Елбасы • 25 Маусым, 2020

Сәулетші

334 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Көшбасшылық жөніндегі еңбек­тердің басым бөлігінде қарас­тырылған мәселелердің бірі – басшы мен көшбасшы арасындағы ұқсастық пен айырмашылықтар. Бұл саладағы көптеген зерттеулерде көшбасшылықтың басқарудан өзгеше, деңгейі жоғары процесс екені жөніндегі қорытынды тұ­жырымдар кездеседі. Басшы мен көшбасшы арасындағы ең маңызды айырмашылық – тіпті қиял­дауға болмайтын мақсат тө­ңі­­регінде көпшілікті біріктіріп, сен­діруі, сол іске жұмылдыруы. Сол себепті егер басшы болсаңыз, қолдан келетін, күнделікті істерге көңіл бөлесіз; ал шын көшбасшы болсаңыз, кездейсоқтықты мүм­кіндікке айналдырасыз. Бұл сонымен қатар, көшбасшы мен оның соңынан ерген көпшілік ара­­­сындағы тылсым күшті де көр­сетеді. Осындай көшбасшылар көп­­шіліктің «бұл мүмкін емес» деген нәрселерін жүзеге асыра алады.

Сәулетші

Қазақстандағы көшбасшылық қабі­леті кеңістік тұрғысынан жаңа астана Нұр-Сұлтанда айқын көрініс тапқан. Елорданың көшірілуі мен құрылысы – жаңа көзқарастың көрінісі. Мемлекеттің басынан өткеріп жатқан қиындықтары, ішіндегі дағдарыс, жаңаруға бейімделу алдында, әсіресе жастар үшін ұзақ мер­зімді саяхат жасаудың бір талпынысы болды. Жаңа астананың дастанын баян­дамас бұрын мына маңызды өзгерісті еске алған жөн болар. Н.Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешімінен кейін «Астана» аталатын бас қаланың аты «Нұр-Сұлтан» болып өзгерді. «Астана» сөзі негізінде қазақ тілінде «бас қала» деген мағына береді. Сол себепті ерте ме, кеш пе ел астанасы үшін жаңа атау таңдалатыны түсінікті еді. Бұл мәсе­леде Қазақстан басшылығы Тұңғыш Пре­зиденттің есімін таңдады.

Астананы көшіру туралы шешім қабылданғанда Түркияның сол кездегі президенті Сүлеймен Демирел былай деген еді: «Қазақстанның астанасы өзгермес бұрын бірнеше рет кездестік. Ол кезде кейбір сындар айтылып жатты. Жаңа қала салудың орнына оған жұмсалатын қаржыны неге елді дамыту жұмыстарына қолданбасқа деген сияқты. Бірақ біз оған үнемі қолдау көрсеттік. Жаңа құрылып жатқан мемлекеттің еңсесі тік, өз өзіне сенімді болуы тиіс». Тәуелсіздіктің алтын бесігі болған Алматы Орынбор мен Қызылорда қалаларынан кейін 1929 жылы астана мәртебесін алып, қарқынды дамыған еді. 1994 жылы ел астанасын Арқа төріне көшіру туралы шешім қабылданғанда Н.Назарбаев бұл шешімді халықтың күш-қуатының көрінісі, еркіндікке деген сенімі, келешекке деген үмітінің символы деп сипаттаған болатын. Осы­ған орай С.Демирел Н.Назарбаев пен Ататүрік арасындағы ұқсастыққа назар аудартқан сөзінде Ұлт-азаттық кү­рестен кейін Түркия астанасының Ыс­танбұлдан Анкараға көшірілуі мен Қазақстанның астанасын ауыстыруы арасында ешқандай айырмашылық жоқ екенін баса көрсеткен еді.

Түркиядан Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Сыртқы істер министрі Хикмет Четин де осыған ұқсас пікір білдірген болатын. Алматыда Н.На­зарбаевпен болған кездесуінде астананың Ақмолаға көшірілетіні туралы әңгіме болады. Х.Четин Назарбаевқа қарап: «Мынадай әсем қаланы тастап, қайда барасыз?» дейді. Сонда Н.Назарбаев күліп: «Сіздер Ыстанбұлды неге тастап кеттіңіздер? Алматы елдің қиыр шетінде. Мен елімді толықтай басқара алуым үшін демографиялық құрылымды реттеп, елдің ортасына баруым керек», депті. Жаңа астананың құрылуында тек Анкара ғана емес, Ресей, АҚШ, Жапония, Қытай секіл­ді басқа елдердің ұқсас шешімдері де қарастырылды. Қазақстанның жаңа астанасы өзінің төлтаңбасы арқылы елдің өткені мен келешегін, Шығыс пен Батыстың синтезін символдайды. Халықтарды бірлестірген «шаңырақ», жердің байлығы мен жомарттығын білдіретін «алтын масақ», даму мен алға басуды білдіретін «барыс» кескіндері, бейбітшілік пен сенімге қамал болған «тас дуал» жаңа астананың төлтаңбасын құрайды.

 

Қиялдан – шындыққа

Ел астанасын Алматыдан облыс ор­та­лығы болған шағын қала Ақмолаға көшіру туралы шешім Қазақстанның ұшы-қиырсыз даласында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бұйығылық пен «барға қанағат» түсінігін түбегейлі өзгертті.

Н.Назарбаевтың қандай бағдар ұс­тан­ғанын түсіну үшін оның еліне де­ген көзқарасын еске түсіру керек. Н.На­зар­баев былай дейді: «Қазақстан – біздің отанымыз. Атамекен бар жағымен, та­би­ғатымен, ауасымен Алланың бізге бер­гені. Отанның жақсы-жаманы бол­­­­майды. Ата-бабамыз бізге қалай қал­­­­дырса да біз Отанды сол күйінде сүйеміз...».

Шынында да қиын шешім болғанын айту керек. Өйткені ел тәуелсіздігін жаңа алған, табыс көздері шектеулі және ең бастысы талай жылға созылған қысым жүйесі ой-санадан аласталмай тұрып, осындай шешім қабылданды. Ел астанасының Алматы секілді КСРО ке­зеңінде брендке айналған қаладан ауа-райы қолайсыз шағын шаһарға көші­рі­летіні хабарланды. Мұның қандай пікір­талас тудырғанын болжау қиын емес.

Астананы көшіру туралы шешім тә­уелсіздіктен кейін Қазақстан үшін бол­­­сын, осы шешімді қабылдаған Н.На­зарбаев үшін болсын, мүмкін­ші­ліктер мен қауіптерді бір жерге жинақ­­таған, өмірлік мәні бар бетбұрыс нүктесі болды. Бұрынғы астана Алматы тұрмыстық динамикасы мен өмір салты тұрғысынан Қазақстан азаматтары үшін өзіндік символ болатын. Жаңа астана туралы пікірге адамдардың бойын үйрету оңай болмасы анық еді. Және астананың қайда көшірілетінін анықтау жеке бастың жауапкершілігін қажет етті. Басшылық деңгейінде бұл пікірді алғаш естігендер көбіне келешекке деген алаңдаушылық­ты сезінетін. Елдің есін жинап, белгілі бір міндеттер орындалуы үшін құрылым­дық және институттық жүйедегі көпте­ген проблема шешілмей жатқанда жаңа астана идеясы біреулер үшін алыста менмұндалаған, қол жетпес арман се­кілді көрінетін. Елдегі экономикалық жағдай, табыс көздері мен қоғам күткен әлеуметтік жәрдемдердің жетіспеушілігі көптеген саясатшының астананың көші­рілуіне қарсы шығуына себеп болды. Оның үстіне Алматы астана ретінде талай ән-жырға, керемет өнер туындыларына арқау болған қала еді.

Ал Н.Назарбаев қаржы жетіспеушілі­гін желеу ету елге жаңару мен өзгеріс әкел­­мейтінін жақсы білетін. Ол табанды түр­­де нық қадаммен жаңа астана идеясын жүзеге асырғысы келді. Осы мақсатта алғаш рет 1993 жылы сөйлеген сөзінде ел астанасын Алматыдан басқа қалаға көшіру керектігін мәлімдеді. Кейбіреу­лер «Біз әлде жаңылыс естідік пе?» деп жат­­­қанда, көп кісі таңданысын жасыра ал­ма­ған болатын. Бұл тақырыптың 1994 жылы Парламентте екі рет көтерілуіне қарамастан, саяси жүйедегі көптеген бел­­сенді тұлғалар мұның бірнеше жыл ішін­де жүзеге асатын жоба екеніне сен­беді.

Н.Назарбаев бұл тұрғыдағы табан­ды ұстанымын 1994 жылдың 6 шіл­десінде алғаш рет «Астана Ақмола қала­сына көшірілуі тиіс» деген мәлім­демесімен нақты көрсеткен еді. Сө­зін бастағанда өзінің тебіренісін жасыра алмаған Н.Назарбаев барлық себеп­терді баяндап, астана мәселесінде 32 кри­терий белгілегендіктерін, бұл кри­­те­рий­лердің барлығына Ақмола қала­сының сәйкес келетінін баса көр­сет­кенде психологиялық тұрғыда толық­тай басымдық танытқан еді. Ең бас­ты себеп ретінде Ақмола қаласының бар­лық географиялық аймақтарға бірдей қашықтықта, ел орталығында орналасуы ескерілді. Соған қарамастан, Парламент за­лындағы қол шапалақтаулардың орнын үнсіздік басқан еді.

Бұл процесс 1996 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Үкіметінің астананы басқа қалаға көшіру туралы шешімімен жүзеге асты. Ал шамамен бір жылдан кейін 1997 жылдың 20 қазанында Президент Н.Назарбаевтың бұл туралы жарлығы жарияланды. Енді кері шегінуге болмайтын қадаммен басталған жетістік дастаны бүкіл Қазақстан халқының көз алдында жүзеге асып жатты.

Жаңа астананың кейбір шағын аудандарында үй салыну үшін жиналған 60 мил­лион АҚШ доллары бүгінгі Қазақ­станның мүмкіншіліктері мен елордаға жұм­салған барлық қаржыны ескергенде, бәлкім, елеусіз көрінер. Бірақ сол кез­дегі шарттарда үлкен маңызы бар еді. Шындығында, қазір астананы салған ірі холдингтер, шетелдік инвесторлар осы маңызды нәрсені ешқашан ұмытпауы тиіс.

Н.Назарбаев 2000 жылдарға аяқ бас­қанда Түркия мен АҚШ-тан басқа Қатар, Сауд Арабиясы секілді Таяу Шығыс және Парсы шығанағындағы елдерден қаржылық көмек пен инвестор тартуды жақсы білетін. Өзі көрсеткен бұл бағдар дипломатиялық келіссөздерде де көрініс тауып жатты. Қатар мемлекеті салдырған Нұр Астана мешіті, Түркияның инвес­тициясымен салынған «Астана Тауэр» бизнес орталығы және тағы басқалары аз мерзім ішінде Астананың құрылысы үшін өз қаржы көздерінің жиналуына уақыт ұттырған еді. Қазіргі таңда Астананы сал­ған ақыл-ойдың 100%-ы жергілікті және ұлттық, ал жұмсалған бюджеттің 70%-ы мемлекеттің өз қаржысына сәйкес келеді. Бұл – бірнеше жылға созылған бю­рократиялық кедергілерге мойымас­тан, алға қойған мақсатын ұдайы кеңейтіп жолға шыққан көшбасшылықтың өзін көрсеткен күндер болатын...

Тек сол уақытқа дейін болған кей­бір жайттар Н.Назарбаевтың көшбас­шы­лығын нақты түрде көрсету тұрғысынан аса маңызды. Бірнеше жыл ішінде толық­тай дерлік жаңадан салынған бір астана... Әлбетте, қиындықтармен де күрес жүргізілді. Астананың тұсаукесер салтанаты үшін ең алдымен үлкен жиын өткізетін зал мен алаң керек болатын. Өкілетті фирманың құрылысты аяқтай алмайтыны түсінікті болғанда, құрылыс нысаны басқа фирмаларға берілді. Алаңды тазалап, ретке келтіру үшін арнайы әскери бөлімдерден де көмек алынды. Ендігі кезекте ашылу салтанаты үшін Астанаға келетін шетелдік қонақтарды күтіп, қонақ ету мәселесі тұрды. 15 күн ішінде 5 жұлдызды қонақүйді салу әрине, мүмкін емес. Н.Назарбаев заңдарға арнайы өзгеріс енгізіп, елге бір ретте ең көп дегенде 500 жұмыскерді әкелуге болатыны жөніндегі баптың уақытша түрде күшін жойып, адам сенбес іс бастауға бел бу­ды. Бұл жұмысты түрік компаниялары атқаратын еді. Олар осы шешімнен кейін 3000 жұмысшы әкеліп, «Интер-Континенталь» қонақүйін дайындап бітті. Тіпті Н.Назарбаев құрылысты жиі-жиі тексеріп жүрген күндердің бірінде лифті бұзылып қалып, қиын сәттер де бастан өткен болатын.

Шамамен екі жыл ішінде Үкімет пен басқа маңызды мекемелердің басым көпшілігі Ақмолаға көшіріліп, 1997 жыл­дың 8 қарашасында мемлекеттік қыз­меткерлердің алдыңғы легі жаңа аста­наға келе бастады. Астананың мәр­тебесі ресми түрде 1997 жылдың 10 жел­­тоқсанында жарияланды. Ақмола қаласы ел астанасы деп жарияланып, ғи­ма­раттар бой түзей бастағанда қаланың атын ауыстыратын уақыт та жеткен еді. Президент Н.Назарбаев бір күні түн жарымда «Астана» деген атауды тапты. Ағыл­шын және орыс тілдерінде жазылуы қа­зақ тіліндегідей «Астана» болып жазылады. Қысқа әрі, әсерлі. Ақырында 1998 жылдың 6 мамыр күні Ақмоланың аты Астана деп ауыстырылды. 1999 жыл­дың 10 маусым күні ресми түрде ашылу салтанаты ұйымдастырылды.

 

Ортақтастырушы бағдар

Астана қаласының әлем мойында­ған жаңа ел ордасы болуы үшін Н.На­зарбаевтың ұзақ әрі мұқият дайындық процесін жүргізгені байқалады. Оның 1994 жылдан бастап Ақмолаға жүйелі түрде, көбіне аптасына бір рет келіп-кетуі ‒ көшбасшының халыққа жаңа бағдар ұсынар кезде ең алдымен бұл бағдарға өзінің сенуі керектігін көрсе­тетін жарқын мысал.

Н.Назарбаев сол кезеңде басқа аймақ­тарға да сапары барысында ел аза­мат­тарының Алматының кейбір аймақ­тарға алыс екендігі жөніндегі шағым­дарын еститін. Тіпті кейде елді сөзге тар­ту үшін «Астана халық үшін аса ма­ңызды! Солай емес пе?» деген түрдегі бастама­шыл сауалдар дайындап қоятын. Ел астанасын көшіруге шешім қабылдана қалған жағдайда азаматтардың қандай нәрселерге назар аударатынын олардың ауызша айтқан пікірлері мен жазбаша талаптарынан ұғынуға тырысатын.

Қазіргі Қазақстан астанасы үшін не­ге жазық дала ортасындағы осы бір ша­ғын қала таңдалды делінер болса, мұның басты себептері арасында Ақмола қаласын қоршап тұрған сұлу табиғат, өсімдік әлемі, су алаптары көрсетілер еді. Қаланың батысында орналасқан Қор­ғалжын қорығы, шығысқа қарай созылып жатқан Ерейментау сілемдері, талай аңызға арқау болған Бурабай көлі бұлардың ең бастылары болатын. Әри­не проблемалар да жоқ емес еді. Мы­салы, маса мен қалдық су проблемасы Ақмо­ланың халық жиі айтатын кемшін тұстары болатын. Бірақ Н.Назарбаев болашақта әсем қала салу үшін оны қор­шап тұрған сұлу табиғаттың да маңызды екенін жақсы білетін. Болмаса, Алматы секілді үлкен сұранысқа ие қаладан қыста -40 градус суық, ал жазда +40 градус ыстық болатын жерге астананы көшіру оңай болмасы анық еді. Соған қарамастан, астананы көшіру туралы шешім Қазақстан Парламентінен өзі күткеннен де жылдам, әрі қиындықсыз өтті. Депутаттардың басым бөлігі астананы көшіру туралы шешім қабылданса да, бұл кем дегенде 25-30 жылда зорға жүзеге асады деп ойлағаны түсінікті еді. Бәлкім, осы мерзім ішінде шешім өзгерер, немесе нәтижесіз қалар деп ойлағандар да аз емес болатын. Бизнес әлемінің, туризмнің, тіпті «заманауилықтың» өлшемі ретінде қабылданған Алматы се­кілді қала енді астана мәртебесін жоғал­татын еді. Мұндай көзқарастар арасында кертартпалық та сезіліп қалатын. Осының бәріне қарамастан, күшті ерік-жігер мен халық жылы қабылдайтын бір бағдар қажет болды.

Н.Назарбаев жаңа астанаға тек бас­қарушылық тұрғыда бағдар беріп қойған жоқ, сонымен қатар құрылыстардың дизайнына да бағыт-бағдар беріп, өзіндік үлес қосты. Ұлттық музей, Қабылдау залы, субұрқақтар, мейманханалар және тағы басқа көптеген туындының архи­тектурасына қатысты негізгі сызба-нобайларды дайындайтын. Ал содан кейін бұл сызба-нобайларды сәулетшілер кәсіби тұрғыда өңдейтін. Ол сондай-ақ, өзі айтқан пікірлерді мамандар қол­дамаған жағдайда, қабылдатуға тырысып, бас­тырмалатпайтын. Оның басты мақсаты ‒ мамандарды бағыттау және қаланың жалпы бейнесін көрсету болатын. Тіпті осы салада еңбек еткендерге берілетін төсбелгіні де тікелей өзі жо­балаған еді.

Н.Назарбаев астанаға жаңа техноло­гиялар да сәйкес келуі керек деп сенетін. 300-ден астам ықпалды құрылыс компа­ниясының қаланың нышандық ғимарат­тары мен инфрақұрылымдарына қосқан үлесі адамдардың көзқарасын өзгертіп жатты.

Астананың бас қалаға айналуында бой көтерген ғимараттар жоғарғы биліктің стратегиялық бағдарын да көрсететін. Н.Назарбаев бұл мәселеде қаланың жер­гілікті мәдениетін де ескеретін. Жаңа астана тек қана ғимараттарымен немесе олардың әсем салтанатымен әлемнің назарын өзіне ұзақ аудара қоймасы анық еді. Бұл бағдар заманауи үрдістер мен дәстүрлі нәрселерді бір жерде ұстап тұруға негізделген болатын.

Мәселенің басқа бір жағы, Н.Назар­баев осынау маңызды шешімінде тек көпшіліктің пікіріне ғана емес, ғылыми негіздерге де жүгінді. Сол кезеңде көп­теген көшбасшы ұғынуға қиналған «жүйе көзқарасы» теориясының бас­ты қа­ғидаларын қолдануға тырысты. Мың­даған жылдық тәжірибеге сүйенетін бас­қару ой-пікірінің ғылымдану про­це­­сіндегі ең үлкен қадамының бірі ‒ жүйе көзқарасы болып табылады. Әлеу­меттік ғылымдарға биология са­ла­­сынан бұл көзқарас қазіргі басқ­ару мен саясаттанудың ең маңызды тақы­рып­тарының біріне айналды. Н.Назарбаев міне осындай көзқарас арқылы Астана қаласын дамыту институтын құрды. ­       «...Астана жүйелі түрде алға басуы тиіс. Көз­деген мақсатқа жетудің басты шарты ‒ жүйелі көзқарас. Жүйелілік тек Астана үшін ғана емес, басқа қалалар үшін де аса қажет. Қала көп бөліктен тұратын күрделі ағза секілді, оны басқару өз алдына бір ғылым…».

Бұл тұрғыда «ағза» сөзі жүйе көз­қарасының өзегі іспетті. Адам де­несі секілді қалалардың да өзіне тән ерек­шеліктері мен жүйесі болады. Н.Назар­баев осы жүйелерді экономика, құрылыс, инфрақұрылым, тасымал, білім беру және мәдениет жүйелері деп белгілейді. Н.Назарбаевтың жүйе көзқарасы сол кездегі қиындықтарға қарамастан, өте ықпалды жұмыс істеді. Соның нәти­жесінде, 1999 жылы ЮНЕСКО Астанаға «Әлем қалалары бейбітшілік үшін» деген жоғары марапатын берді.

Осы жүйелер дамыған сайын қаланың бренд боларлық маңызы да арта түсті. Жыл сайын елдің түрлі аймақтарынан мыңдаған адамның астанаға келіп, елдің келешегі мен бағытын ұғынуға тырысуы, кең дала төріндегі осы бір орталықтың ортақтастырушы рөлін де көрсетеді.

Астанаға сапарымыз кезінде (әсіресе көктем мен жаз айларында) Бәйтерек, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Ұлт­тық музей және басқа да сәулет ескерт­кіштеріне кіргенде ең алдымен назарымызды ерекше аударатын нәрсе – балалар. Ата-аналардың балаларын осында ертіп келіп, осы мақтаныш сезімін оларға да сезіндіруге тырысатынына куә болатынбыз. Ұлттық музейде үлкен алтын бүркіттің астында маңғаз түрде суретке түскен бір қазақ баласының бізге бұрылып: «Бұл біздің қыранымыз!» де­генін ұмыту әсте мүмкін емес. Бұл ел­ге алғаш келген кісілер Астанадағы сәулет ескерткіштерінде ең алдымен осын­­дай сезім мен көрініске куә болады. Бұл жайттар Астананың тек сәулетті ғи­ма­рат­тарымен ғана емес, рухани ауанымен де өзгеше мәнге ие екенін көрсетеді.

Жаңа астананың алғашқы халық­аралық іс-шарасы түркі әлемінің басын қосқан жиын болды. Бұл кездей­соқ­тық па, жоқ әлде Н.Назарбаев көшбас­шылығының жоспарлы қадамы ма, ол жағы беймәлім. Осылайша Түркия президенті Сүлеймен Демирел, Қыр­ғызстан президенті Асқар Ақаев, Тәжік­стан президенті Э.Рахмонов және Өз­бекстан президенті Ислам Кәрімов жаңа астананың мақтаныш туғызар алғашқы көрінісін бірге тамашалады. Н.Назарбаев бұл жерде аймақтың біртұтастануына маңыз беретінін, бірақ Қазақстанның Орталық Азиядан асып, еуразиялық елге айналғанын да баса көрсеткен болатын.

Жаңа астананың алғашқы жылында оны супер континенттің коммуника­ция орталығына айналдырып, жаңа ға­­сырда Еуразияның экономикалық, тех­но­логиялық және информатикалық ағым­дарын жаңа астана арқылы өткізу мақсат етілді. Бұл мақсаттың 21 жылдан кейін әлемнің көз алдында жүзеге асуы көреген көшбасшылықтың ықпалды нә­ти­желерінің тек бірнешеуі ғана болатын.

 

Күршад ЗОРЛУ,

саясаттану ғылымдарының докторы, профессор

(Түркия)