Қалада өсіп, жастық шағының көбісін шетелдерде өткізген суретші қазақы ортадан қашықтау өскенін жасырмайды. «Мектепте оқып жүргенімде, студенттік кезімде, тіпті одан кейін де Владимир Высоцкийдің табынушысы болмадым. Бірақ бірде әншінің портретін салуға тапсырыс алдым да, оның әндерін тыңдай отырып, өзім үшін Высоцкийдің таңғажайып әлемін аштым», дейді ол.
Кейін кеңес заманындағы аты аңызға айналған эстрада әншісі Мүслім Магомаевтың суретін салғанда да, дәл осындай күйге түсіпті.
Осы жылдың басында қылқалам шебері Ескендір Хасанғалиевтің портретін салуға тапсырыс алыпты. «Сыйлыққа арналған картинамен жұмыс істеу барысында мен мэтрдің әндерін тыңдай отырып, бұл мелодияның әр кез менің жанымда болғанын сезіндім. Мен балалық шағыма қайтып оралғандай күй кештім. Әрбір ән бала кезімдегі оқиғалардың үзінділерін көз алдыма алып келді: міне, әкем інім екеумізге домбыра тартуды үйретіп жатыр... Келесі бір көрініс: мерекелік дастарқан басында бас қосқан әкемнің достары ән салып отыр, ал анам болса ас үйде қонақтарға шай демдеуде... Біз болсақ, үйді басымызға көтеріп тығылыспақ ойнап жүрміз», деп ой толғайды суретші Қайрат КЭЙ-КЭЙ.
Ал әйгілі «Атамекен» әнін жазған автордың портретіне оның кеншілер астанасында тұратын балдыздарының бірі тапсырыс берген екен. Еске салсақ, әнші-композитор, музыкант, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтің өмірлік қосағы Дарико Сопыжанқызы – Қарағандының тумасы.
ҚАРАҒАНДЫ