Аймақтар • 18 Маусым, 2020

СҚО-да марихуана тасымалдап жүрген жүргізуші ұсталды

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта алкоголь мен есірткіні бойларына алатын жүргізушілер жол үстінде артып келеді. Бұл өзекті проблемалардың біріне айналып отыр. Олар өздеріне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіреді. Осындай жәйттердің бірі “Қарасора-2020” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде тәртіп сақшылары Петропавл қаласынан шығып келе жатқан автокөлікті тексеру кезінде орын алды, - деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

СҚО-да марихуана тасымалдап жүрген жүргізуші ұсталды

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское ауылының бірнеше мәрте істі болған тұрғынын ұстады. “BMW” автокөлігінің 43 жастағы жүргізушісі көлік салонында үш жолаушыны әкетіп бара жатқан. Көлікті қарау кезінде шынтаққойғыштың ішінен екі полиэтилен пакетке салынған өсімдік тектес зат алынғанда жолаушылар аң-таң болды. Іздестіру жұмысын есірткі іздеуге машықтанған спаниель ит Буч аяқтады. Сараптама алынған заттың жалпы салмағы 220 грамм есірткі екенін көрсетті. 

Бұдан бөлек, жүргізушіні тексерістен өткізу барысында оның есірткілік масаң күйде екені анықталды. Ол “InDriver ” қосымшасы арқылы екі жолаушыны алмастан бұрын марихуана шеккенін растады. 

Оның айтуынша, ол марихуананы екі жыл бойы қолданып келеді екен. 

СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Иван Терзидидің сөзінше, жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсталған адам Петропавл қаласының сотымен 15 тәулікке қамаққа алынып, көлік басқару құқығынан жеті жылға айырылды. Бұл солтүстік қазақстандық сақшылардың көлікті есірткілік масаң күйде жүргізген жүргізушілерді ұстауының төртінші фактісі.