Спорт • 10 Маусым, 2020

Лас-Вегастағы MGM Grand аренасында кәсіпқой бокс кеші өтті

954 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы MGM Grand аренасында кәсіпқой бокс кеші өтті. Бұл – пандемияға байланысты үш айға созылған үзілістен кейін алғаш рет ұйымдастырылған дүбірлі дода.

Лас-Вегастағы MGM Grand аренасында кәсіпқой бокс кеші өтті

Үлкен боксты жанкүйерлер де әбден сағынып қалған екен. Лас-Вегастағы жекпе-жектерді жер жаһандағы сан миллион көрермен теледидар арқылы тапжылмай тамашалады. Осы кештің басты бәсекесінде екінші жартылай жеңіл салмақтағы америкалық Шакур Стивенсон мен Пуэрто-Риконың өкілі Феликс Карабайо күш сынасты.

2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс медальді мойнына ілген Нью-Джерси штатының Ньюарк қаласының тумасы кәсіпқойлар арасындағы өз карьерасын 2017 жылдың көктемінде бастады. Сол кезден бері Стивенсон 13 кездесудің барлығын жеңіспен аяқтады. 7 қарсыласын нокаутпен ұтты. Қазіргі кезде ол WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып отыр. Қарсыласы 26 жаста. Карабайо 16 рет рингке көтеріліп, 13 мәрте жеңіске жетті. 9 бәсекеде айқын басымдық танытты. 1 рет ұтылып, екі кездесуде тең есеп тіркелді.

Қос мықты арасындағы сайыста Шакур Стивенсонның үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Бәсекенің басынан аяғына дейін тізгінді бермеген АҚШ боксшысы алтыншы раундта Феликс Карабайоны екі мәрте бүйірден оңдармай ұрып, нокаутқа жіберді.