Білім • 18 Маусым, 2020

Тәрбиешілердің терезесі теңесті

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасының (PISA) зерттеуіне сәйкес, мектепке дейінгі білімі жоқ оқушылар мектепте нашар және құрдастарынан бір курстан аса уақытқа артта қалады. Себебі педагогикалық ғылымда адам миының 85%-ы 5 жасқа дейін дамитыны түрлі ғалымдардың зерттеулері мен еңбектері арқылы дәлелденген. Осы тұрғыда министрліктің балаларды ерте жастан дамытуға ерекше мән бергені қуантады. Бұл бағыттың Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына енгізіліп, іске асырылып, нақты нәтижелердің көріне бастауы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қызметіне кіріскен уақытымен тұспа-тұс келгенінін атап өту керек.

Тәрбиешілердің терезесі теңесті

Өзім - педагогпін әрі анамын. Осы ретте биыл педагогтердің балаларына балабақшадан бірінші ретте орын берілетін шешімнің шығарылғанына дән ризамын. Шын мәнінде жұмысқа уақытында шыққымыз келгенімен, баламызды беретін балабақша мәселесі, ондағы орын табу жайы үлкен кедергі тудыратыны түсінікті. Енді бұл заңмен реттелді, мұның өзін педагогке жасалған әлеуметтік демеу деуге болады.

Бұған дейін мектеп мұғалімдері ғана біліктілік санатына сәйкес жалақысына қосымша үстемеақы алатын. Ал мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері арнайы аттестациядан өтіп, білікті екенін дәлелдесе де санатына қосымша үстемеақы алмайтын. Міне, биылдан бастап, білігімізге қарай еңбекақымыздың көлемін арттыруға мүмкіндік беріліп отыр. Осылайша көңіл бөлінген педагог қауымның қатарына қосылып, мұғалімдермен тәрбиешілердің терезесі теңесті.

Малика ӘБДІРАЗАҚОВА,

Бірлік ауылындағы 102 орта мектебі жанынан ашылған "Күнекей" шағын орталығының тәрбиешісі

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы