Президент • 09 Маусым, 2020

Президент Ирландия Премьер-Министрімен телефон арқылы сөйлесті

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ирландия Премьер-Министрі Лео Варадкармен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Egemen.kz хабарлайды.

Президент Ирландия Премьер-Министрімен телефон арқылы сөйлесті

Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың келешегі талқыланды. Тараптар іскерлік байланыстарды күшейтуге және ауылшаруашылығы, жоғары технологиялар мен инновациялар салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделілік білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев және Лео Варадкар халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер қозғады, оның ішінде,  БҰҰ және басқа да көпжақты құрылымдар алаңында Қазақстан мен Ирландияның өзара әрекеттесуі жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті тұрақты дамыту мен ілгерілетуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Тараптар коронавирус індетінің таралуына ерекше тоқталды. Қазақстан Президенті және Ирландияның Премьер-Министрі екі елдің пандемияның кері салдарын жеңілдету бойынша кешенді шаралар, оның ішінде, тұрғындардың аз қамтылған топтарын қолдау және дағдарыстан кейінгі кезеңде іскерлік белсенділікті ынталандыру жұмыстарын жоғары бағалады.

Телефон арқылы сөйлесуге Лео Варадкар бастамашы болды.