...Оқыс оқиға биылғы 4 қаңтарда болды. Сол күні екі полиция қызметкері бірге кезекшілікте болатын. Кешкі сағат 19:40-та кезекші бөлімінен Жайық өзеніне төрт баланың суға батқаны жөнінде шұғыл хабар түсті. Олар дереу қызметтік көлігімен Жайық өзенінің жағасына жетті. Кешкі мезгіл болғандықтан, айналаны қараңғылық тұмшалаған. Оның үстіне аспан мен жердің арасын қалың тұман бүркеп тұрды. Өзен үстінен ештеңе көрінбейді. Тек балалардың «Құтқарыңдар» деген жан даусы ғана үзіліп естіледі.
– Дауыс шыққан жаққа бағыт алдық. Тез жеткіміз-ақ келеді. Бірақ мұздың үстімен жүгіруге болмайды. Өйткені жұқа мұз ойылып кетуі мүмкін. Сол себептен, мұз үстімен еңбектеп жүруге тура келді, деп еске алады сол күнгі оқиғаны Қуандық Сүйіндіков. – Балалар мұз үстінде ойнап жүріп, жағадан 15 метрге дейін алыстаған. Жұқа мұз ойылып, төртеуі де суға түсіп кеткен. Біреуі 102 нөміріне телефон шалып, хабар беріпті. Балалардың біреуі өз бетімен мұз үстіне шығып үлгерген. Ал біреуі суға батып, оны құтқаруға үлгере алмадық.
Полиция қызметкерлері балалардың дауысы шыққан тұсқа келгенде, мұздан екі баланың басы көрініп тұрды. Бірақ балаларға екеуі бірдей жақындай алмады. Себебі олардың салмағымен мұз одан сайын ойылып кетуі мүмкін еді. Сондықтан Тимур Қуандықтың аяғынан ұстап, ал ол балаларға қолын созды. Әуелі біреуін, кейін екіншісін судан шығарып алды.
– Қауіп-қатерге бас тіктік. Бірақ сол сәтте балаларды құтқарудан басқа ештеңе ойлап үлгермедім. Кейін Тимурдан да сұрадым. Ол да тек балаларды құтқаруды ойлапты. Өйткені біз полиция қызметкерлеріміз ғой. Кез келген уақытта көмек беруге дайын болуымыз керек. Бұл – біздің міндетіміз, – дейді полиция капитаны Қуандық Сүйіндіков.
Қоғамдық тәртіп күзетшісі болу – екеуінің де бала күннен бергі арманы. Сондықтан Қуандық Сүйіндіков 2014 жылы осы салаға жұмысқа орналасып, содан бері полиция қатарында қызмет атқарып жүр. Ал, әріптесі Тимур Балмағанбетов бұл салаға 2018 жылы келді.
– Бізді бейбіт күнде ерлік жасаған батыр деп жатады. Шын мәнінде біз ерлікке жатқызатындай ерекше әрекет жасаған жоқпыз ғой. Біздің орнымызда өзге адамдар болса, солар да біз секілді әрекет етер еді, – дейді Қуандық пен Тимур.
Атырау облысы