Аймақтар • 27 Маусым, 2020

Қарағандыда БАҚ өкілдері "Алтын сұңқар" сыйлығына ие болды

554 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қарағанды облысы әкімінің "Алтын сұңқар" сыйлығы табыс етілді, – деп хабарлайды Egemen.kz

Қарағандыда БАҚ өкілдері "Алтын сұңқар" сыйлығына ие болды

Аталған сыйлықпен өңірлік медиа саласының үздік қызметкерлері 2006 жылдан бері марапатталып келеді. Осы уақыт аралығында "Алтын сұңқар" сыйлығымен 192 журналист пен бес БАҚ ұжымы марапатталған екен.

Биылғы байқауда 120 үміткер бақ сынады. Олардың ішіндегі ең үздіктерді арнайы құрылған байқау комиссия мүшелері таңдады.

Бұл жолы карантиндік шектеулерге байланысты әдеттегідей салтанатты іс-шарадан бас тартуға тура келді. Оның орнына лауреаттарды марапаттаудың теленұсқасы Saryarqa облыстық телеарнасының эфирінен көрсетілді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен журналистика ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, қазіргі қалыптасқан күрделі жағдай кезеңінде адамдарға шынайы ақпаратты жеткізуге және үрейге жол бермеуге көмектескендері үшін алғыс сезімін жеткізді.

Бұдан соң өңір басшысы конвертті ашып, "Қарағанды журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін" арнайы сыйлығының иегерін атады. Бұл марапатқа биыл шыға бастағанына 90 жыл толған аудандық "Қарқаралы" газетінің ұжымы ие болды.

Облыс әкімінің сыйлығына қалған 10 аталым бойынша мына жеңімпаздар  ие болды:

Батырбек Мырзабеков, Ұлытау ауданының журналистика ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – "Мамандығына адалдығы үшін";

Ләззат Қожахметова, "Айқын" республикалық газетінің меншікті тілшісі – "Белсенді өмірлік ұстанымы үшін";

Олег Битнер, 101TV.KZ қоғамдық интернет-теледидарының операторы және фото тілшісі – "Объектив шебері";

Салтанат Балтабай, "Жаңаарқа" аудандық газетінің тілшісі – "Ауыл тақырыбын үздік жариялау";

Мақпал Орынбетова, "Дидар" телеарнасы директорының кеңесшісі, бас продюсер – "Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау";

Ботабек Тілегенов, Saryarqa облыстық телеарнасының редакторы – "Өндіріс тақырыбын үздік жариялау";

Анна Строкова, "Ekaraganda.kz" ақпараттық агенттігінің тілшісі – "Алғашқы табыстары үшін";

Жаслан Иса, "Бірінші Қарағанды" телеарнасының директоры – "Жылдың үздік шығармашылық жұмысы";

Марал Әйнекова, "Ortalyq Qazaqstan" облыстық газетінің аға дизайнер-бет қаттаушысы – "Мәнер мен атқарымдылық үшін";

Фархат Кенжетаев, "Индустриальная Караганда" облыстық газетінің тілшісі – "Еңбек адамы" тақырыбын үздік жариялағыны және насихаттағаны үшін";

Қасымхан Ғалым, "Ortalyq Qazaqstan" облыстық газетінің тілшісі – "Дін тақырыбын үздік жариялағаны үшін".

Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық және дипломдар мен естелік мүсіншелер табыс етілді.

Қарағандылық БАҚ өкілдерін "Egemen Qazaqstan" РГ АҚ Басқарма Төрағасы Дархан Қыдырәлі, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, "Астана" телеарнасының бас директоры Құрманбек Жұмағали бейне көрініс арқылы құттықтады.