Елбасы • 24 Маусым, 2020

Жаңа дәуірдің ұлы тұлғасы

636 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

...1989 жылдың 22 маусымы күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХV Пленумы өткізіліп, осыған дейін Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі Төрағасы қызметін атқарған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – «көп тілеуі көл» болып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. «Көп тілеуі» деген сөзді әдейі қолданып отырғандағы себеп – оның алдында, 1986 жылы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев республика басшылығынан зейнетке шыққаннан кейін, СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевтің шешімімен Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ, сырттан Г.Колбин басшылық қызметке жіберілген еді. Ол басқарған үш жыл Мәскеуге бағыныштылықтың, әсіресе біздің ұлтымыздың еңсесі езілген кезең болды. Осы бір жағдайдың өзі-ақ тәуелділік пен тәуелсіздік ұғымдарының маңызын аңғартса керек.

Жаңа дәуірдің ұлы тұлғасы

 

Сол күннен бастап Қазақстан басшы­сы­ның республика жұртшылығы­ның мүддесіндегі әрбір сөзі, әрбір бастамасы қалың елдің көңілінен шығып, Мәскеудегі Орталық билік біздің басшымызбен санасатын болып, еңсеміз көтеріле бастады. Нұрсұлтан Әбішұлы бірден одақтық институттардың ескір­генін, заман талабынан қалып қой­ғанын, әсіресе экономика, ұлт, бас­қарушы аппарат, кадр мәселелерінің шамадан тыс орталықтанып кеткенін, көптеген әдіс-тәсілдердің, кейбір шешімдердің әділетсіздігін, қаулы, қарарлардың жарамсыздығын, одақтық мәртебелі жиындардың мінберінен ашық, батыл сынға алды.

Бірер мысал: 1986 жылғы 17-18 жел­тоқ­сандағы студент-жастардың шеруі­не байланысты 1987 жылы СОКП Орта­лық Комитеті арнайы қаулы қабыл­дап, сол құжатта «казахский национализм» деп баға берген. Нұрсұлтан Әбішұлы осы қаулының әділетсіздігін дәлелдеп, әлденеше рет СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросында көтеріп жүріп, қаулының күшін жойғызды. Бұл – билеуші Компартия тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді.

Бірінші хатшы болып сайланысымен бір айдан кейін Қарағандыдағы шахтерлер ереуілін тоқтатып, олардың талап-тілектерін Мәскеудегі Орталық билікпен бірлесіп шешу жолдарын белгіледі.

Ұлы Отан соғысындағы еңбегі, ерлігі қазақ шеңберінен алысқа шығып жүрсе де лайықты бағасын ала алмаған Бауыр­жан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын бергізді.

Мемлекеттік басқаруды жаңғыртып, Рес­публика Президенті лауазымын енгізді.

Семейдегі ядролық полигонды жапты.

Космодром қазақ жерінде болса да космонавтары болмаған елдің екі ұланы Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұса­баевты ғарышқа ұшырды.

1991 жылдың 15-16 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы­мен құрылған арнайы комиссияның ұсынысымен «Қазақстан Республика­сының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң ұзақ талқыланып, қабылданды.

Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізіп, тәуелсіздік жылдары бір миллионнан астам қандасы­мыз­дың Қазақстанға келуіне есік ашып, жағдай туғызды.

Тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдік дәрежеде көрінетін жаңа астанасын сал­дыруға бастамашы болып, ұлт мәр­тебесін өрлетті.

Осы сияқты еліміздің әлемдік қоғам­дастықта лайықты орын алуына, ғасыр­лар бойы арман болған Тәуелсіздік жеңіс­теріне Тұңғыш Президентіміз, Елбасы бастамашы болып, соңғы 30 жыл­да осыдан бұрынғы 300 жылда қолы­мыз жетпеген талай ұлттық арман­дарымызға жеттік.

Бүгінгі өміріміздің барлық жетістік­тері, ұлтымыздың жаңа замандағы қайта өрлеп, өркендеуі, рухани, эко­номи­ка­лық еркіндігіміз, дүниежүзілік қоғам­дастықпен, әлемнің дамыған ел, мем­лекеттерімен тереземіз тең жағдай­да қарым-қатынас жасау мүмкін­дігі­міздің барлығының да бастауы – біздің мемлекеттік Тәуелсіздігімізде. Тәуел­сіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан да әрбір қазақ осыны түсініп, қадірлей, көздің қарашығындай сақтай алатындай санада болуымыз қажет. Тәуелсіз, дербес мемлекет құру кезеңінің өзі қазір тарихтың үлесіне көшіп барады. Өмірге жаңа ұрпақ келіп, жаңа буын қалыптасып келеді. Тәуелсіздік қарсаңында дүниеге келген буын есейіп, еңбекке, мемлекет қызметіне араласа бастады. Олар бүгінгі өмірді, әсі­ресе жаңа астанадан бастап, жаңа кес­кін-келбетпен салынып жатқан ірі қала­ларымызды «дәл осылай ылғи өздігінен болып тұрған екен» – деп қабылдауы да мүмкін. Сондықтан да жаңа дәуірдегі мемлекеттің тарихын оқыту, жас ұрпақ санасына насихаттау ісі де маңызды.

Тәуелсіз мемлекет құру ісі мен Президент қызметі қатар жүретін егіз ұғым. Біздің мемлекет құру ісінде көңіл­ге қонымды, рухани санамызды қуат­тандыратын шараларымыз баршылық. Ол туралы белгілі дәрежеде айтылып та, жазылып та жүр. Мемлекеттігіміздің тарихында бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, армандап, қол жеткізе алмай шерменде кеткені анық. Мемлекеттік дәрежеге біздің бүгінгі ұрпақ қол жеткізу бақытына ие болдық. Жүздеген жылда бұрын-соңды болмаған ғажайып өзгеріс, құбылыс бірнеше жылдар ара­лы­ғында жасалып, ел игілігіне айналуы үйреншікті құбылысқа жалғасты.

1991 жылдың 18-19 тамызы күнгі Мәс­кеудегі билік өкілдерінің әреке­тінің заңсыз екендігін айтып, ол «ұйым­ның» тапсырмаларын орындай алмай­тындығын басқалардан бұрын жария еткен Нұрсұлтан Назарбаев болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы шұғыл түрде, қысқа мерзімде жаңа мемлекеттік құры­лымдар жасақтап, мемлекеттік басқару органдарын қайта ұйымдастыру туралы Жарлығын жариялады. Респуб­ликаның Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Одақтық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың Қазақстан үкіметі­нің қарамағына көшуі туралы, Қазақ­стандағы СОКП мүлкі туралы, респуб­ликаның сыртқы экономикалық қыз­метінің дербестігін қамтамасыз ету туралы, Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы, Сыртқы істер министрлігін құру туралы, Баспа және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі туралы, Қазақ КСР-нің атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы, т.б. республика өміріне маңызды жарлықтар жедел, қысқа мерзімде қабылданып, өте ширақ жұмыс жүргізілді.

Елімізді, тіпті бұрынғы Кеңес Одағын дүр сілкіндіріп, рухты езген ауыр сал­мақтан, жанға батқан дерттен құтыл­ғандай әсер еткен Президенттің ең батыл қадамы – 1991 жылдың 29 тамызында қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы болды. Бұл Жарлық Мәскеудегі Орталық биліктің қатты ренішін туғызып, әсіресе, әскери-өнеркәсіп кешенінің ықпалды басшылары Қазақстан Президентінің ешкімнің келісімінсіз өзіндік шешім қабылдауын қатты сынға алып, «мемле­кет­тің қорғаныс қабілетін әлсіретті» деген кінә тағуға да тырысып бақты. Семей ядролық полигонын жабу туралы хабар халықаралық дәрежеде үлкен назарға ілікті. Әлемдегі ядролық қаруға ие АҚШ, Англия, Франция сияқты мемлекеттер бұл полигонның болашағына алаң­даушылығын білдіріп, Қазақстан бас­шылығымен келіссөздер жүргізе бас­тады.

Сол кездегі қарама-қайшылықты про­­цес­­­терге сараптама жасай отырып, өзі­­нің «Ғас­ыр­лар тоғысында» кітабын­да Н.На­зар­­баев былай деп еске алады: «..Тіп­ті Кеңес Одағы әлі бар кезден бас­­тап «ақыл айту» көбейді. Сонау 1991 жыл­дың 16 наурызында АҚШ Мем­­­ле­­кет­тік хатшысы Джеймс Бейкер мені АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігіне ша­қыр­­­ды. Түн ортасы ауа кездестік. Бей­­­кер елдегі жағдайды білгісі келді. Бі­рақ сол кезде-ақ, Батыс ядролық қару мә­се­­­лесін шешуге жол іздей бастағаны аң­ға­­­рылды. Бұл ту­ра­сында сол жылғы 16 қыр­­­к­үйек­тегі Ал­маты ұшырасуында ашық­тан ашық сөз болды» (Н.Назарбаев. Ғасырлар тоғы­сында. 1996 ж. Алматы. 60-61 беттер).

Сол тұста қоғамда ядролық қаруға неге өзіміз ие болмаймыз деген сұрақ та көтерілген. Президент дәл осы бөлім­де: «...мұндай стратегиялық шешім үшін Қазақстан не алады?...» деп сұрақ қо­йып, соған нақты жауапты төмен­­дегі­дей баяндайды: «(...1994 жыл­дың 5 жел­тоқ­санында Будапештте өткізіл­ген Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тас­тық ұйымының (ЕҚЫҰ)) самми­тін­де Қа­зақ­стан, Ресей, АҚШ және Ұлы­­бри­­тания басшылары Ядролық қару­­ды таратпау жөніндегі келісімге қо­сыл­­ған елдердің қауіпсіздігіне кепіл­дік беру туралы Меморандумға қол қой­­ды. Соңы­нан Қазақстанға мұндай ке­піл­­дікті Фран­ция мен Қытай сияқ­ты басқа да ядролық мемлекеттер бер­ді. Бұл әлем­дік қауымдастықтың Қазақ­стан­ның өз міндеттемесін орын­дауын мо­йын­дайтынын және оған жауап есебін­де қауіп­сіздігі мен аумақ­тық тұтас­ты­ғы­на ке­піл­дік беретінін білдіретін». (Н.Назар­баев. Тәуелсіздік дәуірі. 97-бет. Астана. 2017).

Кітаптың осы тарауының менің көзіме ыстық көрініп, көңіліме айрық­ша қонуының өзіндік себебі де жоқ емес. Сол 1994 жылы мен сол кездегі Қазақ­стан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының шешімімен Будапештте өткен ЕҚЫҰ-ның тарихи саммитіне қатысу бақытына ие болған едім. Ол саммиттің мен үшін қым­баттығы жоғарыда айтыл­ған Қазақ­стан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясы Президенті Борис Ельцин, Ұлыбритания Премьер-министрі Джон Мейджер, АҚШ Президенті Билл Клин­тон қатысып, бір стол басына бірге жайғасып, аталған Меморандумға қол қою рәсімін өз көзім­мен көріп, куә болуым еді. Бұрын мұн­дай теңдік тек Кеңес Одағының басшы­сына ғана тән болса, тәуелсіз мемле­кет­тігіміздің арқасында біздің Прези­дентіміздің әлемнің ең қуатты мемлекет басшыларымен иық теңестіріп тұруын көру делегация мүшелерінің ұлттық ұжданын ерекше көтергені де рас еді.

Президент Н.Назарбаевтың басшы­лығымен біз толыққанды мемлекет болып қалыптастық. Ізгілікті, зайырлы ел ретінде, озық өркениетке қабілетті мемлекет, ұлт болып халықаралық, әлем дәрежесінде танылдық, қабылдандық. Еңсеміз көтеріңкі ел екенімізді сезініп, әлем елдерінің алдында да көрсете алдық.

Бұл – Президент қайраткерлігінің, мемлекет басшысы ретінде тәжірибелі саясаткерлігінің еңбегі. Сол орасан елдік еңбектің жемісі, нәтижесі.

Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің тәуелсіздігіне азамат ретінде де, басшы лауазымды қызметкер ретінде де мол дайындықпен келді. Бұрынғы Кеңес Одағының Орталық билігі жіберген қателіктерін жіті қадағалап, мұқият сараптап, олардың біздің республикамызда қайталанбауына дер кезінде білікті шара қолданып, көп жағдайдың алдын алып жүрді. Олай болуына Елбасының өткен адами өмір жолы, жастайынан қоғамның ең күрделі күретамырына батыл араласып, қандай да сыннан қорықпай, тайсалмай, қиындықтардан жалтақтамай, желдің өтінен бұқпай еңбек етуі себеп болды. Шымыр, шыншыл, ашық ортада шыңдалды. Әділдік үшін ең қиын кезеңдерде айқаса білді.

Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еткен алғашқы сәттен бастап, бүгінгі күнге дейінгі барлық жетістіктеріміз бен көрген жақсылығымыз, дербес мемлекетіміздің қуаттануы мен көркеюі ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен, еңбегімен, басшылығымен тікелей байланысты. Президенттің қазақ халқы алдындағы, мемлекет алдындағы атқарған қызметі зор, еңбегі ерен, ұлттың жаңа дәуірін бастаған ұлы Тұлға.

Қазақ – өзінің шынайы тәуелсіз еркін ел екенін сезініп, өзінің төл мемлекеті үшін сөз сөйлеп, дауыс беріп, еңбек етер құқығына ие болғанына ұжданы өскен жылдар осылай басталып еді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қысқа мер­зімде, бір жылға жетер-жетпес уақыт­та 160-тан астам мемлекет Қазақ­стан мем­лекеттігін танып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға келісімдерін білдірді.

Президент шұғыл түрде Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасын, әскери доктринасын жария етті. Ел ішіндегі жаппай реформалар мен кезек күттірмес мемлекет құру жұмыстарын бір сәтке де кідіртпестен, дүниежүзілік қоғам­дастықтың белсенді мүшесі болып, басқа елдермен тең терезелі, достық қарым-қатынас орнатуға екпін беріп, күш салды. «Жарғақ құлағы жастыққа ти­мей» дүниені шарлап жүріп, жаңа Қазақ­­станды таныстырып, дос іздеп, тілек­­тес жинады. Бұрын «қазақ» деген сөзді естіп көрмеген президенттер, король­дер біздің Елбасының жарқыраған маңдай­ын, жарқылдаған көзін, өтімді сөзін, жасам­паздық қайратын, қыран қанаты қалық­тап, желбіреген көк туын көріп, қуатты ән­ұранына құлақ түріп, құшағын жайған­да қазақтың мәртебесі көкке көтерілді.

Президенттің басқа елдерге әрбір сапарының өзі бір емес, бірнеше мақалаға жүк. Қазақтың көк туын көтеріп жүріп, елін басқалармен тең етті. Бөтендердің қазаққа деген сенімін тұрақтандырып, соның арқасында ел экономикасына қысқа мерзімде миллиардтаған инвес­тиция ағылды.

Нұрсұлтан Әбішұлының сыртқы саясаттағы көрегендігінің әлденеше рет куәсі болдық. Соның бірі – 1992 жылғы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-сес­сия­сында сөйлеген сөзіндегі Азия­дағы өзара сенім шаралары Кеңесі (АӨСШК) туралы ұсынысы. Бастапқы кезде, әсіресе шетелдік әріптестер бұл ұсы­нысқа терең мән бере қоймағаны белгілі. Біздің Президент, сол жылдары Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев қажымастан, күмәнданбастан, қобал­жымастан осы бағыттағы Қазақстанның дипломатиялық ұстанымын он жыл үз­бей жүргізуінің нәтижесінде 2002 жылы Алматыда Азиядағы 17 мемлекет басшылары негізгі мүше ретінде, ал 5 мемлекет басшылары бақылаушы дәрежесінде қатынасқан бірінші басқосуы болып, бұл Азия континентіндегі осындай өзара сенім сипатындағы тұңғыш халықаралық ұйым болып қалыптасты.

Қазір жүйелі жұмыс жасап, өз дәреже­лерінде таным, сенімге ие болған ТМД, Еура­зиялық Экономикалық Одақ, Шан­хай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Кедендік Одақ біздің Прези­дентіміздің бас­та­машылдығымен құры­лып, осы ұйым­дарға кіретін барлық елдердің ынты­мақтастығы мен бейбіт қарым-қатынасына, игілікті дамуына жұмыс істеп жүрген ұйымдар.

Қазақстанның ТМД елдерінің арасында ең алғашқысы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің өзі – біздің елі­міздегі экономикалық, саяси рефор­ма­лардың тиімді жүргізілуі, жаңа Қазақ­станның әлемде танылуы және Прези­дентіміздің халықаралық беделінің танылып, мо­йындалып, өсуінің көрінісі болған жаңа дәуірдегі мемлекеттігіміздің тарихи көрінісі.

Тәуелсіз Қазақстанның көршілес мемлекеттермен шекарасын анықтап, толық қамту – Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесіне тиді. «Тиді» дегенде, ол өздігінен келе қойған жоқ. Солай боларына сали­қалы, дәйекті келіссөз жүргізіп, өз әріп­тес­тері – мемлекет басшыларының көзін жет­кізіп, тілін тауып, мәмілеге келе алған­дығын айту маңызды. Ол жұмыс бүгін­гі Қытаймен қарым-қатынастан бастал­ды. Жалпы, Қытай мемлекеті, елі заңды, қол қойылған құжатты қатты сыйлайды. Дәстүрлі түрде заң тыңдағыш, заң сыйлағыш халық. Мәнісін қысқа қайырып айтар болсақ – Қытай ежелден өзімен шекаралас мемлекеттердің ешқайсысымен шекаралық келісімге қол жеткізуге мүдделі болмаған. Тіпті Кеңес Одағының дәуірлеп, күшейіп тұрған кезінде шекаралық келіссөздерді тығырыққа тіреп отырған. Ол үшін шартты «даулы учаскелер» болды.

Сол тоңды 1995 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға ресми сапары кезінде Қытай Төрағасы Цзян Цзяминмен келіссөзінде жібітті. Келіс­сөз­дерге бөгет болып келген «дау­лы учас­келерді» екі жақтың мүддесін сақтай оты­рып, қарастыратын болдық. Осы­дан кейін-ақ шекара келісімі туралы келіс­сөздер өз уақытында және нақты нәти­жемен жүргізілді. Қытай Төрағасы 1996 жылдың 4 шілдесінде Қазақстанға тұң­ғыш сапары кезінде өткен кездесу кезін­­дегі қол жеткізген келісімдерді толық қол­дап, Қазақстан – Қытай қатына­сын тек қана достық бағытта дамытаты­нын айтты. Протоколдан тыс кездесу кезінде: «Пре­зидент мырза, шекара мәсе­лесі ең сезімтал жер. Сіз мәселені дұрыс қойып жүрсіз. Мен Төраға кезімде осы тарихи мәселені бітіріп алайық», – деп ықылас білдірді.

Сонымен, 1997 жылдың қыркүйегінде Алматыда бірінші қосымша келісімге (келісім көлемі – 1300 бет), 1998 жылы қазанда Бейжіңде – екінші қосымша келісімге, ақыры 1999 жылы қарашада Қазақстан – Қытай шекара мәселелерінің толық реттелуі туралы Коммюникеге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР Төрағасы Цзян Цзяминь қол қойып, ғасырлар бойы шешілмей келген Қазақстан – Қытай арасындағы 1784 шақырым шекара заңдастырылды. Ол келісімдер екі жақтан да ратификацияланып, БҰҰ-да мақұлданды.

Қытай өзімен шекаралас 15 мемле­кеттің ішінде Қазақстанмен бірінші болып, толық шекаралық келісімге қол қойды. Енді барлық карталар сол келісімге сәйкес жасалатын болды.

Осыдан кейін – 2005, 2006 жылдары Қазақстан – Ресей арасындағы 7 500 ша­­қы­рым шекара заңдастырылды. Бұл ке­­лі­сімге Ресей жағы да мүдделі емес еді. Оның үстіне кезінде шекараға байла­ныс­­­ты Солженицын, Горбачев және тағы бас­­­қа саясаткерлер айтқан арандатқыш пі­кір­­­лер де Ресей қоғамының кейбір ор­та­­­ла­рын­да тілге тиек болып жүргенін ес­­керсек, бұл келісімнің тарихи маңызы зор.

Сол сияқты басқа да көршілес елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мемлекеттерімен құрылық шекара келісімдерінің тарихи маңыздылығын дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас.

Қазақтың мүддесін қорғайтын осындай тарихи маңызды нақты іс әрекет­тер­ді жүзеге асырып, шешім қабылдау бақы­ты тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлесіне тисе – өзінің еңбегіне қарай, тарихи жеңісі деп айту әділдік болар.

Ғасырлар бойы Еуразияның кең даласын кезіп, жан сақтап, ұрпақ сақтау арқылы жерін сақтау үшін жанын пида еткен қазақтың әлемнің озық елдерімен, өркениетімен қатынасып, бойын теңестіріп, өркендеуге бет алған қозғалысы – осы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақтың жаңа дәуірі.

Осы дәуірде қазақ не істей алады, ұлттық санамыздың сапасы, мүмкіндігі қандай болмақ. Біз кімбіз, қандай боламыз, – әрине, мұның бәрі жалғыз ел бастаушы Президентке ғана емес, бүкіл ұлтқа, елге сын.

Нұрсұлтан Әбішұлы сондай-ақ прези­дент­тік биліктің ауыстырылуын да әлем­ге үлгі боларлық шешіммен екінші Пр­е­зи­дент Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаевқа ұлт мүддесінің аманаты деп тапсырды.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

 

Соңғы жаңалықтар