Таным • 09 Маусым, 2020

«Тұманбай тауы»

799 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Біздің ауылдың іргесіндегі үлкен төбені білмейтін жан жоқ шығар. Төрт мезгілде де бауырынан бала үзілген емес. Құдды бір малды өріске айдайтын күре жол іспетті. Іңір ауғанда күлше күн тау тектес сол құмыққа сіңіп кеткендей көрінеді. Үстіне шық­саң, толықсыған ай да таяқ тас­­там­­ жерде тұрғандай. Содан болар, сойыл соғардың бәрі маңайына үйір. Жастар үшін ғашықтар мекені. Жұлдыз көктегенде алақандай ауылды Тұманбай жыры тербеп жататыны соның дәлелі. Бозбаланың қиялы мен бойжет­кеннің ұяңдығы тұтасып өлең болып өріледі келіп.

«Тұманбай тауы»

Боз топыраққа тамырын жайған тоқсан түтіннің тумысы бөлек. Кешегі серілер мен сүлейлердің сүрлеуімен көш ілгері. Даласы шөлді болса да, баласы өнерлі. Әмсе, бұл бабадан келе жатқан бағыт. Ақсақалдардың да айтатыны осы. Құм-қиыршық тастан үйіліп қалған, дөңгелене біткен бұл зор дөңді тұрғындар Тұманбай тауы деседі. Күн қызарып, ұясына кірген сәттен бастап, ауыл аспанында Тұманбай жырлары қалықтайды. Жігіттер мен қыздар жаттағандарын жарыса оқып, Молдағалиевше сөйлейді. Тұманбайша бір-біріне мұңын шағып, сырын ақтарады.

Әнтек жаңғырған дауысқа күзетші ит­тердің бейберекет үруін қойғалы қашан?! Қасқыр мен шибөрі шошынып қалғандай, ауыл шекарасынан бері аттап баспайды. Құстардың да қиқуы сол мезетте саябырсиды. Қорадағы сүзегендердің құлағы үйренгендей құмыға жеткен дыбысқа елітіп, күйіс қайыруға күйі болмай нарша шөгеді. Әй, жыр пырағының қасиеті-ай дейсің мұндайда! Қашан көрсең баяғыша ауыл жұрты бейқам. Ата-аналар құлындарының қызық қуып, Тұманбай тауын торуылдап жүргенін құмалақсыз болжап, қақпаны құлыпсыз қалдырады. Әсілінде басқа баратын бел қайсы? Жер құрсағын жарып шыққан жусан мен баттауық кімге сая болмақ? Шал-шауқандар «Шөл даланың ханшайымы» санайтын қисық қанатты шырыш қытығына тиеді. Көлеңкелі ағаш-терек өспегелі қай уақ?! Оны ойлап ешкім де бас ауыртып жатқан жоқ. Әйтеуір Тұманбай тауының барына шүкір десіп, жоғалған балаларын сол маңнан тауып жатады.

Бұл үйілген құмның ақын есімін қа­лай арқалағанының өзі қызық. Бір сөз­бен айтқанда, көзін ашқалы қойдың соңы­нан ілескен шопан Тұмаштың, бертінде көркемсөздің көкесі атанған ақын Тұмаш­тың тағдырымен тікелей байланысты. Ғұ­мырында қызға сөз айтып көрмеген жігіт­тің ғашықтық сезімі Тұманбай Молдағалиевтің «Қош, көктем» атты жыр жинағымен қа­тар бүр жарыпты. Қолына шайырдың таң­дамалы өлеңдері түскен сәтте қырыққа та­қаған шопанның махаббаты оянады ғой, шіркін! Жүректің жасы он сегіз екенін кім білген?!

Мұның бәрі о баста көршінің қызы оқу бітіріп келген кезден басталған. Қаланың қызу тіршілігіне араласқан жанның талғамы басқа болуы заңдылық. Әрбірден соң әкесіндей адамды қайтсін? Шопанның серігі болғанша шопырдың көлігінде отырған мың есе артық десетін қалжақ жеңгейлеріміздің ұраны да көз байлап тұр. Сөйтіп Тұмаш сұлуға сезімін жеткізудің жөнін таппай жүрісінен жаңылады. Бақташылықтан бас тартады. Өзі туған перзентіндей жақсы көріп, күтіп-баптаған жарау жылқысына мінуге де зауқы соқпайды. Әшейінде қолы қалт етсе заулай жөнелетін. Іші құсаға то­лып, үйінен екі елі аттап баспайды. Бол­масты көксегеніне жолдас-жорасы өкпелі. Ауыл жұрты да оны ойлап, біраз әбігерге салынады. Алайда Тұмаш жан жарасын Тұманбай ақынның жырымен жазып жүреді.

Бір күні кеште ауласын сыпырып жүрген Күлтай бөгде дауысты естігенде елең ете қа­­лады. Қоңыр үн құлағына майдай жақса керек.

Сүйеді екем, сүйеді екем сені мен,

Артық көріп көктемінің лебінен.

Сен туралы жырлайды екен құс біткен,

Махаббатты алып ұшып көгімен.

Жеңіл ғана сенің аяқ басқаның,

Ұқсамайды жүрісіне басқаның.

Сенің жайлап үн шығармай күлгенің,

Ұқсамайды күлкісіне басқаның.

 Міне, ғажап! Өзінің ең сүйікті ақынының ең керемет өлеңінің бірін сыртта біреу тамылжытып айтуда. Шыдай алмай сыпырғышын тастай сала соңғы шумақтарына қосыла кетеді.

Сен өзіңсің, сен сезімсің мендегі,

Күмбірлетіп жіберетін кеудені.

Домбыраның құлақ күйін келтіріп,

Шертпегенің, тартпағаның жөн бе еді?

Не керек, қыз тамсанған қоңыр үннің иесі белгілі шопан болып шығады. Бұл қылығына қызара бөрткен Күлтай қайтсін, сасқанынан үйіне қаша жөнеледі. Тұмаш мұндай жағдайға тап боларын аңдамағаны анық. Тосылып қалып, тоқтатуға оқталады. Әйткенмен, қыз қымсынып тысқа шықпай, апта бойы көзіне түспей жүреді.

Күлтайдың бұл әсерлі өлеңге қызыға­тындай-ақ бар. Себебі дипломдық жұмысын осы туындының аясында жазған болатын. Тақырыбы да үйлесіп тұр. «Шақырады жаз мені». Жазды аңсап ауылға жеткенде, алдынан жүрегінің жартысы шығатынын екі ұйықтаса да түсіне кірмеген болар. Жасы­нан әдебиет сабағын сүйіп тындайтын жет­кіншектің өлең дегенде шығар жаны бөлек. Әсіресе қазақтың біртуар ақынын, классик Тұманбай Молдағалиевті жастанып оқиды. Тіпті өскенде ақын жігітке тұрмысқа шығамын деп те армандаған. Бұл оның «Мазасыз махаббат», «Көктем», «Қыз сағынышы», «Жаңбыр» секілді жырларынан туған балаң ойының бірі. Кейінірек сол боя­масыз қиялы есіне түскенде, еріксіз күліп жіберетін. Сол үшін достарымен де талай рет дауласқан. Тұманбайдың өлеңін жатқа білмейтін жанкүйерлерін бірнеше мәрте бетін қайтарады. Құрбылары оны сол себепті де сөгіп, жазғыратын. Мұнысы қатарластарына ақынға деген, өлеңге деген сүйіспеншілігін осылай көрсетуге тырысқаны еді.

Тұмаштың кеудесіне бір үміт ұялағандай болды. Қорасын көлбей орналасқан көр­ші терезесін айналшықтап, сәріден сам жамырағанша күнұзақ жыр оқиды. Жүй­рігіне шөп салып жатып, жүрегін жау­ла­ған арудың атын атап, ән айтатыны да бар. Біресе балаша шаттанып, біресе Мәж­нүнше күрсінеді. Кейде оған әйнектің бір бұрышынан  ынтықтырған мойыл көздер тағатсыз тағы да айта түсші дегендей болып көрінетін.

Қоңырқай күздің аспаны,

Бүркенді бұлтты қап-қара.

Нажағай ойнай бастады –

Маңайда, алыс жақта да.

Жасыл от көкте жарқылдап,

Жылата берді күз күнін.

Ауылда малшы жақындап,

Атының тартты тізгінін.

Толастар емес ал мұнда,

Басталған жаңбыр бағана,

Маңдайын тосып жаңбырға

Шопан дос жүр-ау далада, – деп «Күзгі жаңбырды» тебіреніп оқығанда, періште қыз терезе пердесін түре қарайтын. Асылы бұл шумақтар жігіт өмірбаянының жырдағы суреті сияқты көрінетін оған.

Бірде Тұмаш қалаға Тұманбай Молдаға­лиевтің қалған кітаптарын сатып алуға сапарлайды. Алмалы қаланың шырайына тәнті болып, ағайын-туыстарының үйінде бір апта жатып қалса керек. Күлтай шыдай алмай ауылдың кішкентай бұзықтарынан қайда жүргенін сұрап, жақтауға есімін ойып жазады. Оны келгеннен кейін тәттіге сатылған бүлдіршіндер айтып береді-міс. Содан әрі інісін сылтауратып екеуі оңаша жолығып тұрады. Ессіз ғашық Тұмаш Күл­тайға ұзын жолдың арғы бетіндегі үлкен төбені айнала өлең оқиды. Айнала тынышталып, ай манаурағанда сол маңда кездеседі. Қызығы, күн найза бойы көтерілгенше шөл даланы өлеңмен сусындататын болған. Тау көрмеген ауыл жұрты қос ғашықты та­быс­тырған ақынның құрметіне құмықты «Тұман­бай тауы» деп атап кеткен екен. Бо­ла­шақ ұрпақ қаужалар жырдың қамбасы санаса керек.

Осы күні қариялармыз: «Жас кезімізде Тұманбайдың бір өлеңін арнап апаларыңды алып қашқанбыз», деп көсіле сөйлейтін әде­ті. Рас, өтірігін әжемізден сұрасақ бас изе­геннен басқа ештеңе демейді. Ал неме­ре­лерінің алғырлығын қанша туындысын жатқа білетінімен сынап, келешегіне ба­ғыт-бағдар береді. Жиында не дастарқан басында: «Ана шалдың баласы 300 жырын жаңылмай жатқа соғады екен», «Біздің бала 2 поэмасын мүдірмей әспеттеп айтып береді», деп әңгімеге арқау етіп отырады.

Жыл сайын ақынның туған күніне орай әлгі таудың етегінде жыр додасы ұйым­дас­тырылады. Топ жарған талапкерлер жыл бойына мектептен тегін түстенеді. Өнер­паздар сөзіне жазылған әндерді орындап, көпшіліктің алғыс-батасын алады. Бұл дәс­түрге айналған дүниелер.  Ешқашан жібін үзген емес.

Иә, таулар бар бізде талқаны шыққан, болса да биік өлшемі. Таулар бар бізде арқалы бұлттан, өз тұрқымен еңселі. Тұманбай тауы бүгінде өз тұрпатымен заңғар көрінеді. Дәуір аунаса да, тамшы уақыт таптамасы анық. Өйткені Тұманбай Молдағалиев Жа­ра­тушысы таудай талап, ұлы арман берген, халқының озық қасиеттерінен нәр алған жүрегі үлкен талант. Мұрасы да сондай ізгі. Ақынды сағынсаңыз, ойланбай Тұман тауы­на келіңіз.