Қоғам • 18 Маусым, 2020

Тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының мән-маңызы

252 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

9 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй бағдар­лама­ларының операторларын қысқарту жөнін­дегі заңға қол қойды. Заң биылғы 1 шіл­деден бастап қолданысқа енеді. Осы орайда, Заңның қолданылу аясы және құрылған Тұрғын үй құрылысының бір­ыңғай операторы туралы түсіндіріп кеткім келеді.

Тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының мән-маңызы

Қазіргі таңда «Бәйтерек» холдин­гінің құра­мында Қазақстанның тұрғын үй құрылысы саласын дамытумен айналысып жатқан төрт еншілес ұйым бар. Атап айтсақ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (ҚТҚЖБ), «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ (ҚИК), «Бәй­терек девелопмент» АҚ (БД), «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ (ТҚКҚ). Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тұрғын үй құрылысымен айналысатын кәсіпкерлердің кредиттері бойынша субсидиялар береді. Бұл түпкі тұтынушылар үшін шаршы метрлердің құнын арзандатуға мүмкіндік береді.

Заңға сәйкес, «Бәйтерек» холдингінің үш еншілес ұйымы (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін қоспағанда) Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына бірік­тіріледі. «Даму» қорының құрылыс салушыларды субсидиялау функциясы да Бірыңғай операторға беріледі. Бұл ретте, Тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкі елдегі тұрғын үй-құ­рылыс жинақ жүйесін дамытушы жал­ғыз банк ретінде халыққа жеңіл­дікпен тұр­ғын үй несиелерін беру функциясын өзі жал­ғастырады.

Бірінші кезекте Бірыңғай оператор­дың құра­мына БД мен ҚИК кіреді. Жыл соңына дейін ТҚКҚ-ны қосу процесі аяқталады. 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап Бірыңғай оператор құрылыс салу­шыларға субсидия берумен де айналысатын болады.

Бастапқы кезеңде, уәкілетті органдар – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Ұлттық банктің лицен­­зиясы негізінде Бірыңғай оператор әкімдіктерде кезекте тұрғандар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысын қаржыландыру, үлескерлік құрылыстың аяқталуына кепілдік беру, жеке құрылыс салушылардың кре­диттерін субсидиялау, меншікті инвестициялық жобаларды іске асыру және қаржылық қызметтің өзге де түрлерін көрсету функцияларын жүзеге асырады.

Бұл шаралар «Бәйтерек» холдингінің «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын барынша тиім­ді іске асыруына және син­­га­пур­лық Тұрғын үй құрылысы мен даму кеңесінің (Housing and Development Board) үлгісіне көше бастауға мүм­кін­дік береді. Осы бағыттағы жұмысты шетелдік әріп­тесі­міз Singapore Cooperation Enterprise ком­паниясымен бірге жүргізудеміз. Ашып айт­сақ, болашақта Бірыңғай оператор қа­жетті инженерлік, әлеуметтік және коммер­циялық инфрақұрылымы бар тұрғын үй­ді жаппай салу мәселесін кешенді түрде шешуі тиіс болады. Сонымен қатар құры­лыс нысандарына коммуникацияны уақ­тылы тартуға ерекше көңіл бөлінуі тиіс, өйткені оларсыз халыққа тұрғын үйді сату мүмкін емес. Біз бұған міндетті түрде қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігімен бірге нормативтік-құқықтық базаны жаңа Заңға сәйкес бейімдеу жұмыстарын жүргі­зудеміз. Аталған жұмыс келесі тоқсанда аяқталмақшы, ал қыркүйек айының соңына дейін қалған корпоративтік рәсімдер аяқ­талып, құжаттар әділет органдарына жіберіледі.

Бірыңғай операторды құру үшін республикалық бюджеттен немесе «Бәйтерек» холдингінен қо­сымша қаражат бөлу қажет емес. Қызметтің тұр­ғын үй бөлігін оңтайландыру әкімшілік шы­ғыс­тарды кемінде 40%-дан астам қысқартуға мүм­кіндік береді. Еншілес компаниялардың штат саны да азаяды, ал басқару аппараты 3 еседей қыс­қарады. Алайда еліміздің әр өңірінде Бірыңғай опе­ратордың өкілдері болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің базасында даму және қолдау институты – «Отбасы банкі» құрылмақшы. Ол тұрғын үйді есепке алуды, кезекке қоюды және оны бөлуді бір орталықтан жүзеге асырады. Қолданыстағы кезектілік жүйесі әкімдіктерден «Отбасы банкіне» беріледі, ол үйі жоқ отбасыларға арналған «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады.

Осылайша, «Бәйтерек» холдингінің тұрғын үй блогы халықты қолжетімді тұрғын үймен қамта­масыз ететін қа­ра­пайым әрі тұйықталған тізбекті құрады, яғни:

– Бірыңғай оператор құрылысты қаржы­ландыру арқылы қолжетімді тұрғын үй ұсынуды қамтамасыз етеді;

– «Отбасы банкі» жеңілдетілген тұрғын үй қарыздары арқылы жұмысы бар азаматтар тарапынан сұраныстың болуына жағдай жасайды. 

 

Әнуар ОМАРҚОЖАЕВ,

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары

 

Соңғы жаңалықтар