Шетелдегі қазақстандықтар альянсы президентінің міндетін атқарушы Әлішер Тұрсынның айтуынша, ұйымның іргетасы Ұлыбританияның Лондон қаласында қаланған. Араға жылдар салып, аталған ұйым әлемнің 20-дан астам еліне қанат қақты. Қазіргі таңда шетелдегі қазақстандықтар альянсының Жапония, Корея Республикасы, Сингапур, Малайзия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Латвия, Финляндия, Бельгия, Швейцария, Ұлыбритания, Франция, Нидерланд, Италия, Испания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Канада, АҚШ сынды елдерде атқарған жұмыстарының ауқымы кең десек те болады.
Қазір ұйымға жетекшілік жасап жүрген әрі Швейцариядағы HTMІ университетінің магистранты Әлішер Тұрсынның айтуынша, альянс шетелдегі отандастарымызға бар мүмкіндігінше қолдау көрсетіп келеді.
«Бес жылдан бері бірнеше буын ауысып, ұйымда бірқатар өзгеріс орын алды. Ұйым өз кезегінде тоқырау мен шарықтау сынды кезеңдерді бастан өткізді. Мен осы ерікті қызметке 2018 жылдың 10 желтоқсанында, сондай бір күрделі кезеңдердің бірінде келдім. Содан бері әлеуметтік желілерде әртүрлі елдерде жүрген қазақстандықтардың бір-бірімен байланысып тұруларына жағдай жасап, өкілдерімізбен бірге отандастарымыздың түрлі сұрақтары бойынша тегін ақпараттық қолдау көрсетіп келеміз», дейді Ә.Тұрсын.
«QazAlliance» бірлестігі жоғарыда аталған мемлекеттердің елшіліктерімен және шетелдегі бірнеше отандық ұйыммен де тығыз жұмыс істейді. Соның ішінде «Дүние жүзі қазақтары», «IQanat», «Otandastar qory», «Kazakh tourism» және тағы басқа ұйымдармен де тікелей байланыста. Бірлестіктің осы кезге дейін атқарған жұмыстары көңілге жылылық ұялатпай қоймайды.
«Бүгінде құрылымдық басқару тетіктеріне негізгі өзгерістер енгізіп отырмыз. 7 бағыт бойынша арнайы 7 орталық құрып, оларға жан-жақты әрі жауапты отандастарымызды топтастырудамыз. Орталықтарымыз туралы толық ақпаратты жуырда ресми kazalliance.kz сайтымызда көрсететін боламыз. Биылдан бастап «QazAlliance» алыс және жақын шетелдерде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін және дүние жүзіндегі барлық домбырашыларды біріктіретін «World Dombyra Festival» атты жобаны қолға алып отыр. Домбыраны таныту – қазақ пен Отанымызды таныту. Мақсатымыз – Қазақстандағы және шетелдердегі отандастарымызды, әсіресе өскелең ұрпақты домбыраны үйренуге шақыру, ұлттық аспабымызды дәріптеу, – дейді альянс президентінің міндетін атқарушы Әлішер Тұрсын.
«QazAlliance» ұйымы 2015 жылдан бастап Қазақстанға инвесторларды тартуға бағытталған «Invest in Kazakhstan» жобасын, жастардың өз ойы мен еркін пікір алмасуына мүмкіндік ашатын диалог алаңы – «Sòile» жобасын, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазақ күресін дәріптеуге бағытталған «Болашақ барысы» халықаралық турнирін, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен HR бағытындағы «Трансформация» сынды жобаларды ұйымдастырған. Бірлестік әлем елдері үшін күрделі уақытта және пандемия кезінде шетелдегі отандастарымыздың қамын ойлап, олардың Қазақстанға оралуларына бірден-бір дәнекер болып жүр. Ұйым басшысынан бастап, оның әрбір мүшесі ақысыз, ерікті қызмет атқарады.
Қазір әлемде жағдай күрделі екені белгілі. Осы орайда шетелдегі қазақстандықтардың қандай шара қолданып, қалай оқшауланып жатқаны туралы да аз-кем білдік.
«Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасымен Швейцарияда білім алып жүрмін. Бұл елдегі мемлекеттік жүйе мен тәртіп біздегіден өзгеше. Швейцария үкіметі 19 маусымнан бастап карантин режімін алып тастау туралы мәлімдеме жасады. Осыған сәйкес 22 маусымнан әлеуметтік қашықтық 2 метрден 1,5-ке дейін қысқарды. Сондай-ақ 1000 адамға дейін қатысатын үлкен жиындарға қайтадан рұқсат етіліп және кез келген шерулерге қатысу мүмкін болды. Ең бастысы, наразылық білдірушілер қорғаныш бетперделерді тағып жүруі тиіс», дейді Әлішер Тұрсын.