Бұл жайында бізге "Алаш Прайд" клубының президенті Данияр Қасқарауов хабарлады. Оның айтуынша, әзірге көпшілік күткен бәсекенің қай жерде және қандай аренада өтетіні анықталған жоқ. "Алдағы жекпе-жектің маңызы жоғары. Себебі, қазіргі кезде Райсовтың даңқы дүркіреп тұр. Ол АСА промоушеніндегі ең үздік спортшылардың бірі. Десек те біздің Артем да осал емес. Соңғы кездері Резников тамаша өнер көрсетіп, қарсы келгендерін қоғадай жапырып келеді. Міне, енді қос мықтының жолығатын күні жақындап келеді", дейді Д.Қасқарауов.
Жоғарыда есімдері аталған жеңіл салмақтағы қос спортшыны жақынырақ таныстыратын болсақ, Юсуф Раисов 25 жаста. Чешенстанның Грозный қаласының тумасы аралас жекпе-жектен 17 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана ұтылды. 2016 жылдың 18 желтоқсанында Санкт-Петербургте Марат Балаевқа есе жіберген болатын. 2018 жылдың 5 мамырында Мәскеуде дәл сол саңлақққа сан соқтырған Юсуф жартылай жеңіл салмақтың чемпиондық белбеуін иеленді. Қазіргі рейтингте Раисов екінші орында тұр.
Артем Резников 28 жаста. Қазақстанның тумасы 22 мәрте октагонға шығып, 16 рет жеңіске жетті. Соңғы рет ол осыдан үш жыл бұрын жеңілістің кермек дәмін татқан болатын. Содан бері қатарынан бес рет өз қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. АСА рейтингінде жерлесіміз алтыншы орынды еншілеуде.