Арқаға аты мәлім Ақан серінің жұртпен бірге жаз жайлауға шықпай, қыстауда қалуы – жүрегін сыздатқан жара мен нала. Іштегі алай-дүлей бұрқаныстан туған бұл жырақтау – Құлагердей тұлпарды қолдан сүріндіріп, мерт қылған қарауларға, адам атын былғағандарға деген ашу-ыза, өкпе-мұң. Мұны әсте өмірден баз кешу, түңілуге балауға болмайды. Бұл байламды «Жақсылықтан жамандық асып кетті, бой бағып тұру артық келсе шамаң» деген серінің сөзі де ақтап тұр.
Дәл осы кеп қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Мағауиннің «Сары қазақ» шығармасындағы Бетпақдалада бүкіл қызыл жүйеден безініп, ғұмыр кешетін кейіпкеріне, «Шақан шері» шығармасындағы жуанның жарлыға көрсеткен қорлығына қарсы келіп, қалың қамысты кезе Балқаштың нуынан тарғыл жолбарысты аулап кететін адамның шерісіне, көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің «Ардақ» атты әңгімесіндегі ішіне қасық айналмайтын қызғаншақ ағайыннан аулақтап, айдалада тұратын үйелменге де ортақ, өмірдің өз баянын алғанда, саят қораны сағалаған Шәкәрімге де, Ясная Полянаға кетіп қалған Толстойға да ортақ. Бұл кейіп – кейіс, әлгінде айтқандай, қауымға арқасын беру.
Осы сөзді бүгінде «оқшаулану» терминінің алмастырғанына куә болып отырмыз. «Жүре берсең, көре бересің» деген осы-дағы. Алайда «битке өкпелеп, тонын отқа жағатын» бұрынғының бет көріспеуі бөлек те, қазіргі қашықтан қалыптасып келе жатқан қарым-қатынастың қыры мүлде басқаша. Бірінде жан жарасы болса, бірінде тән жарасы. Қазақ «тәні саудың – жаны сау» деген, тәннің саулығында дүниенің дидары күліп тұратынын енді бағамдап жатырмыз.
7 миллиард адамның оқшаулануы орасан жалғыздық сықылды. Омақастыратын обадан, інге тығатын індеттен мегаполистердегі азан-қазан шу сап тыйылды, курорттар мен мейманханалар қаңырап бос қалды. Жарты жылда жер-жаһанға желдей есіп тараған жегі елдердің экономикасын да жеміріп барады. Өйткені карантин шаралары кәсіпкерліктің құлашын жазуына мүмкіндік бермей отыр.
Америкалық ділмәр кәсіпкер Роберт Кийосаки таяудағы бір сөзінде карантиннің адамзат тарихында әлем экономикасының астын үстіне келтіретін ең жойқын күйреудің кіріспесі екенін айтты. Өйткені миллиондаған адам жұмыссыз қалды, миллиардтаған адам үйінде отыр. Көп жер жабық немесе шектеу енгізілген. Ал кейбір зерттеулер бойынша, адамдардың 80 пайызы өздерінің аталған жұқпалы дертті басынан өткергенін аңдамай да қалған сияқты. Себебі қазір вирустың миллиондаған ағзада түрленгені соншалық, бастапқы көрінісінен басқаша сипат ала бастады. Симптомсыз сырқаттану пайда болды, тұмау деп тұтылғандар да жетерлік. Яғни үйде отырған адамдар ең негізгі картинадан бейхабар. Бұл – иммунитетті бейімдеу. Иммунитетті бейімдеу дегенде еске түседі, ертеде еуропалықтар жаңа құрлықтарды ашып жатқанда, жергілікті үндістер от қарудан бөлек, обадай жапырған жұқпалы аурулардан қырылғаны белгілі. Өйткені оларда Еуропада кеңінен тараған жеңіл-желпі жұқпалы ауруларға қарсы иммунитет те, дәрі-дәрмек те жоқ еді. Бүгінде бүкіл әлем үндістердің жағдайын кешкендей...
Сондықтан саламаттылық салтына салғырт қарайтындар мен сырқат, сосын жасы келген жандарға қатерлі делінген вирусқа қарсы тұру үшін иммунитет қалыптастыру қажет. Алайда қоғамнан тыс қалған, қазіргі тілмен айтқанда «оқшауланған» жанда иммунитет қалыптаса қоймайды. Бір ғана жолы бар – адамзат неғұрлым көптеп ауырған сайын, соғұрлым иммунитет бейімделетін көрінеді.
БҰҰ мәлімдегендей, бұл кезеңде вирустан емес, карантиннің салдарынан – жұмыссыздық дүрбелеңінен, аштықтан, беймазалық пен үрейден зардап шегетіндер әлдеқайда басым болмақ. Мәселен, 30-дан астам елде ішер асқа зәрулік туады деген болжам бар. Шағын және орта кәсіпкерлік күйреген жерде, сүйікті дәмханаңыздың орнын сипап қаласыз, McDonalds, KFC секілді әлемдік корпорациялар әмірін жүргізеді. Ал алда карантиннің әлденеше толқыны қайталануы ықтимал. Ол да осы планетаға ортақ кеп. Ең бастысы, оқшаулануда ойлануға мүмкіндік бар, ой бекіген тұста бойды да бекітуге болады.