Саясат • 11 Маусым, 2020

Сыбайластықты жою – әділеттікке бастар жол

212 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ізгілікті қоғамның ірге­сі әділдіктің салтанат құруымен бекиді. Тура­лықты ту еткен Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған әуелден басымдық бе­ріп, Сайлауалды тұғыр­намасына ұстын болған үш ұстанымының бірі әділдік деп атады. Ал оған бастайтын қадам – жемқорлықты түп-тамырымен жою. Президент ел тізгінін ұста­ғаннан кейін халыққа берген уәдесіне берік болатынын айтып, ұлықтау рә­сімінде он негізгі бағытты бел­гіледі. Соның қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар назарға алынды.

Сыбайластықты жою – әділеттікке бастар жол

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде мәлімдеген маңызды басым­дықтың барлығы Сайлауалды бағдарламасымен сабақтасады. Онда аталған он негізгі бағыттың екіншісі сыбайлас жемқорлықты жою болды. «Бірінші қыркүйекке дейін жем­­қорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жал­пы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүр­гіземіз», деді Мемлекет басшысы.

Осы бағыттағы іс-шараларды кү­шейту үшін Президент Жарлы­ғымен Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі өз алдына агент­­тік ре­тінде қайта құрылды. Оның төрағасы болып тағайындалған Алик Шпекбаев агенттік қайта құ­рыл­­ғаннан кейін идеологиясы мен жұмыс тәсілдері де өзгергенін, сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл саласында әділдік, сенім және пара­сат құндылықтарына негіздел­ген түбе­гейлі бетбұрыс жасап жатқан­дарын айтты.

Жаңадан іске кіріскен агенттік сыбайлас жемқорлыққа бейім келетін салалардың салдарымен арнайы күресу үшін дербес департаменттер құрды. Соның бірі квазимемлекеттік секторға арналды. Өйткені бұл салада бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы, орынсыз қолданылуы сияқты олқылықтар көп еді. Бұ­ған қоса құқық қорғау саласы да жем­қорлықпен жиі шатылатын. Сондықтан бұл департамент квази­мемлекеттік сектордағы, құқық қор­ғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анық­тау және жолын кесу міндеттерін іске асырады. Оның құзыретіне құ­қық қорғау және сот саласының меке­мелері, сондай-ақ аудандық құры­лымдарға қоса республикалық және облыстық деңгейдегі 155 мекеме кіреді. Барлық облыс пен рес­публи­ка­лық маңызы бар қалаларда ор­на­ласқан еншілес компания­ларды қоспағанда, квазимемлекеттік сек­тордың 58 шаруашылық субъектісі бар. Сектордың қаржылық айналымы елдің ішкі жалпы өнімінің 59%-дан ас­тамын құрайды.

Жемқорлықпен жүйелі күресті жол­ға қою үшін бұл бағыттағы іс-қимылды заңнамалық тұрғыдан да күшейтуге мән берілді. Президент халыққа Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті орган­дар­дың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына кел­тіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс. Сы­байлас жемқорлыққа қатысты қыл­мыс жасалған мекеменің бірінші бас­шысының жауапкершілігін заң­намалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек», деген еді.

Өткен жылы 26 қарашада Мем­лекет басшысы Қазақстан Респуб­ликасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына бағынышты қызмет­керлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзу­шылықтары үшін басшылардың дербес жауапкершілігін қарастырған заңнамалық түзетулер пакетіне қол қойды. Заңның жаңа редакциясына сәйкес саяси басшының өз қызметін до­ғаруға өтініш беруінің бас­ты шар­ты – оған тікелей бағынышты қыз­­меткерге қатысты заңды күшіне ен­­ген соттың айыптау үкімі болуы не­месе ақталмайтын негіздер бо­йын­­ша қылмыстық істі тоқтату тура­лы ше­шімнің қабылдануы. Бас­шы­ның жұмыстан кетуге өтініш бе­ретін мер­зімі – 10 күнтізбелік күн. Екін­ші шарт – тікелей бағынышты қызметкер жаса­ған қылмыс басшы саяси лауазымға тағайындалған күнінен бастап 3 ай өткеннен кейін жасалуы. «Қызметтен кету» түсінігі тек саяси қызметшілерге қатысты қолданылады. Жұмыстан кетуді қа­былдау немесе қабылдамау саяси мем­лекеттік қыз­мет­шіні тағайын­даған тұлғаның құзы­ретінде.

Сонымен қатар былтыр 30 жел­тоқсанда Президент «Қазақстан Рес­­публикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы ГРЕКО және бағалаушы топтар мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келі­сімді ратификациялау туралы» заң­ға қол қойып, Қазақстан аталған ұйым­ның 50-інші мүшесі болып танылды. Бұл мүшелік Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын халықаралық сарапшылардың объективті бағалауына жол ашады. Сондай-ақ келешекте Еуропа елде­рімен құқықтық көмек көрсету, қыл­мыскерлерді экстрадициялау және олардың заңсыз иемденген мүлік­терін қайтару мәселелеріндегі ынты­мақ­тастықты нығайтуға септігін ти­гізеді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында белсен­ді жұмыс атқарылып жатыр. Енді агенттік төрағасы азаматтар­ды бұрынғыдай ай сайын емес, ап­та сайын қабылдайды. Ал оның орын­басарлары мен аумақтық депар­таменттердің басшыларына жұрт күн сайын жүгіне алады. Нәти­же­сінде, басшылыққа талап-тілегін жеткізгендердің саны 3 есе артып, ше­шіл­ген мәселелер 1,3 есе өсті.

Бұған қоса әлеуметтік желілерде аза­маттардың сын-ескертпелеріне дер кезінде ден қойылып, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы саясат кеңінен түсін­дірілуде. 15 өңірде Аntikor ortalygy сервистік орталықтары ашылды. Жа­қын арада мұндай орта­лық қалған 2 өңір­де жұмысын бас­тайды.

Барлық өңірде үш тілде «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы іске қосылды. 2020 жылдан бас­тап онда 3,5 трлн теңгеден аса сомада мемлекеттік мекемелердің бюд­жеттері ашық көрсетілген. Жалпы 2019 жылдан бастап 7,5 трлн сомасында мемлекеттік мекемелердің бюд­­жеті жарияланған.

Тәулік бойы сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларды қабылдайтын 1424 Call-орталығы жұмыс істейді. Осында түсетін қоңыраулар саны 353-тен 988-ге дейін өсіп, сол бойынша 32-ден 66-ға дейін іс тергеледі. Аза­маттардың бұл белсенділігінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет­ке сенімнің артқанын байқауға болады.

Жемқорлықтың алдын алу жұ­мыс­тары да белсенді қолға алынып жатыр. Сыбайлас жемқорлық тәуе­келдеріне 287 сыртқы талдау жүр­гізіліп, 257 мониторинг жасалды. Сол бойынша 2 616 ұсыныс қара­лып, нәтижесінде 860-тан аса ұйым­дастыру шаралары қабылданды, 63 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілді.

«Сатып алулардың бірыңғай тере­зесі» ақпараттық жүйесі жүргіз­ген талдау бойынша агенттік жалпы сомасы 2 млрд теңгеге жуық тауарлар мен қызметтерді сатып алу бағасын оңтайландырды. Осы жоба іске қо­сыл­ғаннан бері, яғни 2019 жылдың қа­раша айынан бастап шамамен 2,8 млрд теңге үнемделді.

Мемлекеттік органдардағы қыл­мыс­тық істерді тергеу нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою ту­ралы 3 778 ұсыныс енгізілді. Жауап­кершілікке тартылған лауазым­ды тұлғалар саны – 1 590. Оның 213-і жұ­мыстан босатылды. Дұрыс бақы­ламағаны үшін 648 басшы жазаланды.

Агенттік қайта құрылған сәттен бас­тап сыбайлас жемқорлықпен шатылған 1922 адам әшкере болды. Оның ішінде 40-ы республикалық деңгейдегі, 140-ы – облыстық дең­гейдегі басшы. Бұл мә­лімет 2019 жыл­дың 13 маусымынан 2020 жыл­дың 8 маусымына дейінгі дерек бойынша келтіріліп отыр.

Сонымен қатар сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу бойынша жұмыс күшейтілді. Өткен жылы парамен ұсталған 7 судья сотталды. Биыл тағы Алматы, Шымкент қалаларында және Павлодар облысында 3 судьяның жымысқы әрекеті әшкереленді.

Жалпы, агенттік қабылдаған ке­шенді шаралар оң нәтижелерін бере бастады. Transparency Kazakhstan сауал­дамасы аясында рес­пондент­тердің 54,4%-ы соңғы жыл­дағы сы­байлас жемқорлық дең­гейінің төмен­дегенін атап өтті. Кәсіп­кер­лердің 76%-дан астамы Қазақ­станда парақорлыққа ұрынбай, өз бизнесін дамытуға болады деп санайды. Ал «Талап» қолданбалы зерттеу­лер орталығының жүргізген сауал­дамасында респонденттердің жартысынан көбі соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жағдайдың жақсарғанын айтқан. Бұл сауалдамаға қатысқандардың 3/2 бөлігі сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейе түсті десе, 60,4%-ы бұл жұмысқа өз үлесін қосуға дайын екенін білдірген.