09 Сәуір, 2010

МҮМКІНДІКТЕРДІ ІСКЕ АСЫРАР СӘТ

511 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
2010 жыл Қазақстан үшін ел эконо­ми­­касының дағдарыстан баяу шыға бас­тағанымен ғана емес, еліміздің бауыр­лас Ресеймен және Белоруссиямен Кеден ода­ғына кіруімен есте қалатыны күмәнсіз. Үш елдің интеграциясы жөніндегі саяси шешімнің таза экономикалық мақ­саттарды көздейтіндігіне ешкім дау тудыра қоймас, осыған байланысты елі­міздің экономикасының, кәсіпкерлігінің және халқының алдында жаңа мүмкін­дік­тер мен перспективалар ашылады. Ең бастысы, мұның барлығы ертеден келе жат­қан ортақ тарихы, менталитеті бар және мәдени, достық және туыстық байла­ныстарын жоғалтпаған үш елдің азамат­тарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру жайлы жағдай тудыру үшін жасалуда. Батыс Қазақстан облысы Ресей Фе­дерациясының бес ірі экономикалық ор­талықтарымен – Астрахань, Волгоград, Саратов,  Самара, Орынбор облыс­тары­мен ұзақтығы бір жарым мың километр­ден асатын кедендік шекараға ие, осыған байланысты барынша тығыз экономи­калық және мәдени байланыста. Облыс аумағы бойынша Еуропа мен Азияны бай­ланыстыратын негізгі көлік магис­тральдары өтеді, әлемдегі ең ірі Қарашы­ғанақ мұнай-газ конденсатты кенішінің, “Одақ”, “Орынбор - Новопсков”, “Бұха­ра-Орал”, “Қарашығанақ - Орынбор” газ құбырларының, “Теңіз-Самара”, “Қара­шығанақ - Атырау - КТК” мұнай құбыр­ларының болуы өңірге “Қазақ­станның Батыс қақпасы” деген страте-гиялық қолайлы мәртебе береді. Батыс Қазақстан бизнес қоғамдасты­ғы және тұтас алғандағы облыс халқы Кеден одағының құрылуын жылы қабыл­дады, өйткені бұл кедендік процедура­ларды елеулі жеңілдетіп, сосын толықтай жоюға мүмкіндік береді, экономика дамуындағы жүйелі ілгерілеуге, бірлескен өндірістер мен салалар құруға, тиісінше тауар­лар мен қызмет көрсетулердің ассор­тиментін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орында­рының айтарлықтай өсуіне кепілдік береді. Бұл деген – жұмыспен қамту, жалақы, көп­теген әлеуметтік бағдарла­маларды жү­зеге асыру, бұл – шекарадағы артық тө­лем­дер мен алымдарды жою есебінен азық-түлік өнімдері мен өнер­кәсіп тауар­лары құнының тұрақтылығы және төмен­деуі. Түптеп келгенде, бұл адамдардың ортақ экономикалық және гуманитарлық кеңістікте жүріп-тұру еркіндігі. Біз Кеден одағының өңірлік рынокты кеңейтетініне және оны әлемдегі барын­ша тартымды рыноктардың біріне ай­налдыра отырып үш мемлекеттің экспорт-тарын іл­герілетуге жағдай жасайтынына сенімдіміз. Мысалға, минералды және энергетикалық ресурстардың ірі қорына ие болып табылатын Батыс Қазақстан облысы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашы­лығының дайын өнімдерін өндіруді және экспорттауды ынталандыра отырып, эко­но­миканың шикізаттық бағытын ауысты­руға ұмтылуда. Бірігудің Кеден одағын қа­лып­тастыруға қатысқан елдердің экономи­ка­сына, ең алдымен осы елдердің бизнес-қоғамдастығына пайда әкелетіндігі туралы пікір дау тудырмайды. Біз Кеден одағы­ның құрылуын бизнесті қарапайым сау­дадан кооперация мен ынтымақтастықтың нұсқаларын іздеуге көшуге, соның ішінде үшінші елдердің рыноктарына шығу үшін ынталандыратын тиімді бағдарлама ретінде қарастырған жөн деп есептейміз. Елдің географиялық жағдайын назарға ала отырып, Қазақстанның тек Қытаймен ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия елдерімен сауда жасағаны қолайлы және әңгіме тек көпшілік қолданатын тауарлар­ды алып кіру туралы ғана емес. Қазақ­стандық бизнестің, әсіресе, шекаралас өңірлердегілерінің ынтымақтастықты дамыту жөніндегі нақты ұсыныстары бар, Кеден одағының, содан соң біртұтас экономикалық кеңістіктің  қызмет ету тиімділігін талқылауға дайын. Отандық бизнес Кеден одағында белсенді жұмыс істеуге дайын, бірақ әрбір елдің заңнамасында өз ерекшеліктері бар, оның нюанстарын біз білмеуіміз де мүмкін. Сондықтан біз әріптестік бағдар­ла­маларды дамытуға мүдделіміз, ресейлік және белоруссиялық бизнесті үнқатысуға, кооперацияның жаңа нысандарын, жұмыс нұсқаларын, соның ішінде үшінші елдер рыногын іздеуге, шақыруға дайынбыз. Біз Кеден одағын құру нәтижесінде сөзсіз ұтатындардың қатарында үш елдің шекаралас өңірлерінің кәсіпкерлері бо­латынына сенімдіміз. Қазақстан бизнес­мендері Кеден одағына қатысушылар ара­сында өндірісін инвестициялық жобаларға сәйкес дамыту жоспарланып отырған тауар­ларға қатысты қол жеткен келісім­дерге оң баға беріп отыр. Қазақстанда өтпелі кезеңде әртүрлі салалардағы салынып жатқан зауыттар­дың өндіріс қуатына шыққанына дейін төменгі ставкаларды қолдану мүмкіндігін, сондай-ақ технологиялық құрал-жабдық­тар, олар­дың құраушылары мен қосалқы бөлшек­терін кеден бажын төлемей инвестиялық жобалар шеңберінде алып кіруге рұқсат етілуін сыртқы экономи­ка­лық қызметке қатысушылардың барлығы қолдап отыр. Жалпы, Кеден одағының Кедендік кодексінің ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі бизнесті қанаттанды­рып отыр, онда Кеден одағына қатысатын елдерден шығатын тауарларды кедендік ресімдеуді жою көзделіп отыр, бұл – бро­керлер қызметіне, уақытша сақтау қой­ма­ла­рына ақы төлеу және бірқатар лицен­зиялар алу жойылады деген сөз. Қосымша құн салығы мен акциздер төлеудің келі­сілген тетіктері мақұлданып, қабылданды. Сөзсіз, Кеден одағы қазақстандық шағын және орта бизнес шоғырланған сауда мен қызмет көрсету саласына жан бітіретін болады. Алайда, сұраныстың пайда болуы отандық бизнес тарапының ұсыныстарын қамтамасыз ете алмайды. Бұл жерде де Үкіметтің (қолдау көрсету бөлігінде) және кәсіпкердің өзінің жауапкершілік аймағы қарастырылады. Осыған байланысты бизнесмендер Кеден одағының мүшелері­не тек кедендік тарифтерді ғана емес, сонымен бірге жеңілдіктерді, субсидиялар мен басқа да кәсіпкерлер мен халықты қолдау құралдарын бір ізге салуды ұсынып отыр. Ірі инвесторлар оларға бизнесті дамы­туға тиімді, жанашырлық жағдай жа­сайтын жерлерге келеді. Өзге сөзбен айт­қанда, біздер инвестициялық климаттың жаңа және жаңартылатын кәсіпорындар үшін салық бойынша мемлекеттік префе­рен­циялар, мемлекет-жеке меншік әріп­тестігі шеңберінде және гранттық шарт­пен инженерлік инфрақұрылымдар ұсыну, пайыздық ставкаларды субсидиялау, жоба­ларды іске асыруға, өндірістік-индус­триялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған банктер несиелері бойынша ішінара кепілдік беру, бизнесті жүргізуге сервистік қолдау және кадрларды дайын­дау сияқты компоненттерін барынша қажырлы пайдалануға тиіспіз. Тұтыну несиелерін қайтадан жандандыру қажет. Біздің көзқарасымызша, көп нәрсе Ке­ден одағы жұмысының бас кезеңінде ши­кізаттық емес басымдық салаларды  мем­лекеттік қолдаудың тиімді құрал­дарын сәтті таңдай білуге байланысты болады. Таяу уақытта тараптардың шекара контурларындағы өзара іс-қимыл жөнінде келісімге қол жеткізуі, ішінара алғанда кеден қызметтері қалай жұмыс істейтінін, ақпараттық қолдау көрсетуге қаншалықты дайын болатынын анық­тауы, кеден бекеттеріндегі іс-қимылдың бір­лескен регламенті туралы келісуі қажет. Бұл мәселелерді шешу айтарлық­тай қиын, өйткені әрбір кеден мемле­кет­тің мүддесін қорғайды, ал енді егемен елдердің кеден қызметтеріне өзгерген жағдайда жұмыс істеуді үйрену керек. Кеден одағы біртұтас экономика­лық кеңістік құрудың іргетасы болып табылады. Біріншіден, үш ел орасан ресурстық базаға ие, соның ішінде жеткілікті білікті жұмыс күші бар. Екіншіден, сыйымды рынок бар. Бела­русь, Қазақстан және Ресей экономикалары өздеріне жетер­ліктей толысқан. Ең басты­сы – болашақта елдер ортақ ақша бірлігі негізінде валюталық одақ құра алады. Осылайша, бүгінгі таңда Кеден одағын құру үдерісі кері шегінбес сипатқа ие болды деп нық се­німмен айтуға бо­лады. З.МУСИНА, Президент жанындағы Әйелдер істері  және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Халықаралық бизнес-орталықтың директоры. Батыс Қазақстан облысы.