Руханият • 26 Маусым, 2020

Қызыл арайлы кештің жалқыны немесе әріптес туралы үзік сыр

644 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бидай өңді, домалақ жүзді жас жігіт бізді жайдары қабылдады. Жұмсақ қара шашына бриолин майын сүйкей жағып, оң жаққа әсемдеп қайырып тарапты. Баданадай аппақ тістерін көрсетіп, қолын бірінші ұсынды.

Қызыл арайлы кештің жалқыны немесе әріптес туралы үзік сыр

СУРЕТТЕ: Ұзынағаш. 1982 жыл, қыркүйек. Аудандық газеттің 50 жылдық мерейтойына келген мәртебелі меймандар.

– Нешінші курс дедің?..

Мен үшін Мәлік жауап берді.

– Екеуміз де журфактың сырт­­тай бөлімінің екінші курсын тәмамдап тастадық, Нақа аға.

Журфактың бірінші курсынан дәрісті толық алмай жатып, оқудан шыққан, студенттік аудиторияға енді қайтып оралу­дың жолын таппай, мың батпан мұңмен күн кешкен мен бейбақ түкірігіме шашалып қала жаздадым. Абырой болғанда, назары Мәлікке ауған ағамыз ме­нің қапелімде қобалжи қал­­ғанымды аңғармады. Алма­тыдан шығатын бар газетті сү­зіп оқитын кезіміз. Есімі «Ле­­ниншіл жастан» өте жақ­сы таныс Нағашыбек Қапал­бековпен, Мәліктің Нақа аға­сымен, бар болғаны танысуға келгенбіз... Өң мен түстің ара­сында мені – «журфактың үшінші курс студентін» қыз­метке қабылдайтын болды! Кеңседен шыққан бойда Мә­лікке шүйліктім: «Үшінші курсты сен қайдан шығардың, ер­тең шындықтың беті ашылса қайттік, мен люмпен-пролетариат емеспін бе?!»

Жалғыз әжесінің тәрбиесі­мен өскен жан досым саспады. Қуаныштан жүзі алау­лап, «И-ий... байғұс бала, қу шешек...» деп әңгімесін құдды әжесі құсап бастады. «Сен оқуға қайтіп бас сұғудың жайын ойласайшы, бізге Нақа ағам шанс беріп тұр. Түсіндің бе?! Газетке шыққан мақалаларды жиып-теріп, редакцияда істейді деген анықтаманы алып, деканның төтелей өзіне барамыз...»

 * * *

Корректорлық редакция­да­ғы ең төменгі дәрежедегі қызмет екен. «Барып кел, алып кел» міндеті қосымша жүктелген. Редакторымыз Әбілғазы Тоғыз­баев аға­мыздың қысқа-нұс­қа дәрісінен ұққаным, газет – тым күрделі өндіріс, яғни мен «қып-қызыл шоқтың орта­­сына түстім».

Сонымен, мен қандай ор­таға түстім!? Кеңседегі жа­сы кемел ең үлкеніміз – Ха­ным­­бүбі Ақжолова апамыз. Ауыл шаруашылығы бөлімін бас­қарады. Бастауыш партия ұйымының хатшысы. Қа­зақстан «қызыл журналис­ти­ка» институтының алғашқы түлектерінің бірі. Хат бөлімі­нің меңгерушісі – Еркін Құт­­пан­баев. Фельетоншы. Ұмыт­паймын, лездемеде алғаш осы Еркін ағамның аузынан құйттай мақтау естігем... Редак­тордың орынбасары Жұмағали Жұмаділов – әзілқой, тапқыр, ойлы жан. Мақаланы тек қа­на қалта блокнотына қарап оты­­рып, «диктовкамен» жаза­тын Жұматай Қалығұлов ағам­­­ның бір өзі – бір редакция! Шетінен сын мергендері, сұрмергендер! Корректорлықты маған өткізіп, тілшілікке бой ұрған Есенқұл Жақыпбеков – түйдей құрдас. Тез тіл табы­сып, шүйіркелесіп кеттік. Біл­генін талмай үйретті. Күні бү­гін Жұмабай Шаштайұлының жазу үсте­ліндегі өте майда әріп тізбелерін көр­генде аудандық кеңседегі ақ параққа ыж­даһатпен түсіріп отыратын болашақ зор жазушының қолтаңба әріп-бел­­гілерін көз алдыма елестетемін. Заты фототілші демесең, Сейітхан Молдахметовтің тұла бойын тұмшалап тұнып жататын жыр шумақтары, тосыннан сауылдап келіп құйылуға шақ тұратын. «Суықтөбе» атты сырлы әнімен танылған әнші, композитор, әрине, журналист Жолдасхан Құрамысов ағам мен Қазақ радиосының даңқты дикторы Сарагүл Нүсіп­баева да осы редакцияда қызмет етті, ой-хой! Көп ұзамай қатарымызға орақ мұрын, қияқ мұрт Манарбек Ізбасаров келіп қосылды. Әмбебап! Сурет түсі­реді. Фельетон жазады, радио ісін де меңгерген. Ақын. Ән­ші, асаба... Ал бас штабтың бастығы – жауапты хатшы На­­ғашыбек Қапалбеков осындай кіл мықтылар бас қосқан шы­ғармашылық ұжымды шашау шығармай, иіріп ұстады, кез келген игілікті істе ұйытқы бола білді!

 * * *

Әп-әдемі қалыпқа түскен га­зет нөмірі кешкілік, апақ-са­пақта ойламаған жерден быт-шыты шығып бұзылады. Аупарт­комның науқандық жиыны­нан оралған редактор тағат таппай отырған Роза апамызбен көл­дей мақаланы машинкаға же­делдетіп басып, «Менің бұл есе­бімнің бас жағы бірінші беттен салынуы тиіс, жалғасын қай бет­ке жайғастырасыңдар, оны ойластырыңдар, соңы төртінші бетке түсіп кетіп жүрмесін» деп, бұйыра нұсқау беріп асығыс кетеді. Жауапты хатшы Нақаңды таяқ тастам жердегі үйінен ша­қыр­тып уақыт оздырғанша, өзі үйреткен «әліппеге» сүйеніп, дереу дайын бетті «бұзып» тәуекелге баруға бел байлап үйренгенім сонда. Кеңседегі ең кіші қызметкердің «көзсіз ерлік жасап» тәуекел етуінің өз себебі бар-ды! Кешкі 19.00-ден соң Қарғалыға қарай автобус қатынамайды. Ұзынағаш пен екіарада ол кезде жүретін жай көліктің өзі некен-саяқ. Межелі уақыттан кешіксем, «далада» қаларым хақ. Сондықтан да жанұшырып бетті өз бетім­ше бұзып, бет қаттаушы Ұлту­ған­мен тіл табысып, оны қай­та қалпына келтіріп, газетке ертерек «жарыққа» деген рұқ­сат қол қойдыру үшін ке­зекші журналиске жүгіріп, ала­шапқын болуға тура келді. Әл­денеше рет осындай сыннан аман өттім. Бірақ... бір күні арқасүйер Нақаң ағам екеу­міз редактордың алдында отыр­дық. Тілдескенде көзіл­ді­рі­гін мұрнының ұшына тү­сіріп қоя­тын Әбілғазы ағам: «Шы­рағым, газеттің ерте, уақтылы шыққа­ны өте жақсы, алайда «сапогпен», «колбасамен» шық­қан газеттің құны көк тиын! Нағашыбек, осы жағын ес­ке­ріңдер...» деп, аса дауыс көтермей кабинетінен жеке мені ың-шыңсыз шығарып салды (жаны жайсаң ерекше ғажап жанның рухына мың тағзым! – авт.) Өз басым редактордың мұнысын жауапты хатшыға зіл тастағаны ғой деп түйсіндім, қарадай қатты қысылдым.

Өмірде кісі баласына рен­жігенін байқатпайтын На­­қаң-ұстазым екеуміз сол кү­ні бір бума макет-жоба­ны алды­мызға жа­йып салып, жат­ты­ғу­ға кірістік. Газет бе­тіне салынған мақаланың бір шеті геометриялық тік төртбұ­рыш – шаршыдан бұлтиып шы­ғып кетсе, редактор кейіген «етік» дегеніңіз сол, ал, бетке ұзыннан ұзын бір-екі бағанды түгел алып, сала-құлаш салбырап салынған мақала – «шұжық!» Қаншама макет-парақ сызылып, шиырланып қоқысқа тасталды. Газет бетінде мақала мен сурет кәдімгі кірпіш қалағандай қиюласуы тиіс. Әрине, оңай емес. Мақаланы «кірпіш-макетке» лайықтап күзесең, автордың құқын аяқ асты етесің, басың дауға қалады. Тұңғиық һәм тынышсыз бір әлем! Көктем шы­ғып, жаухатшымызға журфактан 5-ші курс сессиясына шақыру қағазы келді. Бас штабтың – секретариаттың жауапкершілігін кімге жүктей­міз деген сауал туды. Нақаң мені редакторға алып кірді: «Лайық. Мен сессиядан оралғанша жаухатшылық қызметті тап-тұйнақтай етіп орындайды. Пісірдім. Сенемін...» Тоғызбаев ағам сөзге келмей небәрі тоғыз ай редакциядағы ең төменгі жалақымен, ең төменгі қызмет атқарған корректорға жауап­ты хатшының қызметін атқарады деп бұйрық шығарды. Айлығым 80 сомнан бірден 150 сомға көтерілді. Орныма дереу кор­ректор іздедік. Рәтбекті қала­дым. Нақаң жымиып қолымды қысып, «Саспа, бәрі ойдағыдай болады. Әне-міне дегенше мен де кеп қаламын...» деп жігер­лендіргенмен ертесіне-ақ бойым­ды белгісіз үрей билеп берді. Бақсам, арқамда жаухат­шының өзі тұрған соң жауға шапқандағыдай тосыннан пайда бола кететін батылдық екен мендегі. Газет өндірісіндегі сынақ, нағыз шыңдалу мектебі басталды...

 * * *

Нақаң университетті бітір­генше мен «тақтан» түспедім. Өзім де титықтап біттім. Сес­сиядан соң іле еңбек демалысына кетті, одан Жазушылар одағының сапарламаларына аттанды. Одан диплом жазу... Жас жазушылардың республикалық кеңесінен марапатпен оралғанда бәріміз қуандық. Атақты жазушы Тәкен Әлімқұлов жас жазушы Нағашыбек Қапалбековтің мөлтек әңгімесіндегі қой ба­уыздалғандай қызыл-қан түс­тің күннің қызыл арайла­нып батуымен теңегенін құ­зыр­лы жиналыста қызыға, қы­зына мақтапты! Көпке дейін ол бейнебір күллі «Екпінді ең­бекті» мадақтағандай әсерде жүрдік. «Ортамызда талантты қаламгер жетіліп келеді, жі­гіттер», деді редакторымыз...

Өстіп жүріп газетіміздің жарты ғасыр­лық мерекесін тойлайтын күнге жеттік. Ол – 1982 жыл еді! Судай жаңа редакторымыз Нағашыбек Қапалбеков өзі бас болып Алматыдағы кіл жақсыларды – атақ-дақ­пырты айға жеткен әріптес аға­лар­дың бірін қалдырмай тойға шақырды. Аттарынан ат үркетін меймандардың келуін толқи жүріп күттік. Біздің буын үшін осы жиынның тәлімдік тұстары күткеннен де асып түсті! Алматыдан бір топты Балғабек Қыдырбекұлы, бір топты Шерхан Мұртаза ағаларымыз бастап келді. Сырбаз Сейдах­мет аға Бердіқұловтың өзі қан­дай, соңынан ерген «лениншіл­жастық» дүр жігіттері қандай! Халық алдында сондай беделді Шерағам сонда 50-де, сыйлас досы Сейдахмет аға Берді­құлов небәрі 49 жаста екен!.. Ұзын-саны 7000 данадан асатын аудандық газеттің мерекелік нөмірі Алматыдағы Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің баспаханасында аппақ қатты қағазбен, түрлі-түсті бояу­­мен басылып шықты. Елі­міздегі ешбір аудандық га­зет­тің өмірінде бұрын-соң­ды болмаған бұл тарихи оқи­ғаға себепкер Нағашыбек Қа­палбековтің тікелей өзі еді. Той соңында жақсы ағалармен жапа-тар­ма­­ғай армансыз суретке түстік, бата алдық.

Өз тұсында бұл Нақаңның «Екпінді еңбекте» қызмет ет­кен қаншама журналиске шарапаты тиді! Сол жылдары редак­цияға балалар жазушысы Мұхаметжан Етекбаев пен тарихшы-журналист, төкпе ақын Базарбек Атшабаров аға­ларымыз қызметке келді. Мүйізі қарағайдай-қарағайдай журналист-ақындар Әлімжан Дәуіт, Рәтбек Терлікбай, Нүсіп Әбдірахимдердің қалыптасқан, шыңдалған ұстаханалары осы жер. Ержан, Бейсен, Әлім, Олжабай, Керімбай, Бақыт­гүлдер, шіркін, нағыз газет үшін жаралған жайсаңдар-тын! Айтыста аты озған қай­ран Ешоның – Есенқұл Жа­қыпбектің редакцияда алғаш жас ақындар үйірмесін ашқа­ны сол жылдардың іші! «Ек­пін­ді еңбек» («Атамекен») ұстаханасында шың­далып, суы­тылған тілші-журналист қанатын қомдап ара-тұра кезек-кезегімен үлкен Алматыны бетке алып жататын.

 * * *

Арада... сынаптай сырғып сан жылдар өтіпті де ке­тіпті. Жадымда өшпес суреттей сақталған сәт – алғашқы таныстық, жан досым Мәлік пен оның Нақаң ағасы! Сол баданадай аппақ тіс, жайдары күлкі! Айнымаған баяғы Нақаң! Оң жаққа әдемі қайрылған... Самайдан өрлеген күміс қырау өткен мазмұнды жылдардың маңызын сипаттап тұрғандай көзге ұрады!

Ол – бүгінде шығармалары әлем тілдеріне аударылған бел­гілі қаламгер-романист, жамбылтанушы үлкен ғалым, профессор, қоғамтанушы академик Нағашыбек Қапалбековке айналған тұлға. 1969 жылы (2-15 наурыз) Даман аралын қытай әскерлерінен кеудесін оққа төсеп қорғаған кеңестік жа­уынгер Нағашыбек Қапалбековтің ерлігін жалпы жұрт білмейді-ау?! Оған әр жылдың бір-ақ күні – қаруластар ортасында бір-ақ рет киілетін китель төсіндегі алаулаған «Қызыл жұлдыздар» куә!.. Ерлігінің тағы бір белгісі – Құттықтау хат! Ондай марапат Қазақстан Пре­­зиденті Қ.Тоқаевтан келген. Ресей Президенті В.Путиннен де келді. Ол енді... болашақ әңгіменің желісі!

 

Талғат СҮЙІНБАЙ

 

АЛМАТЫ