Оқиға • 11 Маусым, 2020

Ғасырдың жүзін көрген жәдігер

958 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мына фото осыдан дәл 90 жыл бұрын Моңғол елінің батыс шебіндегі қазақтар шоғыр қоныстанған Қызылқайың (Ұлан-құс) өлкесінде түсірілген екен. Авторы беймәлім. Суретте бес әйел тұр. Жәдігердің артқы фонына «На память Ташинке Касымовой от Ширетовой» деген жазу оймышталып, «1930 жылы 24 желтоқсан» күні сыйға берілгені таңбаланыпты.

Ғасырдың жүзін көрген жәдігер

Жоғарыдағы жазуды тәпсірлесек: естелік фотоны қабылдаушы Ширетова дегеніміз – 1930 жылдары кеңестік большевиктердің жолдамасымен Моңғол елінің қауіпсіздігі үшін қызмет атқаруға Қобда аймағына кел­ген, түбі керекулік чекист Кенжебек Қоша­новтың әйелі. Ширетованың ұлты – алтай.

Бұл фото қалай табылды? Бұны кездейсоқ тапқан адам – түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы. Қаржекеңді тыңдайық: «1992 жылдың көктемі. Қазақстаннан шығып, Бар­наул арқылы Таулы Алтай қаласына келдім. Күн кешкірді. «Алтай» қонақүйіне келсем, орын жоқ. Қайтерімді білмей, ке­зекші кем­пір­дің қасында омалып отыр едім, ол кісі: «Осы көшемен екі квартал жүр­сең, көлденең орна­ласқан бес қабат сұр­ғылт тұрғын үй тұр. Соның бірінші подъезі 4-қабатында Ши­ретова деген сары­кідір әйел тұрады. Сол кісі бөлмесін жалға береді. Бағасы да қым­­бат емес. Соған барып түнеңіз», деді. Жап-жақын жер екен, жедел жетіп бардым. Кіре­берісте екі әйел әңгі­мелесіп отыр. Олар­дан «Ширетова осын­да тұра ма?» деп сұрап едім олардың бірі: «Оны қайтесіз?» деді. «Жо­лау­шымын, қо­нып шықпақшы едім», дедім.

– Ширетова менмін, – деді жасы жетпісті еңсерген қартаң әйел.

Келістік. Жайғасып болған соң әңгімелес­пей­мін бе, өйткені бұл кісі қазақша жақсы біледі екен. Жас кезінде қазақтар шоғыр қоныстанған Қосағаш ауданында қызмет атқарыпты. Менің моңғол қазағы екенімді білген соң: «Сен Кенжебек дегенді естідің бе?» дегені. Анам марқұм «Кенжебек айдаған жыл», дейтін зобалаңды үнемі айтып отыратын, сол есіме түсіп: «Иә, естуім бар», дедім. Содан Ширетова әңгіменің тиегін ағытты: «Ол кісі менің туған жездем болады, – деді. – Апайыма үйленген. Ол кісі қайтыс болды. Нина деген жалғыз қызы бар еді, ол осында тұрып жатыр. Жездемді 1934 жылы Моңғолияда тап жаулары өлтіріп кеткен. Сүйегі Қобда қаласының шетінде жерленіпті. 1960 жылы апайым екеуміз барып көрдік» депті.

Қаржекең аң-таң. Қобда беті қазақтары үшін аты өшпестей тарихта қалған Кенжебек Рүстембекович Кошановтың балдызымен жолығам деген ой түсіне де кірмеген шы­ғар. Сонымен таңертең тұрып, шай ішіп аттанарға таяғанда үй иесі Қаржекеңе мы­на фотоны ұстатпай ма: «Бұндағы адам­дардың бәрі моңғолиялық әйелдер. Апам­нан қалған көз еді. Енді бұның маған қажеті болмас, еліңе апар», деп аманаттайды.

Ақыры бұл фотоны Қаржаубай ағам: «Сен Қобда беті қазақтарының тарихымен айналысып жүрсің ғой, мә мынаны ал», деп біздің қолға ұстатты. Сол сәттен бастап: «Мұндағы әйел адамдар кім?» деген сұрақ төңірегінде іздеу салып көрдік. Бай-Өлкелік ағайындар фотоны әрі-бері айналдырып қарағанымен, тап басып тани алмады.

Сөйтіп жүргенде 1930 жылдары Моң­ғолия қазақтарына жаңа низам саясатын наси­хаттауға барған КИМ өкілі өскемендік қазақ Шәріп Өтеповтің күнделігін көріп қал­дық. Осындағы жазбада 1930 жылы Қызыл­қайыңда Мәскеудің арнайы тапсырмасымен келген коминтерн өкілі Абай Қасымов, өзі және моңғолиялық алғашқы коммунист Түркістан Байжүнісұлы үшеуі фотоға түскені жайлы айтыпты. Демек мына фото да сол кезде түсірілді деген сөз.

Суреттегі адамдарға келетін болсақ, орта­да тұрған Ташинке Мірқасымқызы. Яғни Қоб­да беті қазақтарына коммунизм идеясын тарату үшін арнайы келген коминтерн өкілі А.Қасымовтың жұбайы. Қалғандары алғаш Қобда бетінде Ақбалшық деген жерде құрылған Қызыл отау мүшелері: (оң жақтан) Күміс Белдемшеқызы, Әлипа Сүгірқызы, Тұқи Нұрмыхатқызы, Күлән Серік­байқызы. Бұған ешқандай күмән жоқ. Өйт­кені осы бес әйел бірігіп фотоға түскені жай­лы Ш.Өтеповтің күнделігінде анық ай­тылған.

Бүгінде бұлардың бәрі өмірде жоқ. Та­шин­ке Абаевна 1948 жылы Семей облысы Бесқарағай ауылында қайтыс болса, қалған апалармыз өз кезегімен бақидың бесігінде тербеліп жатыр.

Бұл фото Таулы Алтайға қалай барып жүр дегенге тоқталсақ: оған жоғарыдағы «На па­­мять Ташинке Касымовой от Ширетовой» деген жазуды дәлелге тарта отырып, айтпа­ғымыз: аталған жәдігерді Абай Қасымовтың жұбайы Ташинке құрбысы Ширетоваға естелік ретінде берген. Ширетова күйеуі Кенжебек Қобда бетінде өлген соң Таулы Алтай қаласына барып, төркін жұртын паналап осы қалада тұрақтап қалған.

Ал қалған апаларды бір-бірлеп таныс­тырсақ: оң жақта шетте тұрған Күміс Белдем­шеқызы. Ақбалшықтан алғаш шыққан жаңа заман жаршыларының бірі. Тұлба сұ­мын бастығы бола тұрып ату жазасына бұйы­рылған Түркістан Байжүнісұлының жұбайы. Бұл әйел Абай мен Ташинке Қобда бетіне келгенде баласы шетінеген соң, туған қызы Оңал­ханды оларға бала қылып берген адам. Бұл оқиға туралы «Egemen Qazaqstan» газе­тінің 16 сәуір күнгі санында жарияланған «Қырық жылдан кейін табылған қыз» атты жазбада толық баяндалған.

Оң жақтан екінші әйел – Әлипа Сүгірқызы. Бұл апамыз 1983 жылы Бай-Өлке аймағының Ногоннор ауылында қайтыс болыпты.

Үшінші адам – Тұқи Нұрмыхатқызы ал­ғашқы Қызыл отаудың меңгерушісі болған тарихи тұлға, сонымен қатар қазақтан шық­қан тұңғыш генерал Жайсаныптың анасы есебіндегі адам.

Төртінші әйел – Күлән Серікбайқызы. Қобда бетінде алғаш құрылған партия ұясы­ның бастығы болған Оспан Кітапбайұлының зайыбы. Күйеуі Оспан 1938 жылы ұсталып, атылған.

Егер де таратып-тарқатып айтар болсақ, бұл әйелдердің тағдыры өз алдына үлкен тарих.