11 Қазан, 2013

Пара берген де, алған да, делдал да сотталады

2353 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлағандай, Қаржы полициясы парақорлықпен, оның ішінде пара берумен күресті күшейте түскен көрінеді. Енді парақорлық сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті көріністерінің бірі болып табылады. Сондықтан қатаң қылмыстық жауапкершілікке пара алатын шенеуніктермен қатар, пара беретін тұлғалар да тартылады. Олар пара бергені үшін ең ауыр жаза ретінде 15 жылға бірден сотталады және сыбайластықпен жинаған арам дүниесі де түгі қалмай тәркіленеді.

 

Кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлағандай, Қаржы полициясы парақорлықпен, оның ішінде пара берумен күресті күшейте түскен көрінеді. Енді парақорлық сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті көріністерінің бірі болып табылады. Сондықтан қатаң қылмыстық жауапкершілікке пара алатын шенеуніктермен қатар, пара беретін тұлғалар да тартылады. Олар пара бергені үшін ең ауыр жаза ретінде 15 жылға бірден сотталады және сыбайластықпен жинаған арам дүниесі де түгі қалмай тәркіленеді.

Дегенмен, пара берген адам, егер оған қатысты қорқытып пара алу орын алған болса немесе ол адам пара бергені туралы қылмыстық іс қозғауға құқығы бар органға өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын естен шығармаған жөн. Өткен жылы пара беру фактілері бойынша қаржы полициясы 97 қылмыстық іс қозғаса, ағымдағы жылдың 8 айында осындай 132 қылмысты анықтады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Білім беру саласындағы бақылау департаментінің директоры лауазымына тағайындауға жәрдемдесуі үшін Білім және ғылым министрлігінің Білім беру саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасарына 50 мың АҚШ доллары көлемінде пара бергені үшін 10 жылға сотталды. «CGC Overseas Construction CO LTD» кәсіпорыны филиалының директоры ҚХР азаматы Peng Aimin Қарағанды облысы бойынша Энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті аумақтық департаментінің басшысына делдал арқылы 4 мың АҚШ доллары көлемінде пара бергені үшін 2 500 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге жауапқа тартылды. Параны ол кәсіпорынның қызметін тексеру кезінде анықталған заң бұзушылықтарды жасыру үшін берген.

Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында қаржы полициясы қызмет­керлеріне пара ұсынатын тұлғалар да аз емес. Мұндай жағдайда, оларға қылмыстық жауапкершілік туралы ескертіледі. Егер пара беру ұсынысы тоқтамаса, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін заңға қайшы іс-әрекетті бекіту бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіледі. Қызылордада Қармақшы аудандық мәслихатының депутаты, «Ақмешіт Мелиоратор» ЖШС директоры Қалмаханов ісі сотқа жолданған. Ол Жалағаш ауданындағы «Бұқарбай батыр» каналын тазалау және гидротехникалық құрал жабдықтарын жөндеу бойынша оның фирмасының қызметін тексеру материалы бойынша оң шешім қабылдау үшін қаржы полициясы қызметкеріне 7 мың АҚШ доллары көлемінде пара берді деп айыпталуда. Сол сияқты іздеуде жүрген К.-ні қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін Ақмола облысы қаржы полициясы департаментінің лауазымды тұлғаларына 40 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруге әрекеттенді деген айыппен бірнеше адам ісі сотқа тапсырылды.

Алматы облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері қаржы полициясының подполковнигі Бабаханов пен қаржы полициясының капитаны Бұқабаев «Қорғас» кедендік бекетінің саудалық емес айналымдағы бақылау бөлімінің бастығы Рыскелдинов пен осы бөлімнің бас маманы Сәдуақасов кеден қызметкерлері мен контрабандистерге қамқорлық жасау үшін ұсынған 3,5 млн.теңге парадан бас тартып, оларды қылмыс үстінде ұстауға көмек жасады. Жалпы, 2012 жылы қаржы полицейлеріне пара ретінде ұсынылған 70 мың АҚШ доллары мен 720 мың теңге тәркіленсе, ағымдағы жылдың 8 айында пара берушілер қаржы полициясы қызметкерлерін жалпы сомасы 284 мың АҚШ долларына және 17 млн.теңгеге сатып алмақ болған.

Бірінші сот инстанциясымен 10 жылға «Аусар» ЖШС директоры сотталды. Ол тексеріс материалы бойынша оң шешім шығару үшін Маңғыстау облысы қаржы полициясы департаментінің басқарма бастығына 25 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруі үстінде ұсталған.

Қызылорда облысы бойынша қаржы полициясы департаменті басқарма бастығының орынбасарына 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара беріп жатқан жерінде Осоров ұсталды. Ол параны есепке алу-бақылау маркалары сәйкес келмейтін алкоголь өні­мін қоймада анықтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғамау үшін берген.

Адамдардың басқа тұлғалардың арандатуларына еріп пара беруге келіскен жағдайлары жиі кездесуде. Пара беруге айдап салу фактілері бойынша 2012 жылы 29 қылмыс анықталды, ағымдағы жылғы 8 айда – 44. Азғырушылар азаматтарды пара беруге көндіру арқылы олардың ақшалай қаражатын иемденуді мақсат етеді. Алматы қаласы әкімдігінің бөлім бастығы 2,5 жылға сотталды. Ол Е. деген азаматты алдау арқылы мемлекеттік тұрғын үй алып беремін деген желеумен оны Алматы әкімшілігінің лауазымды тұлғаларына 754 мың теңге көлемінде пара беруге айдап салған.

Ақмола облысында мүлкін тәркілеумен 3 жылға Шортанды ІІБ бастығының бұрынғы орынбасары сотталды. Ол К. деген азаматты Шортанды аудандық сотының судьясына іс бойынша керекті үкім шығару үшін 3 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруге азғырған. Ағымдағы жылғы 8 айда пара беруде делдалдық фактісі бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды. Соттың шешімімен пара беруде делдал болған деп танылып, 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Клейман сотталды. Ол 2012 жылғы 8 тамызда Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының судьясы Нығметжановқа азаматтық іс бойынша оң шешім шығару үшін 100 мың теңге көлеміндегі параны апарып берген.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Абай және жас ұрпақ

Абай • Бүгін, 19:55

Жаңа жылдың тарихы қандай?

Қоғам • Бүгін, 18:30