Аймақтар • 22 Маусым, 2020

Қарағандыда пульмопровизорлық госпиталь ашылады

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында, нақтырақ айтқанда Майқұдық елді мекенінде коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерге арналған 250 төсек орны бар пульмопровизорлық госпиталь ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың онлайн режимінде өткен баспасөз мәслихатындағы мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып.

Қарағандыда пульмопровизорлық госпиталь ашылады

Госпиталь Майқұдықтағы №1 қалалық аурухана базасында жабдықталады. Еске салсақ, бүгінгі күнде Қарағандыда екі пульмопровизорлық госпиталь жұмыс істеп тұр.

"Қазір облыстағы ауруханалар 70% науқастарға толы. Қосымша орындар  бар, бірақ соңғы аптада жұқтырғандардың саны күрт өсті. Егер бұрын тәулігіне орташа есеппен 50 адамнан ауруханаға жатқызылса, қазір бұл көрсеткіш 70-тен жоғары. Сондықтан, тағы бір аурухана жабдықтау қажеттігі туындады", – деп түсіндірді Ержан Нұрлыбаев.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда індеттің ауыр ағымы бар пациенттердің саны өсе түскен. Қазірдің өзінде жан сақтау бөлімінде 29 адам жатыр. Олардың тоғызы өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарына қосылған. Ерекше бақылауда жатқандардың көпшілігі қариялар және егде жастағы адамдар.

Осының барлығы, яғни ауру санының күрт өсуі адамдардың  медициналық көмекке дер кезінде жүгінбеуінің салдарынан болып отырғанын қынжыла жеткізді облыстың бас дәрігері.

"Өкінішке қарай, адамдар өз бетімен емделуге тырысады. Мен барлық тұрғындарды жедел респираторлық вирустық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болған бетте дәрігерге жүгінуге шақырамын. Әлеуметтік желілерде "КВИ науқастарына система қоймайды, инъекция салмайды, сондықтан оларды стационарларда дұрыс емдемейді", деген пікірлер айтылуда. Бірақ, коронавирус инфекциясы кезінде көктамыр арқылы дәрі жіберу өкпенің ісінуіне және басқа да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан, емделушінің жағдайы әзірге таблетка түріндегі дәрі-дәрмектермен емдеуге мүмкіндік берсе, біз осы әдісті қолданамыз", – деп мән-жайға түсінік берді Ержан Нұрлыбаев.

Көңіл көншітпейтін тағы бір жаңалық, соңғы аптада жедел жәрдемге келіп түсетін шақырулардың саны 20%-ға артқан. Медициналық қызметтің бұл түріне жүктемені азайту үшін жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) белгілері бар адамдарға емханалардан арнайы бригадалар шығады. Бұл мақсатқа деп олардың иелігіне уақытша 20-ға жуық автокөлік берілген.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қарағанды облысында COVID-19 індетін жұқтырған 1 897 науқас ресми түрде тіркелген. Оның ішінде 864 адам "жаман тұмауды" жеңіп, ауруханадан жазылып шықты.

 

Қарағанды облысы