, Азия ойындарының (2006) және Чикагода өткен әлем чемпионатының (2007) қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар 10 жыл бойы өз салмағында Қытайда қарсылас шыдатпай, ел чемпионатында топ жарды. Бірақ отандасымыз жаңа белестерді бағындыру үшін, Қазақ елінің көк байрағы астында өнер көрсетуді армандап, 2010 жылы Қазақстанға қоныс аударды. Ол Қазақстанға Лондон Олимпиадасына тарихи отанының атынан қатысуды мақсат тұтқан еді. Бірақ Қытай тарапы Қанат Исламға қарсылық танытып, Қазақстан атынан сайысқа түсуге рұқсат бермеді. Қанаттың көк Ту астында Олимпия ойындарына қатыса алмайтыны белгілі болған соң, «Астана арландары» клубы сапында екі жылға жуық жұдырықтасты. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтетін бокс кештерінде жанкүйерлердің басым бөлігі Қанаттың өнерін тамашалау үшін ағылатынын талай көз көрді.

Сөйтіп ол 2012 жылы түбегейлі кәсіпқой боксқа бет бұрды. Бүгінде Qazaq лақап атын иелеген қандасымыз кәсіби шаршы алаңда алдына келген қарсыласын қоғадай жапырып келеді. Отандасымыз кәсіпқой бокста 27 жекпе-жек өткізіп, оның 21-інде нокаутпен жеңіске жеткен. Сондай-ақ Қанат Ислам WBO Inter-Continental sper welterweight белдігінің иегері саналады.

2000 жылы Мәскеуде туған мәнерлеп сырғанаудан мақтанышымыз Элизабет Тұрсынбаева 2013 жылдан бері Қазақстан туы астында халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп келеді. Элизабет мәнерлеп сырғанау спортының қыр-сырын ең алғаш 5 жасында Мәскеудегі «Москвич» спорт мектебінде білікті бапкерлер Наталья Дубинская мен Александр Шубиннен үйренеді. 2012 және 2013 жыл­дары ол атақты жаттықтырушы Этери Тутберидзенің тобында біраз тәжірибе жинап, кейіннен Канадада әлемге танымал бапкер Брайан Орсердің қол астында жаттықты.

Қазақстан атынан өнер көрсете бас­таған 7 жылдың ішінде Тұрсынбаева өзі­нің өнерімен әлемді мойындатып, қарсы­ластары қаймығатын спортшыға айналды. 2013/14 және 2015/16 жылғы маусымда Эли­забет жастар арасындағы бірқатар турнирде бақ сынап, талайында топ жарды. 2016 жылы Норвегияның Лиллехаммер қала­сында өткен жасөспірімдер Олим­пиадасында ресейлік спортшыларды алға жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтқан еді.

Отандасымыз ересектер дуына ауыс­қанда да жүлдеден шашау шығарған жоқ. Кейінгі 5 жылда 30-ға жуық турнир­ге қатысып, тең жартысында үздіктер қатарынан көрінді. 2019 жылдың нау­рызында Сайтамада (Жапония) өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпио­натында күміс медаль алып, негізгі бағдарламада 4 айналым сальхов (4S) элементін секірді. Ол төрт айналым элемент секірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы әйел ретінде тарихқа енді. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау тарихында 16 жастан асқан әйелдер арасында ешкім төрт айналым элемент секірмеген. Сонымен қатар Тұрсынбаева былтырғы маусымда Красноярскіде (Ресей) өткен қысқы Универсиада мен Анахаймда (АҚШ) ұйымдастырылған төрт құрлық чемпионатында екінші орын иеленді. Биылғы маусымда Элизабет жарақатына байланысты бір ғана жарыспен шектелді. Shanghai Trophy турнирінде бақ сынаған Тұрсынбаева тұғырдың екінші сатысынан көрінді.

Боксшылар Ердос Жаңабергенов пен Әділбек Ниязымбетов те Қазақстанға Қарақалпақстан Республикасынан қоныс аударған. Жаңабергенов 1984 жылы Қарақалпақстанның Хожелі қала­сында дүниеге келген. 1998-2001 жылдары Шыршық Олимпия резерві білім ор­дасында бокс үйірмесінде тәлім алған Ер­дос жасөспірімдер және жастар ара­сында Өзбекстан чемпионаты мен Спар­такиадасында бас жүлдені олжалаған. Дарынды боксшымыз жастар құрамасында жүріп-ақ «Спорт шебері» атанды.

2001 жылы отбасымен бірге Ақтөбе қаласына қоныс аударған Жаңабергенов қазақ жерінде де биік белестерді бағындыра бас­тайды. Атап айтар болсақ, 2004 жылы Қазақстан чемпионы, 2005 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында ұйымдастырылған Әлем кубогында үшінші орын алып, жа­рыстың «Ең үздік боксшы» деп танылды. Сонымен қатар 2005 жылы Вьетнам­ның Хошимин қаласындағы Азия чем­пионатының жеңімпазы, 2005 жылғы Әлем чемпионатында (Маньянг) алтын медаль, 2006 жылы Алматыдағы студенттер арасындағы әлем чемпионатында бас жүлде, 2011 жылы АҚШ-тағы әскерилер арасындағы әлем чемпионатында 2-орын иеленген. Осы жетістіктерінің арқасында оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілген. Жаңабергенов негізінен 81 кило салмақта жұдырықтасты. Ердостың бокстағы нағыз кемелденген шағы 2005 жылы еді. Сол жылы Ресейдегі Әлем кубогында кубалық қара маржан, кәсіпқой бокстағы ауыр салмақтағы IBF және WBA Regular тұжырымының экс-чемпионы кубалық Юньер Дортикості діңкелете сабағаны күні бүгінгідей көз алдымызда.

Әділбек Ниязымбетов 1989 жылы Нөкіс қаласында туған. 2001 жылы Ақтау қаласына көшіп келген соң Әділбек боксқа ден қоя бастайды. Екі жыл бұрын бокс қолғабын шегеге ілген саңлақ спорттық жолында бірталай табысқа жеткен. Атап айтар болсақ, 2007 жылы жастар арасында Азия чемпионатының жеңімпазы (64 кг), 2008 жылы Тараз қаласындағы өткен ел чемпионатының бас жүлдегері (69 кг), 2011 жылы Бакудегі әлем чемпионатының күміс медаль иегері (81 кг), 2012 және 2016 жылғы Олимпия ойындарының вице-чемпионы (81 кг), 2013 жылы Иорданияның астанасы – Амман қаласында ұйым­дастырылған Азия чемпионатында және Алматыдағы әлем чемпионатының күміс медаль иегері (81 кг), 2014 жылы Оң­түстік Кореяның Инчхон қаласындағы Азия ойындары (81 кг) мен 2015 жылы Таиландтың Банкок қаласындағы Азия чемпионатының жеңімпазы (81 кг) атанған. Осындай жетістіктерінің арқа­сында Әділбек Ниязымбетов «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», «Құрмет» ордені мен II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері және «Дарын» жастар сыйлығының лау­реаты атанды.

Қорыта айтқанда, кезінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген Бейбарыс сұлтан бабамыздың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстанымын ту еткен спортшыларымыздың бұл ісі әлі көп адамға үлгі болары анық.