Аймақтар • 19 Маусым, 2020

Түркістан облысында алты есірткі алқабы анықталды

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері “Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында алты есірткі алқабы анықтады, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Түркістан облысында алты есірткі алқабы анықталды

Естеріңізге сала кетейік, 1 маусымнан 31 қазанына дейін Түркістан облысының аумағында кең ауқымды “Қарасора” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу, құрамында есірткі бар өсімдіктердің егісін анықтау және жою, есірткі трафигінің жолын кесу, есірткіні сақтаумен және сатумен айналысатын адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды ұстау бойынша мүдделі органдармен және ведомстволармен өзара іс-қимыл жасау болып табылады. 

Осылайша Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесе отырып, шекара маңындағы аумақтарды, таулы және жазық жерлерді, сондай-ақ өзендердің жағалауларын аралап шықты. Отырар ауданының аумағында жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде, Маятас ауылынан 10 шақырым жерде полиция қызметкерлері 30 шаршы метр қарасора есірткі затын анықтады. Жедел уәкілдер заттай дәлелдемелер ретінде құрамында есірткі бар 1200 түп өсімдікті алып, сараптамаға жіберді. 

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері Түркістан қаласының тұрғынын ұстады. Ұсталған күдіктінің үйін тінту кезінде одан құрамында есірткі бар қарасора өсімдігінің ұрығы, таразы және басқа да айғақты заттар тәркіленді. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлімі “Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Одан бөлек, “Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шара барысында Түркістан облысының полицейлері құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған бес егістікті тауып, жойды. Соның нәтижесінде жедел уәкілдер есірткі егетіндерден құрамында есірткісі бар 1000-нан астам түп сора өсімдігін тәркіледі.