Руханият • 30 Маусым, 2020

Жасампаздық пен ерен еңбек дәуірі

406 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Жасампаздық дәуірі» кітабының онлайн-таныстырылымы өтті. Аталған еңбек Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына және оның негізін қалаушы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөліне арналған басылымдар библиографиясынан ерекше орын алары сөзсіз.

Жасампаздық пен ерен еңбек дәуірі

Бұл шығармашылық жобаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков бастаған бір топ авторлар ұжымы ұсынды. Олардың қатарында Асқар Молдағаринов, Әділ Тұрсынов, Нұрлан Ыбырайым, Нұрлан Жұмабеков және Әлібек Қуантыров бар.

Онлайн-таныстырылымға белгілі ғалым-сарапшылар қатысты, олар: Қазақ­стан Республикасының Президенті жанын­дағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры, әлеуметтік ғылымдар докторы, ҚР ҰҒА академигі Зарема Шәукенова, ҚР Конституциялық кеңесі­нің бұрынғы төрағасы, заң ғылым­дары­ның докторы, профессор Игорь Рогов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры, тарих ғылым­дарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты директоры Ержан Салтыбаев және тағы басқалар.

Ой-пікірлерін ортаға салғандар арасында алыс және таяу шетелдердің сарапшылары да болды, мәселен: Мичиган университетінің профессоры, Еуропа, Ресей, Еуразия зерттеулері орталығы дирек­торының орынбасары Тимур Кожа­оглу (АҚШ), ғылым докторы, Еуразия жазу­­шылары одағының төрағасы Иакуб Өмеро­глу (Түркия), Әзербайжан Респуб­лика­сы Милли Меджлисі депутаты, Әзербайжан Президенті жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясы Саяси зерт­теулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Эль­ман Насиров, М.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университетінің Қазақ­стандағы филиалының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Александр Сидорович (Ресей), түрколог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыралы Қоңқабаев (Қырғызстан).

Онлайн-таныстырылымды Елба­сы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасым­беков бастап берді.

– Мемлекет құрудың халықаралық тәжі­ри­бесінде Тұңғыш Президенттің бас­­шы­­лығымен Қазақстан жүзеге асыра ал­ған­дай қоғамды түбірімен және тиімді өз­гер­тудің мысалдары қазір аса көп емес. Сон­дықтан Қазақстан мемлекеттілігінің негі­зін қалаушы, көрнекті реформатор-стра­тег, жаһандық ауқымдағы саясаткер реті­ндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей тұлға­сы­ның феномені бірнеше ондаған жыл бойы өз елімізде де, сыртта да қоғамның зор қызығушылығын тудырып келе жатуы әбден заңды, – деді Махмұт Базарқұлұлы.

– Мыңжылдықтар тоғысында, Кеңес Одағы құлаған қиын кезеңде Елбасы бастамашылық еткен осы тарихи үдерісті тұжы­рымдамалық тұрғыдан бөле-жа­рмай тұтас күйінде қабылдау идеясы «Жасам­паздық дәуірі» кітабының басты өзегіне айналды. Кітапта Нұрсұлтан Әбішұлы сая­си басшылық жасаған жылдарда еліміз жеткен басты жетістіктерге, Елбасының мемлекеттік және қоғамдық көпқырлы қызметіне жан-жақты және терең зерттеу арқылы талдау жасалған, – деді спикер.

– Басылым атауы Елбасының іргелі идея­лары мен ой-толғамдарының жүзеге асқан көрінісіндей белсенді, қажырлы еңбекке, барлық ортақ ресурстар мен жұмыл­дырылған күштерге, тынымсыз ізденіс пен жаңалыққа, маңызды ашылымдар мен серпінге толы сол заманның биік рухын дәл танытады. Кітапта Тұңғыш Президенттің алдағы ондаған жылдағы еліміздің дамуының басты бағыттарын анықтап берген, өзара қисынды байланысқан және стратегиялық маңызы зор шешімдерінің толық сипаты көрініс тапқан. Авторлар ұжымы түрлі сала бойынша тақырыптық материалдар мен фактологиялық базаны жинақтау, жүйелеу бағытында зор жұмыс атқарып шықты, – деп жалғастырды сөзін жоба жетекшісі.

– Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқына арнаған жолдауларына, сол кезеңдердегі бағдарламалық, нормативтік және құқықтық құжаттарға, статистикалық деректерге талдау жасау арқылы жүргізілген зерттеу тақырыбының өзегін мемлекет құру, әлеуметтік-экономикалық және қо­ғам­дық-саяси даму, сыртқы саясат, Қазақ­станның болашақтағы перспективалары сияқты маңызды салалар құрайды, – деді М.Қасымбеков.

– Елбасының кітапта айтылған шығар­машы­лық-жасампаздық идеялары мен істері қазақстандықтардың бүгінгі және бола­шақ ұрпағы үшін ешқашан құнын жоғалт­пайды. «Жасампаздық дәуірі» кіта­бы тәуелсіз Қазақстан тарихының ме­мле­кетіміз үшін айрықша маңызды кезеңі­нің құнды дереккөзі ретінде ғалымдар мен сарап­шылар қауымының, қалың жұртшы­лықтың зор қызығушылығын тудырады деп ойлаймын, – деп түйіндеді сөзін жоба жетекшісі.

Мичиган университетінің профессоры, Еуропа, Ресей, Еуразия зерттеулері орталығы директорының орынбасары Тимур Кожаоглу былай деді:

– Ұсынылып отырған еңбекте Н.Ә.Назарбаев негізін қалаған Қазақстанның стратегиялық даму бағытының айқын ерек­шелігі болып саналатын, Елбасы жүзеге асыр­ған өзгерістердің қисындылығы, жүйе­л­ілігі, тұтастығы, ауқымдылығы атап көр­сетілген. Елбасының мемлекеттік идеоло­гемасының экономикалық даму доми­­нант­тылығы, жаңғырулардың эволю­ция­лық сипаты, экономикалық және саяси рефор­малардың жүйелі үндестігі, прагма­тизм мен сыртқы саясаттағы көпвек­торлылық, қоғамдық сананың жаңғыруы сияқты негізгі қағидаттарына айрықша көңіл бөлінген.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының ба­сын­дағы нақты жағдай бұрынғы Одақтың бар­лық республикасын ауыр қиындыққа ұшыратты.

Қазақстан үшін «уақыттың сын-талабын жіті сезініп, республикада және сыртта болып жатқан қоғамдық-саяси үдерістер сипатына дұрыс баға бере алатын жаңа буынның көшбасшысы ауадай қажет болды», деді сөйлеуші.

АҚШ профессорының пікірін­ше, орын алған жаппай дағдарыстың қиын түйінін батыл шешудің қажеттігі айқын көрініп тұрды. «Мемлекетті жаңғырту, егемендікті нақты іс жүзіне асыру, түбірімен өзгеріп кеткен геосаяси жағдайлар кезіндегі елдің лайықты орнын айқындау» сияқты күн тәртібіндегі міндеттер шынымен аса ауқымды еді.

– «Жасампаздық дәуірі» кітабының өзін­дік ерекшелігі – Қазақстан Республика­сы­­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың саяси философиясы мен мем­ле­кеттік стратегиясын тарихи-саяси ретро­спектива арқылы шебер астастыра алуы. Ав­торлар Елбасының елді таныту жолын­­дағы мемлекеттік және қоғамдық көп­қыр­лы қызметінің негізгі қырларын жүйелі қара­стырған. Басылымның зерттеу­шілік және дүниетанымдық тұрғысындағы маңыздылығы, міне, осында, – деп түйіндеді сөзін Т.Кожаоглу.

Еуразия жазушылары одағының төрағасы Иакуб Өмероглу өз баяндамасында «Назарбаев феноменінің» талданған ерекшеліктеріне тоқталды.

– Кітапта Елбасы феноменінің маңыз­ды сипаттамалары мен қырларын айшық­тап көрсететін аргумент-уәждемелер кел­ті­рілген. Мені Н.Ә.Назарбаевтың праг­ма­тикасы мен логикасының қуаты таң­ғал­дырады. Әлемдік тәжірибеде берік орныққан Нұрсұлтан Назарбаев феномені кітап мазмұнының бүкіл өн бойынан көрініс тауып отырады. Түрлі мінберлерден сан рет айтылған «тәуелсіз Қазақстанның негі­зін қалаушы, дана стратег, ұлы реформа­тор, қазіргі заманның көрнекті саяси көшбас­шысы» деген саяси сипаттамалар – Елбасы қай­рат­керлігінің көпқырлылығы мен белсен­ділігінің айқын дәлелі, – деді баяндамашы.

– Ұсынылып отырған талдау, – деп сабақтады сөзін түрік сарапшысы, – шын мәнінде, әрдайым «жүйелі де ауқымды ойлай отырып, уақыт көкжиегінің арғы жағына көз салуға ұмтылған, оқиғалар мен үдерістер барысынан тұтас жылдар мен онжылдықтарға алға озып кетуге тырыс­қан» Елбасының саяси ұстанымының органикасын нақты көрсетеді.

Басқосудағы сөзді жалғастырған Әзер­б­ай­­жан Милли Меджлисінің депута­ты, про­­фессор Эльман Насиров:

– Қазақстан мен Әзербайжан – тамыры, түбі бір, тарихы ортақ, бүгіні де ұқсас түркі мемлекеттері. Екі елдің тарихы дәстүр сабақтастығы, толеранттылық пен әлемге ашықтық тұрғысынан да, Каспий жағалауына қатысты мүдделерінің ортақтығы мен тығыз экономикалық байланысы жағынан да көбінесе үндесіп жатады, – деді.

Дипломатиялық қатынас орнатқан кезден бері Қазақстан мен Әзербайжан егемендіктің нығаюының, ауыр дағдарыс жағдайындағы өтпелі кезеңнің күрделі тұстарынан абыроймен өте алғанына тоқталған спикер қазіргі таңда ынтымақ­тастықтың стратегиялық сипат алып, орнықты дамып келе жатқанын айтты.

Бұл ретте Э.Насиров кітапта Каспий жаға­лауына қатысты ынтымақтастық мәсе­лелері, Елбасының интеграциялық идея­лары шынайы көрініс тапқанын атап өтті. Ол сондай-ақ түркі интеграциясы мәсе­лелеріне ерекше тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаев түркі бірлігі саласының көрнекті идеологінің бірі екенін айтты.

– Түркішілдікке деген өзге көзқарас­тар­дан Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше­лендіріп тұратын негізгі сипат – сезімге берілу мен популизмнен алыс, Түркі әлемінің интеграциясы арқылы ортақ пайда мен жете ойластырылған байыпты ұстанымға негізделген айқын страте­гия­ның әзірленуі.

Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев – бір өзі бір дәуірдің бейнесіндей адам. Осы екі компонент бұл кітапта мінсіз, үйлесімді қабыстырылған. Түркі әлемінің өкілі болып саналатын бәріміздің Елбасы көшбасшылығы феноменінен үйренеріміз көп, мақтан тұтарымыз мол, – деп қорытты өз сөзін Әзербайжан сарапшысы.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Александр Сидорович өз сөзінде былай деді:

– Н.Ә.Назарбаев дәуірі – жасампаздық дәуірі. Ол – бұл сөздің кең әрі ең терең мағынасындағы жасампаздық. Елбасының басшылығымен мемлекет құру ісіндегі, экономикадағы, демократиялық қағидалар негізінде саяси дамудағы, экономика­ның әлеуметтік бағытындағы жетістік­тері әлемге кең танылған тәуелсіз Қазақстан мемлекеті бекем орнығып, дамып келеді. Н.Ә.Назарбаевтың көптеген халықаралық бастамасы халықаралық ұйымдардың, өңірлік интеграциялық бірлестіктердің құрылуы, бейбіт бастамалардың орындалуы, өзара сенім шараларының қабылдануы арқылы нақты жүзеге асты.

«Посткеңестік кеңістіктегі түбірлі өзгеріс­­тер­дің қиын кезеңінде мемлекеттің басында тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы еңсе көтертпестей ауыртпалықтарға қарамастан, басты мұрат – мемлекетті құру міндетін орын­дағанын» айтқан спикер «оның қыз­меті – халықтың тағдырынан бөлек емес, кері­сін­ше жұрттың даму жолындағы талап-сұра­нысының, өз рөлі мен құндылықтарын сезінуінің көрінісі» екенін атап өтті.

Елбасының Мәскеу университетінде сөйлеген сөзін еске алған Александр Влади­мирович «Еуразия одағын құру идея­сы Еуразия кеңістігіндегі елдер халқы­ның мұң-мұқтажын тап басып, жаңа қағи­даттар бойынша бірлесуге деген үмітін жаңғыртқанын» айтты.

– Кеңес Одағы күй­регеннен кейінгі кезеңде ортаға тасталған бұл күтпеген ұсыныс-үндеу ең әуелі тәуел­сіздік идеясына қайшы сияқты көрініп, жас мемлекеттер тарапынан түсінбеу­шілік тудырғаны да рас, алайда тарих Елба­сы­ның тікелей атсалысуымен Еуразия эконо­микалық одағын құру арқылы әр мемлекет үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де өз тәуелсіздігін сақтау және нығайтумен бірге жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын көрсетіп берді, – деді баяндамашы.

Өзгеріс жасау міндетін орындау бағытын­дағы ұстанымның бірегейлігін Н.Ә.Назарбаевтың басқа да шешімдерінен көруге болатынын айтқан спикер сондай-ақ ХХІ ғасырда елдің жаңа астанасының бой көтеруі феноменін атап өтті. Н.Ә.Назар­баевтың табыс стратегиясы өз халқының тарихына және ел ішінде де, мемлекетаралық қарым-қатынаста да құнын жоймайтын достық, ынтымақтастық, өзара түсіністік сияқты баға жетпес құндылықтарға негіз­делгені айтылды.

Қырғызстандық профессор, түр­колог, тарих ғы­лым­дарының докторы Қадыралы Қоңқабаев жарық көріп отыр­­ған «Жасампаздық дәуірі» кітабы Қазақ­­стан Республикасының Тұңғыш Прези­­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев фено­­мені зерттелген еңбектер қатарынан лайық­­ты орын алатынына сенімді екенін айтты.

Спикер өз сөзінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев феноменінің сыртқы саясаттағы қырына тоқталып өтті.

– Тарихи тұлғаның стратегиясы жас мем­­­лекеттің қалыптасуы мен әрі қарай дамуы барысында алдына қойған бар­лық бас­ты мақ­сатына табысты қол жет­кізуін қам­тамасыз етті. Осы уақыт ішін­де сырт­­қы саясатта жасалған барлық қолай­лы жағ­дайлар әлемдегі көлемі жөнін­ен тоғы­зын­шы елдің егемендігін, қауіпсіздігін және аумақтық тұтастығын айтарлықтай ны­ғай­туға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бай мә­де­ни-гуманитарлық жылнаманы ашып көр­­сету, Ұлы дала елін жаңғырту және көр­­ші­лес мемлекеттермен өзара тиімді бай­ланыс орнату барысында халықаралық ынты­мақтастық айрықша рөл атқарды, – деді ол.

Сондай-ақ Қазақстанның және оның Тұңғыш Президентінің ядролық қарудан, ядролық сынақтар өткізуден бас тартуға негізделген, елді ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы қозғалыстың алғы шебіне алып шыққан қауіпсіздік мәселелеріне деген жаһандық ұстанымына кітап авторлары тарапынан жан-жақты талдау жасалғанын айтты.

 Елбасының бейбітшілік бағытындағы баста­малары республиканы әлемдік дін­дер мен кон­фессиялар өкілдерінің ашық диа­ло­гінің, бітімгершілік үдеріс­терін талқылаудың тиімді алаңына, Еура­зия экономикалық кеңістігіндегі мега­өңірлік интеграциялық үрдістер Орта­лық Азия ел­дері мен түркітілдес мемлекет­тер ынты­мақ­тастығы мүддесін өзара жақын­дастыру генераторына айналдыр­ғанын атап өтті.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың халықара­лық аренадағы аса белсенді, көпвекторлы және бейбітсүйгіш саясаты Қазақстан Республи­касының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, мейлінше беделді, салмақты және жауапты елдердің қатарынан өзінің лайықты орнын алуына септігін тигізді, – деп аяқтады сөзін Қ.Қоңқабаев.

Онлайн-таныстырылымда одан кейін сөз алған ғалымдар мен сарапшылар көтерілген мәселелердегі ойшылдық бастауларының қуаттылығын, талдаулардың жүйелілігі мен нақтылығын, фактологиялық тұрғыдан бай да мазмұнды екенін, стилистика жағынан сан алуандығын атап өтті. Олардың ортақ пікірінше, баяндалу мәнерінде кезек алмасып оты­ратын өткірлік пен философиялық сипат кітаптың зияткерлік деңгейін биік­тетіп, оқырманды ұдайы ширыққан көңіл күйде ұстап отыратыны бұл еңбектің табысты, оқылымды боларына еш күмән қалдырмайды.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры, академик Зарема Шәукенова былай деді:

– Елбасының отыз жылға жуық уақыт дана басшылығы кезінде Қазақстан үлкен биіктерді бағындырып, шын мәнінде әлемдегі беделді мемлекетке – Орталық Азия көшбасшысына айналды. Сондықтан «Жасампаздық дәуірі» ұжымдық моно­графия­сының жарық көруі – дер кезінде іске асқан маңызды оқиға.

Осы жылдар ішінде ел дамуының мем­ле­кеттік тәуелсіздік алуы, ауқымды жаң­ғы­рудың жүзеге асырылуы мен қоғам өмірі­нің барлық саласының реформалануы, орнықты билік құрылымының қалыптасуы тәрізді елеулі белестері артта қалды. Бей­біт­сүйгіш сыртқы саясат пен Тұңғыш Прези­денттің халықаралық бастамалары баршаның қолдауына ие болды. Елбасының жоспарлы ісі мен күш-жігері арқасында Қазақстанның барлық этносы мен конфессия өкілдерінің арасындағы татулық, достық, бірлік пен келісім мемлекетіміз табысының маңызды факторының біріне айналды, – деді Зарема Кәукенқызы.

– Елбасының ішкі саясатты іске асыру бағы­тында жете ойластырылған праг­ма­ти­ка­лық қадамдары егемендіктің қалып­тасуы­ның күрделі кезеңдерінде қоғам­дық құры­лыстың бір түрінен мүлде өзге екін­шісіне көшудің қиын белесінен ешқан­дай катак­лизм, сілкініс, азаматтық текетірес­терсіз өтуге мүмкіндік туғызды, – деді З.Шәукенова.

Оның пікірінше, авторлар ұжымы «Тұңғыш Президенттің басшылығымен осы жылдары елде жаңа саяси модель қалыптасқанын айшықтап көрсете алған».

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов басылымның негізгі контексіне тоқтала келе, оның басты құндылықтарын атап өтті:

– Біріншіден, Қазақстан Республика­сы­ның татулықты, келісімді, өркендеу мен адами құндылықтарға деген ілтипатты қарым-қатынасты сақтау идеясына адал­дығы, «бұл кезеңнің ең ұтымды да дәл сипат­тамасы – «Жасампаздық дәуірі» образ-метафорасы».

Екіншіден, кітаптың мерейтой жылында шы­ғып отырғаны: биыл тәуелсіздігіміздің және оның көшін бастаушы – Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың мерейлі белесі.

Үшіншіден, жас мемлекетімізде болып өткен оқиғалардың барлығының бел ортасында тұрған, алдымен кез келген ахуалды болжап-жобалап, артынан өзінің көздегеніне іс жүзінде қол жеткізе алған ең білікті әрі құзыретті сарапшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұлғасының және оның дәуірінің синхронды баяндалуы.

Төртіншіден, бұл басылымның өркен­де­ген Қазақстанды құрып, дамытып, онда өмір сүретін, еңбек ететін барша қазақстандықтарға, әсіресе жастарға – студенттерге, мектеп оқушыларына – тәуел­сіздік алған Қазақстанда туып-өскен, 1986 жылдан бергі тарихи кезеңнің көптеген тарихи өзгерістерінің қыр-сырын біле бермейтін ұрпаққа арналғандығы.

Академик Е.Сыдықовтың пікірінше, Қазақстан тарихының ресми оқулықтарында кездеспейтін, қалтарыста қалған көптеген жайттың жазылғаны басылымның басты ерекшелігі болып саналады.

Бесіншіден, ел тағдыры үшін зор жауап­кершілік жүктеліп, билік тізгіні берілген Елбасының рухани жағынан және тікелей өз өмірі тұрғысынан кітапта айтылғанның бәріне тікелей қатыстылығы көрініс тауып, оның басынан өткерген күрделі сезім­дері­нің кейбір сәттері бедерлі түрде берілгені.

Соңғысы – авторлар ұжымы жүйелеп, оқырманға ұсынған тарихи-саяси, әлеу­меттік-экономикалық дереккөз ретіндегі жобаның баға жетпес маңызы.

Конституциялық кеңестің бұрын­ғ­ы төр­ағасы, профессор Игорь Ивано­вич Рогов конституциялық құры­лыс­тың тарихын, 1993, 1995 жылдардағы Конс­титуцияның әзірленіп, қабылдануы үде­рістерін жариялап-көрсету мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

– Артта қалған ауқымды жолдың, алын­ған асулардың биігі тұрғысынан бүгін бізге сол белестерді тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуында баға жетпес рөл атқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасы арқылы терең байыптап, баға беру және жүйелеу – айрықша маңызды. Осы орайда Елбасы Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор М.Қасымбековтің басшылығымен бұл ұжымдық монографияның жарыққа шығуы – аса елеулі оқиға, – деді ол.

– Елдің Ата заңы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастамашы болған, ұзақ жылдық ұжымдық еңбектің нәтижесі. Кітапта тәуелсіз, экономикасы дамыған, әлемдік қоғамдастыққа кіріккен мемлекет құру жолындағы біздің ілгері басқан жолымызды регламенттейтін негізгі құжат ретіндегі Конституцияның қалыптасу үдерістері өте айшықты көрсетілген.

1993 жылғы Конституцияның және қолданыстағы қазіргі Конституцияның жобасын әзірлеу ісінің басында үнемі Елбасы тұрды. Бұл ретте, көріп отырғанымыздай, ол тек жұмысқа жетекшілік жасап қана қойған жоқ, Конституция әзірлеудің халықаралық тәжірибесін шұқшия зерттеп, Конституция мәтінімен тікелей өзі де жұмыс істеді, – деп жалғастырды Игорь Иванович.

Сөз сөйлеушінің пікірінше, авторлар конституциялық құндылықтарды қалыптастыру үдерісіне өте сауатты түрде талдау жасаған. Аталған іске Конституция әлеуетінің жан-жақты жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі Елбасының қатаң нұсқауы септігін тигізді.

– Н.Ә.Назарбаевтың: «Конституция мен заңдарды мүлтіксіз орындағанда ғана мемлекет тәуелсіздігі мызғымайды», деген сөзі Тұңғыш Президенттің стратегиялық бағытының әрқашанғы айнымас ақиқаты болды,– деді спикер.

Тұңғыш Президент – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев былай деді:

– Бұл – аса маңызды мәселе жөніндегі, бас кейіпкері Елбасы мен оған шынайы сенім артқан Қазақстан халқы бірлесе, ауыр ізденіс, қажымас еңбек арқылы аталған дәуірді сомдағаны туралы кітап. Авторлар Тұңғыш Президенттің қызметі арқылы елдің қазіргі келбеті оның көшбасшылық шешімімен қалай қалыптасқанын көрсете алған. Әңгіме тек ұлттық мемлекеттіліктің жаңғыруы мен қуатты институттардың құрылуы туралы ғана емес, сонымен бірге күрделі геосая­си жағдайдағы бірегей сыртқы саясат стратегиясының қалыптасуы жөнінде де болып отыр. Қазақстанға әлемдік аренадан лайықты орнын алуына мүмкіндік туғызған көшбасшының стратегиялық ұстанымының маңыздылығы Елбасының халықаралық бастамаларының мысалы арқылы көрсетілген.

Сарапшының пікірінше, авторлар Елбасы айқындаған «дамудың қазақстандық жолына» терең талдау жасаған, аталған жол болашақ ұрпақ үшін тек мұра ғана емес, елдің алдағы ондаған жылдағы орнықты өркендеуінің берік негізі бола бермек.

Іс-шараға қатысушылар «Жасампаздық дәуірі» кітабы көптеген ғылыми зерттеу мен көркем шығарма үшін дерек алынып, сілтеме жасалатын баға жетпес мол фактология, зерттеушілік мәлімет көзі екенін бірауыздан құптасты. Кітап өз оқушысын тауып, «Назарбаев феномені» деген ұғымның, Елбасы қызметінің тарихи реформаторлық ауқымының және «дамудың қазақстандық жолының» жете түсінілуіне жол ашады. Сарапшылар бұл кітап оқырман кітапханасынан лайықты орнын аларына сенім білдірді.

Онлайн-таныстырылым кітап соңын­дағы мына сөздермен түйінделді: «Кейінгі ұрпаққа Елбасы Орталық Азия көшін бастаған табысты, қалыптасқан мемлекетті – бүкіл әлемге сыйлы, қуатты экономикасы мен мүмкіндігі тең ашық қоғамы бар елді мұраға қалдырды. Мемлекетіміздің ке­ле­сі даму кезеңдері үшін идеялық ірге­тас бола алатын оның зияткерлік бай жәді­гері­нің маңызына баға жетпейді. Нұрсұлтан Назарбаев – уақыттан озып кеткен, Қазақ­станның болашақ ұрпағы үшін ой-тол­ғам­дары мен іс-әрекеті ешқашан құнын жоғалт­пайтын жаһандық деңгейдегі аса көрнекті мемлекет қайраткері».