Үкімет • 18 Маусым, 2020

Мемлекеттік комиссия бизнесті қолдаудың қосымша шараларын қарастырды

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Президент жанындағы Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Бизнесті қолдау мәселелері және жаңа экономикалық бағытты қалыптастыру тәсілдері қаралды, - деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Мемлекеттік комиссия бизнесті қолдаудың қосымша шараларын қарастырды

Өзекті мәселелер бойынша еліміздің барлық өңіріндегі бизнес өкілдерінен келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу қорытындылары егжей-тегжейлі талқыланды.

Бизнесті қолдау жөніндегі қосымша шаралар 41 іс-шараны қамтиды және сатып алуды, қазақстандық қамтуды, ауыл шаруашылығы техникасының лизингін, несиелерді қайта қаржыландыру мүмкіндіктерін, тауарларды экспортқа ілгерілету мен рәсімдерді оңайлатуды қоса алғанда, кәсіпкерліктің қазіргі мәселелерін шешуге бағытталған.

Орта мерзімді перспективаға арналған жаңа экономикалық бағытты қалыптастыру тәсілдері таныстырылды. Экономиканы индустрияландыру, инвестиция тарту, шикізаттық емес экспортты ұлғайту, сапалы цифрландыру, инфрақұрылымды, адами капиталды дамыту және өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша негізгі бағыттар қаралды.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға ұсынылған тәсілдерді қарап, Мемлекеттік комиссияның қарауына Стратегиялық жоспар жобасына шоғырландырылған позицияны енгізуді тапсырды.