Спорт • 18 Маусым, 2020

Аралас жекпе-жек: Шілдеде үш жерлесіміз айқасады

667 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресейлік АСА промоушені шілде айында аралас жекпе-жектен екі бірдей дүбірлі дода ұйымдастыруды көздеп отыр. Әзірге бұл жарыстардың қай елде және қай қала өтетіні белгісіз. Біздің білетініміз, айтулы турнирде Қазақстанның үш бірдей өрені өнер көрсетеді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Аралас жекпе-жек: Шілдеде үш жерлесіміз айқасады

14 шілдеде өтетін АСА 106 турнирінің негізгі жекпе-жектерінің бірінде Қазақстанның туы астында 31 жастағы танымал спортшы Георгий Кичигин өнер көрсетеді. 77 кило салмақта күш сынасып жүрген ол осы күнге дейін 29 кездесу өткізіп, 23 рет жеңіске жетті. 20 бәсекеде айқын басымдық танытты. Жерлесіміз ресейлік Магомедсайгид Әлібековпен айқасады. Дағыстанның түлегі 11 кездесудің тек біреуінде ғана ұтылды.  

Ал 24 шілдеде жалауы желбірейтін жарыста Қазақстанның қос қыраны күш сынасады. Олар – Қаршыға Дауытбек пен Евгений Егембердиев. Екеуі де Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін "Алаш Прайд" клубының өкілдері. 66 кило салмақтағы Қаршыға Дауытбек чешенстандық Хассейн Шайхаевпен шеберлік байқасады. Қандасымыз 12 кездесудің 9-ында үстемдік танытса, қарсыласы үш бәсекенің барлығын өз пайдасына шешті.

93 кило салмақтағы Евгений Егембердиев октогонда 13 жекпе-жек өткізіп, екеуінде ғана есе жіберді. Қазіргі кезде ол АСА рейтингінде төртінші орында тұр. Отандастарымздың арасындағы бұл  ең үздік көрсеткіш. Евгений дағыстандық Насрудин Насрудиновпен айқасады. Ол 8 бәсекенің барлығында қарсыластарының осал тұсын тапты.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстанның қос өкілі өнер көрсететін  турнирдің басты жекпе-жегінде атышулы Александр Емельяненко мен Магомед Исмаилов жұдырықтасады. Бұл спортшылардың екеуінің де атағы алысқа жайылған. Таяу күндері 39 жасқа толғалы отырған Емельяненко кезінде Жапонияның "Прайд" промоушенінде елеулі табыстарға қол жеткізді. Кезінде ол Павел Настула, Джеймс Томпсон, Сергей Харитонов, Боб Сапп, Габриэл Гонзага сынды саңлақтарға сан соқтырды. Барлығы 36 кездесу өткізген ресейлік спортшы 28 рет жеңіс тойын тойлады. 7 рет жеңіліп, тағы бір тартыс тең есеппен аяқталды. Александр даңқты Федор Емельяненконың туған інісі.

34 жастағы Магомед Исмаилов Ресейдің Төменгі Тагил қаласында дүниеге келгенімен, балауса кезінде атан-анасымен бірге Махачкалаға қоныс аударды. Ұлты – авар. Дағсытанда жүріп, жекпе-жек өнерінің сан түрін меңгерді. Ол 18 рет айқас алаңына шығып, сол сайыстардың екеуінде ғана  жеңілістің кермек дәмін татты.        

Соңғы жаңалықтар