Таным • 26 Маусым, 2020

Журналистика жампозы

493 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Эссеміздің әлқисасын бейнелеп өрнектесек, бүгінгі таңда қазақтың рухани-мәдени әлемі «Егеменмен» бірге тыныстап тұрғандай. Қасиетті шаңырақтың табалдырығында есім-сойынан ат үркетін талай тарландар мен жайсаңдардың өшпес іздері сайрап жатыр. Расында, Отанымыздың бас газетіне кімдер келіп, кімдер кетпеді десейші?! Сол сөз сардарларының қай-қайсысы хақында сыр тиегін ағытсаңыз, небір елең еткізер жағдаяттарға тап боласыз. Сөйтсе-дағы «Egemen Qazaqstannyń» киелі төріне бір емес-ау, екі мәрте көтерілген журналистика жампозы Мыңбай Ілесов төңірегінде шертер лебізіміз алабөтен-ау. Сонымен...

Журналистика жампозы

СУРЕТТЕ: Мыңбай Ілесов, Жанат Елшібек, Жанұзақ Әбдіқұлов, Бақтияр Ерімбетов және Ағайдар Ысымов. 1982 ж.Алматы.

 

Жүрегі жылы, жүзі жарқын

Ұзын ғұ­мыр жолында жадыңда әлсін-әлсін жаң­ғы­рып, айрықша әсер­ге бөлейтін өркешті оқиғалар болады. Сондай сәулелі сәт­тердің бірі – «Социалистік Қазақстан» газе­тінің табал­дырығын аттаған күн. Сә­уір­­дің мөл­діреген он екінші жұлдызы. Мәңгі ұмыт­пайтын сықылдымын. Адам­­заттың тыл­сым әлемге – ғарышқа сам­ға­ған күні «СҚ»-ға қызметке орналастым. Ішімнен ырымдап «Бұл менің де жур­на­лис­тік жолдағы самғауымның жаңа бір бе­лесі болғай...» дегенім есімде.

Редактор Сапар Байжанов редколлегия мүшелері мен бөлім басшыларын тү­гел жинап, мені екі-үш ауыз сөзбен та­ныс­­тырды:

– Жаңа қызметкер алып отырмыз. Аты-жөнін өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұған дейін «Лениншіл жаста» бөлім мең­ге­рушісі болып істеген.

– Сонда, Сапеке, қай бөлімге кел­мек­ші бұл жігіт? – деді редактордың сөзін бөлген ұзын үстелдің арғы бетінде отыр­ған қап-қара кісі қыжырта тіл қатып. – Шашыңды қыс­қартқаның жөн. Бұл жер «Ленжас» емес, ЦК-ның аржағы...

– Сыдық Алдабергенов жолдас, өнді­ріс­тік жиналыстар мен лездемелерде сан мәрте айтып жүрміз ғой. Көркемдеу-безен­діру бөлімін ашсақ деп, сол бөлімге мең­геруші етіп редколлегия Жанат Елші­бе­ковті бекітіп отыр. Орынбасарлар да, алқа мүшелері де өзімен әңгімелесіп, та­ныс­ты. Жоғары жақ та хабардар. Біраз ой-жоспарлары бар. Алдағы уақытта біртіндеп жүзеге асырмақшы. Ең бас­ты­сы, газетіміздің келбетін өзгертіп, ажа­рын ашу­ымыз қажет. О жағын мен өзім егжей-тег­жейлі түсіндіріп, қадап-қадап тапсыр­дым. Тың жаңалыққа, жақ­сы идеяға бә­рің­із де мұрындық бол­ған­дарыңыз дұрыс, – деді Сапар аға байсалды қалпын өзгертпей.

– Жанатты осында отырғандардың дені жақсы біледі. – Орнынан сөйлей көтерілген жауапты хатшы Мыңбай аға төңірегіне жанар жүгірте жымың­да­ды. – Сықа, Жанаттың шашында неңіз бар. «Ленжастың» бастығы Берді­құ­ловтан бас­тап барлық жігіт­те­рі­нің шаш­тары ұзын. Анау Оралхан мен Жарыл­қап­тарының шашы иықтарын жауып жүрсе, Жақау мен Әшірбектері сақал қойған. Өздеріне жарасады... Ендігі жерде біз бірігіп жұмыс істейміз. Әлгінде секре­тариат­тың бүкіл жігіттерін жинап алып сөйлестік. Өзара міндеттерімізді жілік­теп жіктеп, бөлістік. Бөлімдердің жеке-жеке топтамалары мен материалдары бойынша алдын ала ұсыныстарын, арнау­лы беттердің безендірілуі жөніндегі ойларын бұдан былай жаңа бөліммен ақыл­дасып, бірлесіп жүргізсек, құба-құп. Сондықтан қасымызға кеп жатқан Жанат­қа сәттілік тілеймін.

– Дұрыс. Сөйтіңдер, – деді Сапекең қолындағы қалың күнтізбе-дәптерге әлденені шұқшия жазып.

Мыңбай ағадан кейін Сарбас Ақтаев, Бекболат Әдетов, Зұлқарнай Сақиев, Кеңесхан Зәкенов секілді өзім сырттай жақ­сы танитын жігіттер ой-пікірлерін ортаға салып, ізгі тілектерін айтып, ұсы­ныс­тарын білдірді. Бұған дейін кіл алау­ла­ған, жалындаған жастар ортасында емін-еркін еңбек етіп, бұла күн кешкен маған жаңа орта мүлдем бөлекше көрінгені рас. Өңкей сықырлаған, сыз­да­ған шірендер. Кексе кеуделердің кос­тюм-галстуктеріне шейін ұқсас. Со­йып қаптап қойғандай шетінен маңғаз, сау­сақ ұшымен амандасып, еріндерін әрең-әрең жыбырлатып тілдеседі. «Ой, Алла-ай десейші, сықиған «СҚ» десе, сықиған «СҚ».

Қасымда отыратын суретші-ретушер Жанұзақ Әбдіқұлов аға мен фототілші Сайлау Пернебаев мәз. Бұрыннан жүз­та­ныс екеуі де:

– Өстіп өзің секілді жастарды біз­дің газетке көптеп алу керек қой, – дейді жарыса. – Әдебиет бөлімінде Сауытбек Абдрахманов, насихат бөлі­мін­­де Ержұман Смайылов қана бар. Қал­ған­дары бірін-бірі менсінбейтін сірескен шал­дар.

Бұдан қырық жылғы алғашқы әсерді әдейі тәптіштеп, бүге-шігесіне дейін тек­тен-тек еске түсіріп отырғаным жоқ. Заманына қарай адамы. Әйтпесе, бұл қа­ғиданы орындарын ауыстырып, ке­рі­­сінше айтуға да болатын тәрізді. Мейлі, қалай десек те қатаң жүйенің қатал тәртібінің салқыны белгілі бір мөлшерде адамдардың мінез-құлқына, іс-әрекетіне ықпал еткені сөзсіз. Абырой бол­ғанда қысылтаяң шақта жіңішке жол­дан жүрегі жылы, жүзі жарқын Мыңбай Ілесов сияқты қаламдас әрі әріп­тес ағаның арқасында аман-есен өтке­німді енді ғана сезгендеймін. Аса білім­ді, адамгершілік қасиеттері одан да жоғары, парасатты ағамен маңызды да жауапты жұмыстарда қас-қабағымызбен ұғыс­тық. Секретариатқа тікелей қатысты онда­ған жігіттің бәрімен бірдей тіл табыса алмағанымды жасыра алмаймын. Макет сызу кезінде, апталық жоспарды талқылау сәтінде, лездеме үстіндегі қиғаш пікірлердің бір қуаныштысы – жүз ша­йысуға жеткізбегені. Қазіргідей азат ойдың шідері тас-талқан етіліп, демократия мен пікірталас алуандығының сүле сәу­лесінің де көрінбеген кезі. Жасына жетпей қартайғандардың ойлары тұқыл, қиял­дары қасаң. Сонысына қарамай ішкі есептері шытырман. Осындай қағаберіс бөгеттерден көбіне Мыңбай ағаның ақылы алып шығатын.

– «Сабыр түбі – сары алтын» дегенді аталарымыз бекерге айтпаған. Асық­па­ғайсың. Тың идеяны, макеттегі жаңа­лықтарды, ең ақыры безендіру эле­менттері саналатын «воздухтар» мен түр­лі қалыңдықтағы сызықтарды көбі ұға бермейді. Сондықтан шыда. Көз­де­рін бірте-бірте үйрету керек, – дейтін Мыңбай аға оңаша пікірлескенде.

Аз уақыттың ішінде Мыңбай ағаның өзге де қырларын анық байқадым. Секре­та­риаттың, яғни бас штабтың жұ­мы­­сын бес саусағындай жетік білетін оның шебер аудармашы екеніне көзім жетті. Орталық Комитеттен тікелей кел­ген маңызды құ­жат­тард­ы, жауапты адам­­дардың мақал­а­ларын, партия пле­нум­­дарының қаулы-қарарларын орыс тілінен қазақшаға аударатын санаулы журналистердің бірі Мәкең еді. Өте шап­­шаң әрі сапалы аударатын оған оқта-текте сол кездегі аса беделді ақ­па­рат­­тық мекеме – ҚазТАГ қолқа салып, көмектесіп жіберуін сұрайтын. Қазір­гідей электронды пошта мен компьютер жоқ. Журналист ағайындардың бар сүйенері қарапайым мәшіңке мен телетайп. Тіпті, факс та шы­ғар­машылық ортаға етене кірмеген шақ. Алматының басқа бір бұрышында орналасқан әйгілі ҚазТАГ-қа барып, тапсырылған аударманы тастүйін орындайтын Мәкең түнделетіп редакциядағы жауапты жұ­мы­сын одан әрі жалғастырады. Осы тұста реті келіп тұрғанда айтайын. Мә­кең зейнет демалысына шыққаннан соң біраз жыл ҚазТАГ-та аудармашы бо­лып қызмет істеді.

Қым-қуыт жұмыстан мұрнынан шан­шы­лып жүрсе де сылтау айтып сыр­ғақ­та­май­ды, барлық шаруаны менің мой­ныма артып қойдыңдар деп күң­кіл­де­мейді. Көмейіне келген ойын оң­тай­лы тұста бүгежектемей, бастық демей, үлкен демей тура бетіне айтып салады. Әрине, біреулер жақтырады, қайсыбіреулер ұнат­пай­ды. Пора-пора терлеп жүріп бәрін де атқарып тастайды, бәрін де тындырады. Диктовкадан қалт еткенде шахматын ойнап, теннистің шарын үйіріп, редакция жігіттерінің қуаныштарын бө­лі­­сіп, сүйікті кәсібіне құштарлана кірі­се­ді-ай! Кешкі ресми материалдарды түгендеп, баспаханадағы техникалық ре­дакторлар Ахан Көпбаев пен Болат Жайсаңбаевтармен хабарласып, кезекті беттердің жай-күйімен та­нысып та үлге­ре­ді. Редактораттың мү­шесі ретінде түнгі уақытта «үйдегі жа­тып­атар редакторлық» міндетін атқа­ра­ды.

Сонымен қатар Мыңбай аға редакцияда өткен өндірістік жиналыстардың хаттамаларын жүргізіп, ЦК-ға жібе­рі­ле­тін тоқсандық іс-жоспардың орысша нұсқасын тастай етіп әзірлейді. Мұ­ның сыртында айына екі рет редакция қызметкерлерінің табелін толтырып, екі рет қаламақыны жасап, іргедегі баспа­ха­на­ның орталықтандырылған бухгалтериясына дер кезінде өткізу де жауапты хатшының мойнында. Бесаспап Мәкең барлық жүктелген міндетін қай уақытта да зор жауапкершілікпен, биік абыроймен орындайтын.

 

Шерағаңның таңдауы

Өз ісіне адал, принципшіл, қарымды қаламгер – нағыз журналистика жампозын тоқсан бірінші жылдың басында редакция ұжымы бір ауыздан бас редактордың орынбасары қызметіне сайлауы тегін емес. Әңгіме орайында айта кететін штрих. Еңбек демалысында таудағы шипажайда тынығып жатқан Бас редакторымыз Шерағаң – Шерхан Мұртаза жұмыс күнінің кешкі апақ-сапағында даңғарадай кабинетіне ұжымды тегіс жинап алып:

– Халдерің қалай? Сөз қысқа, – деді қатқыл үнмен. – Өздеріңіз жақсы біле­сіз­дер. Менің орынбасарымның бірі Сабыржан Шүкірұлы жаңадан ашылған «Сұхбат» апталығына бастық болып ауысқан. Енді соның орнына замредактор сайлауымыз керек. Тура қазір. Әйтпесе болмайды. Асықпай демалып келгеннен соң қойсам ба деп едім. Телефон әбден мезі етті. Тауда жатқанымды да біліп алыпты. «Замредакторға анау лайық, мынау лайық» деп өтінгендер мен бұйрық бергісі келетіндер тым көбейіп кетті. Ешқайсысын елегенім жоқ. Иә. Шынымен осы отырған сендердің орталарыңда редактордың орынбасары болатын адам жоқ па?

– Неге, Шераға? Көп қой.

– Бар! Бар!

– Өзіміздің ішімізде де толып жатыр. Біреуін қойсаңызшы...

Жиналғандар шулап қоя берген. Мұн­дай­ды күтпеген Шерағаңның әлгін­де­гі­ге қарағанда жүзі жылыұшырап, қабағы жазы­ла түскендей.

– Ой, пәлі! Беймезгіл кештетіп, сол үшін келіп отырмын ғой, – деді жадырай күлімсіреп. – Кәне, кімді қоясыңдар. Айтыңдар.

Ертеректегідей емес, демократияға бой үйрете бастаған ұжымның үлкені бар, кішісі бар, жай тілшіден бастап, маши­нис­ткаларға дейін өз кандидатураларын ұсын­ған. Құр әншейін аты-жөндерін атап қана қоймай, өз ой-пікірлерін ортаға салып, ашық талқылаған. Мінеки, осындай талқылау-сараптаудың қатаң сүзгісінен өткен төрт-бес жігіттің арасынан өте та­лап­­шыл, әділетті сүйетін Шерағаңның Мыңбай Ілеске тоқтауы тегіннен дейсіз бе.

– Мыңбай мырза бұл орынға әбден лайық. Білімді, өте тәжірибелі. Орысша-қазақша бірдей жазады. Оның үстіне бір орнында ұзақ отырып қалған секілді. Әлдеқашан замредактор болуы керек еді мен білсем. Сіздер де қателеспеген секілдісіздер. Осы ұсынысты қолдап қол көтерулеріңді сұраймын...

Бүкіл ұжым бір кісідей дауыс берді. Бұл баға Мыңбай ағаға берілген биік құр­­мет­тің, зор сенімнің нышанын көр­сет­се керек.

 

Бір күнде – екі той

Қызық. Біреулер туралы әңгіме өрбіте қалғанда аузыңа сөз түспей, қаламың да кібіртіктеп, шоқырақтай беретіні бар. Неге? Жүрегің қаламайды демек. Көбік лепесті көпіртіп, көлгірси алмайсың-ау. Өкініштісі, ондайлар да ара-тұра ұшы­расады. Амалын тауып көрініп, жақ­сы­атанып жататындарды өз ортамыздан да табамыз. Мейлі, жүре берсін. Жүрек, шіркін, сезіп тұр ғой. Ал Мыңбай аға хақында қалам тербегенде бауыры жазылған сәйгүліктей ойымды тізгіндей алсамшы. Өзім білетін жағдаяттардың бәрін де қамтығым келген. Асыл ағаның адамгершілік қасиеттерін үзіп-жұлып болсын өзгелерге жеткізуге ұмтылғаным анық. Көпке мәшһүр белгілі жайттарды шиырлап қайталамай, дара қолтаңбасын, жазу стилін тәптіштемей, керісінше пендешілік адами қасиеттерін жарқыратып көрсететін эпизодты жаңғыртқанды жөн көрдім.

Алып адам, батыр адам аңғал келеді демекші, бірде Мыңбай ағамыздың өз аузынан естіген осынау оқиға еріксіз еске түскен. Амалсыздан езу тартқызып, мыр­сылдатқан. Аңқау ағамыздың бір күнде екі тойға барып, екі мәрте шабыл­ға­ны жа­йын­дағы қызықты көріністі жана­ры­ңыз­ға елестетіңізші.

Әдеттегі сенбі. Түннің бір уағына шейін «Жалын» журналының тапсырмасы бойынша екі-үш орыс жазушысының әңгімелерін тәржімалап, балконға қисая салған Мәкең күн шықпай оянып кетеді. Алматының аптапты жазында үнемі балконда ұйықтайтын ол таудан лекіген таңғы самалда рақаттанып, әжептәуір сергіп қалады. «Қой бүйтіп езіліп жата бергенше, саяжайға барып келейін. Күнұзақ не істеймін. Кешкі тойға үлге­ре­міз…» Тездетіп жуынып-шайынып, Клара жеңгейді мазаламай тілдей запис­ка жазады да, ертелетіп саяжайына тартып кетеді.

Реті келіп тұрғанда Мәкеңнің атына айтар өнегелі әңгіменің бірі о кісінің ең­бек­қорлығы. Өмірбақи қалада тұрып, қалам ұстап жүрген ақсаусақтардың санатына жатпайды. Жер тырмалап, жер еміп өскен нағыз оңтүстіктің сүйел­ала­қан сүй­кімді шаруасындай. Көгілдір көктем шы­ғысымен сарыала күзге дейін бір тынбайды-ау. Ұлан жаз оны саяжайдан табасыз. Қаламнан босай қалған мезетін текке жібермей бау-бақшасын баптап жүргені. Ала шапанын белінен буып алып, күні бойы жер шұқып, жеміс ағаштарын суарып, ертелі-кеш белін бір жазбайды. Сондықтан да болар, егемендіктердің арасынан ең алғашқылардың қатарында Мыңбай ағаның бау-бақшасы жайнап, өрігі мен алмасы, жүзімі мен алшасы мәуелеп жемісін берді. Үш қабатты даңғарадай кірпіш үй бой көтерді. Бірін айтып біріне кетеміз. Қасиетті Отырар топырағында туып-өскен ұлағатты ағамыздың қай ісі де, қай еңбегі де елең еткізерлік.

…Содан Мәкеңнің тіл-хатын оқып, тастүйін әзірленіп отырған Клара жең­гем­ді кешкі алтыда апыл-ғұпыл таксиге мінгізіп, ВДНХ-ның ішіндегі «Достық» мейрамханасына қолтықтап кіреді. Даңғұр-дұң­ғы­р музыка. Той әлдеқашан басталып кет­кенге ұқсайды. Майлы қа­сық­тай лы­пып тұрған асаба жігіт құрақ ұшып қарсы алады. Кешігіңкіреп қал­ғандарына ың­ғай­сыз­дан­ған Мыңбай аға кешірім өтініп, асабаға қо­лындағы бір құшақ гүлді ұсы­на салады. «Жас­тардың алдындағы ваза­ға өзің апарып жайғастырасың ғой…»

– О жағынан қам жемеңіз. Қаты­ра­мыз, – дейді әлгі әлекедей жаланып. – Кәне, штраф­нойды тартып жіберіңіз ал­дымен. Бақан­дай жарты сағат кешігіп кел­діңіздер. Сосын сөйлейсіз…

Іле-шала Мыңбай ағаға сөз беріледі. Аш өзегіне түсіп кеткен «штрафнойдың» буымен көсіліп сөйлеген ол жас жұбай­лар­ға тілектерін жаудырып:

– Мына азғантай сыйымызды көптей көріңіздер, – деп костюмінің ішкі қалта­сы­нан семіздеу конвертті алып асабаға ұстатады. – Төрдегі жастарға өзің тап­сы­рарсың.

Ду қол шапалақтап, музыканттар дабырлатып тушты ұрып-ұрып жібереді. Екі-үш рүмкені өз орнына қондырған арқа-жарқа Мәкеңнің құлағына Клара жеңешем біртүрлі күдіктене сыбырлай­ды:

– Байқадың ба, үйленіп жатқан жігіт­тің аты да Серік екен. Бірақ біздің құда бала Серікке ұқсамайтын секілді.

Екі көзі шарасынан шыққан Мыңбай аға төрдегі жас жұбайларға аңтарыла қара­ғыштай береді. Сонда барып жаңылысқанын сезеді.

– Тойлары осы «Достықта» емес пе еді. Шақыру билетіне қарашы…

– Шақыру қағазы жазу үстеліңде жатыр еді ғой. Алмағансың ба? Меніңше, онда Достық даңғылындағы мейрамхана деп жазылған тәрізді.

– Мүмкін. Бә-с-е, құда-құдағилар да көрінбейді. Өңкей біз танымайтындар… Жүр, асабаға ақырын ғана айтып, тездетіп шығып кетейік ешкімге білдірмей…

Сөйтіп, аңғал ағамыз жол-жөнекей гүл базарынан тағы да бір құшақ гүлін, сый-сияпатын алып Достық даңғылы бойындағы мейрамханада өтіп жатқан екінші тойға қатысыпты.

 

Көңілдің төрінде

Естелік екі рет жазылмайды. Сон­дық­тан да көңілдегі көрікті ойлар ша­шырамай тұрғанда Мыңбай аға­ның адами бейнесін ажарландырып, пен­де­шілік тұлғасын толықтырар елеу­сіз­деу штрихтардың бір-екеуін түйіп жеткізгім келеді.

Елгезек ағаның өмірге деген құш­тар­лығы, маңайындағы адамдарға деген ықыласы мен назары бөлекше-тін. Уақыт үдерісіне ілесе білген ағаның ініге ізеті, үлкенге құрметі айрықша байқа­ла­тын. Жүріс-тұрысы, сөз саптауы, ең ақыры кішігірім көрінер ұсақ-түйек іс-әрекетінің өзінен тәлім-тәрбие әліппесін оқығандаймыз. Өнеге өрнектерінің қарапайым әдептен құралып жататынына көбіне мән бермейміз-ау. Мәкең бүкіл ұжымның құрметтісі бола білді. Редакция өмірінде болып жататын думанды кештер мен той-томалақтың ұйытқысы да еді. Ән салып, би билегенде өнерпаздардың көшін бастайтын. Қазақ операларынан арияларды, халық әндерін шебер де нәшіне келтіріп орындайтын. Клара жеңгей екеуі қосылып сызылта ән салғанда кейінгі толқын – жастар жағы тәнті болатынбыз.

Не нәрсеге де сергек қарайтын Мәкең сонау бір жылдары дағдарысты, тап­­шы­лық кезінде Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы меншікті тілшіміз Еркін Қыдырды жанына ертіп алып Шым­кент­тегі әйгілі «Восходтан» өз баға­сы­на ондаған костюм алып келгені де есте. Сөйтіп, Мәкеңнің арқасында редакцияның бүкіл жігіті екі-үш костюмнен киіп, бір жасап қалған. Рес­пуб­ликалық теледидардың тікелей ұйым­дас­тыруымен өткізілген дарындылар мен білімділер сайысында да үздіктер сапы­нан табылған – өзіміздің Мәкең.

Өмірінің соңғы жылдарында дөң­ге­лен­те шоқша сақал қойып, иман­ды­лық жолына бет бұрған Мыңбай ағаның елордадағы екінші үйі «Егеменге» бас сұғуы – біз үшін үлкен қуаныш. Әлі де осы әсер үстіндеміз.

Ендігі жерде жақсы аға хақында тек естелік айтармыз. Көңіл төріндегі оның асыл бейнесін замандастары қа­рым­ды қаламгер, әріптестері елгезек аға, ұрпақтары ұлағатты әке-ата ретінде еске түсірері анық. Бұған да шүкіршілік. Бұл пәниде қаншама адамдар елеусіз, еске­русіз ұмыт болып жатыр десейші. Тәубе!..

 

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты