Аймақтар • 22 Маусым, 2020

Тиген ауылы тозып барады

1674 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында республикалық бір басылымды шолып отырғанымда «Келешегі жоқ ауыл – болашағы жоқ Қазақстан» деген тақырыппен жазыл­ған мақалаға көзім түсті. Мақаланы оқу барысында менің көз алдымнан, облыс орталығынан шалғайдағы өзімнің туып-өскен ауылым Тиген­нің қазіргі адам аярлықтай жағдайы кинодағыдай тізбектеліп өте берді.

Тиген ауылы тозып барады

Тиген ауылы – Ұлы жолдың бойындағы өз заманына лайықты әлеуметтік жағдайға қажетті пош­та байланысы, мәдениет үйі және кітапханасы мен дәрігерлік амбулаториясы, шағын дүкені мен моншасы бар күбірсіп отырған шағын ауыл еді. Кезінде «Октябрдің 50 жылдығы атындағы» деп аталатын кеңшардың орталығы Шайыр ауылынан елу шақырым қашықтықта орналасып, алпысқа тарта отбасы күнелтіс жасап отырған Тиген ауылы аталмыш шаруашылықтың фермасы болып есептелетін. Ірі қараны қоспағанда 20 мыңдай ұсақ малы бар, мемлекетке үлкен пайда келтіріп отырған ірі шаруашылықтың бір бөлімшесі болатын. Ферма орталығының төңірегі мал жайылысына кең және маңында бірнеше атқылап тұрған артезиан су көздерін пайдаланып салынған бірнеше суармалы егістіктері бар-ды. Ол егістіктерде мал азығына жеткілікті жоңышқа егіліп, сонымен қатар көкөністен мол өнім алынып елге едәуір ырыс болғандығы жалған емес. Ферманы кезінде кө­зін шаруамен ашқан, облысқа бел­гілі ауыл шарушылығы маманы Алпысбай Шүйішов басқарды. Ірі-ірі шаруашылықтарды жекешелендіру басталған жылдары тоз-тозы шығып басына бұлт үйрілген ауылдардың қатарында біздің Тиген ауылы тұрды. Ел тағдырына жүрдім-бардым қараған солақай басшылықтың кесірінен біздің ауыл «келешегі жоқ» делінетін ауылдардың тізіміне енді. Біздің аудан, облыс басшылығынан өтініп сұрағанымыз – ауылда бала саны жеткілікті болғандықтан бір бас­тауыш мектептің керектігі еді, бірақ ол өтінішімізге құлақ асқан бір басшы болмады. Қалай екені белгісіз түтін саны жөнінен біздің ауылмен шамалас Бекі және Тұщыбек ауылдарына мектеп үйі салынып пайдалануға беріліп, біздің ауыл мектебінің құрылысының қазығы сол қағулы күйінде қалды. Аталған екі ауыл, күндегеніміз емес, қазір үлкен елді мекенге айналып, ел іргесі ыдырамастан күнелтіп отыр. Мемлекеттің байлығы адам болатын болса, адамға ең керегі – атамекенінің болашағы, ал оның орнының жермен-жексен болуы олар үшін үлкен қасірет. Бірақ біздің қасіретімізді елеген бір лауазым иесі, бір елдің қалаулысы болған жоқ. Ауылында баласын қарақанат болғанша оқытатын ең болмаса бастауыш мектебі жоқ, әлеуметтік саланың барлық түр­ле­рінен жұрдай болып, құлазыған ауылдағы жұрттың қолынан отырған атамекенін тастай кім қайда, баяғы қуғын-сүргін жылдарындағыдай жөң­кіле көшкеннен басқа келер шара қалмады. Кезінде мамандар мен ферма жұмысшылары үшін салынған үйлер, жылда мол өнім беріп тұрған көкөніс бау-бақ­шалары және кітапхана, клуб, дәрігерлік амбулатория, монша сынды әлеуметтік нысандар – бәрі қаңырап бос адыра қалды. Елдегі сауаты бар ауыл тұрғындарының арызданып бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Бәрінің айтар уәжі бір «Біз білмейміз, бәрін жоғары шешеді», иә, болмаса мәселенің бәрі ғұмыры түбі жеткізбейтін қаржыға келіп тіреледі. Уәделерін үйіп-төгіп беріп кеткен басшының шеті жоқ.

Мәстек қыстағынан өтетін газ құбырын ауылдарыңа жеткізіп беремін деп кезінде уәде берген Маңғыстау ауданының бұрынғы әкімі Жармағанбет Айтуаров қазір облыстық әкімшілікте жоғары лауазымда отыр деп естиміз, жігіттің қызметте өскені бізге қызғаныш емес, бізге елге берген уәденің нәтижесі керек.

Ауыл ахуалын оңалту, елді мекен­дердің инфрақұрылымын жақсарту, ауыл тұрғындарының заманға сай лайықты тірлік кешуіне жағдай жасау – мемлекеттің ұстанымы және жер­гілікті жердегі басшыларға осы мақсатта арнайы тапсырмалар б­ері­ліп, міндеттер жүктелгендігін біле­­міз. Жуырда Маңғыстау облы­сының әкімі С.Трұмов облыстағы бірқатар ауылдарды аралап олардың бүгінгі дамуына баға берді, қолдау көр­сететін болып тарқасты. Бір ауыл­ға жол салынса, бір ауылда кәсіп­орын ашылып, келесі ауыл­да әлеуметтік нысан, шағын кәсіпкерлік ны­сандары бой көтеретін болды. Бұл жайлы бұқаралық ақпарат құрал­дары жарыса хабар таратып жатты. Біз, тигендіктер, ол жаңалықтарға тек телміріп, тек қызығып қарау­ға мәжбүрміз. Тигеннің және тигендік­тердің шетқақпай болуының себебі неде? Қазақта айтылатын «тоқалдан туды» делінетін тіркесті еріксіз Ти­генге телуге тура келетіндей...

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні, бізге үкімет күнелтуге жағдай жасаса біз атамекенге көш басын қай­­та бұрғымыз келеді. Бізге ол үшін көп нәрсенің керегі шамалы, әлі толық­тай ел кетіп үлгермеген біздің Тиген ауы­лына ең бастысы бастауыш мектеп үйі салынса және ауылға таяу жердегі магистралдан газ құбыры тартылса екен.

 

Аманкелді МЫРЗАТАЕВ,

Тиген ауылының тұрғыны, зейнеткер 

 

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы