Аймақтар • 10 Маусым, 2020

Жамбыл облысында бірнеше ауылға ауыз су мен газ жетеді

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысының тұрғындарын ауызсу және газбен қамту өзекті мәселелердің бірі. Аталған мәселеге орай, облыстық әкімдікте жиын өтіп, ауыз су және газ тарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбыл облысында бірнеше ауылға ауыз су мен газ жетеді

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс елдімекендерінің 57,8 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Сонымен қатар, 2023 жылы өңір тұрғындарын толықтай ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған. Ағымдағы жылы өңірде 17,4 миллиард теңгеге 50 сумен жабдықтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 34 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тиісті қаржы "Өңірлерді дамыту" және "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламалары аясында қарастырылған. Сонымен қатар, сумен жабдықтау нысандарының басым бөлігі Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарында салынатын болады. Сондай-ақ, 2021-2023 жылдары 84 елдімекенге жүздеген шақырым су құбыры тартылып, нәтижесінде облыстың барлық тұрғындары толықтай таза ауыз суға қол жеткізеді. Бұл орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жоспар-кестеде белгіленген мерзімнен қалыс қалмау үшін Тараз қаласы мен Меркі, Шу және Қордай аудандарының әкімдеріне мердігерлермен мәселелерді шешіп, жобалық-сметалық құжаттарды уақытылы дайындауды тапсырды.

Бүгінгі таңда ауылдарды газдандыруға облыстық және республикалық бюджеттен, соның ішінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында тиісті қаражат қарастырылуда. Нәтижесінде барлығы 84 ауыл газдандырылатын болады. Сонымен қатар, биыл 30 ауыл көгілдір отынмен қамтылады. Бүгінгі таңда облыстағы 377 елді мекеннің 192-сіне табиғи газ құбыры тартылған. Бұл 51 пайызды құрайды.

"Еліміздің барлық тұрғындарының таза ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз ету және газдандыруды жүргізу маңызды басымдықтар болып табылады. Бұл бағыттағы көрсеткіштер жаман емес. Ендігі міндет – жұмыс қарқынын төмендетуге әкелетін олқылықтарға жол бермеу керек. Жауапты орындар барлық үйлердің газ құбыры мен су жүйесіне қосылуын қамтамасыз етуі тиіс", деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, ол инженерлік инфрақұрылым жүйелі түрде дамуы қажеттігін, тұрғындар жолдар ретке келтірілгеннен кейін жерасты инженерлік желілерін жөндеу үшін көп уақыт өтпей қайта қазылып, бұзылатынына жиі шағымданып отырғанын, сондықтан да барлық жұмыстар қатар атқарылуы керек екенін атап өтті.

 

Жамбыл облысы