Таным • 30 Маусым, 2020

Беделі биік Қадыр немесе бес жылдық белес

589 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әли – қазақ ұлты үшін ерен тұлға. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, даңқты шайырдың соңында өшпес мұра, ақыл-ойдың кені қалды.

Беделі биік Қадыр немесе бес жылдық белес

Биыл еліміздегі басты мерейтойлардың бірегейі – Қадыр Ғинаятұлының 85 жылдығы қазақ руханияты мен мәдениеті үшін даңқты дата, аса қадірлі күн. Ақынның асыл мұрасын түгендеп, халыққа кеңінен насихаттау – шайырын шын қадірлеген жұртшылық пен туған елінің еншісінде екені мәлім. Бұл орайда, Қадыр Мырза Әли атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығының жасап жатқан жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай.

Осы жылдың 27 маусымында ашылғанына 5 жыл толып отырған мекеме Қадыр ақынның қазынасын насихаттауда уақытпен санаспай, талмай еңбек етіп келеді. Оған өңірді айтпағанда, түгел еліміз куә. Бұл ең алдымен ұл­тымыздың маңдайына біткен ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихына алтын әріппен жазылған атын асқақтату, беделін биіктету емес пе?

2015 жылы Қадыр ақын­ның 80 жылдығына орай өңір­де ауқымды шаралар өтті. Батыс Қазақстан облысын­да ақынның асқақ бейне­сін көрсететін екі бірдей ес­керткіштің ашылып, ақын­ның даңқын тағы бір ай­шық­тады. Мүсіннің бірі – Орал қаласында бой көтерсе, екін­шісі туған жері – Жымпиты ауы­лының орталығында «қас­қайып тұр».

Оралдағы Қадыр ақын­ға арналған қола мүсін ұлы­лықтың қарапайым бейне­сіндей. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелері Ринат Әбенов, Ербол Зиябеков, Иб­рагим Айденовтердің қолы­нан шыққан көркем туынды маңайынан өткен жанды таңдандырмай қоймайды.

Иә, осыдан тура бес жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауы­мен қадасы қағылған Қадыр орталығының қадір-қасиеті жыл өткен сайын артып келе жатыр. Аталмыш орталықтың ашылу салтанатында алғаш болып әйгілі Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Ақұштап Бақтыгереева бастаған аға буын өкілдері ат басын тіреп, алдағы қызметіне ақ батасын берді. Ұлт зиялылары ұлы шайырдың ескерткіші алдында бас иіп, салтанаты келіскен сарайды көріп қайран қалысты.

Басқа өңірде баламасы жоқ бұл орталық – Оралға кел­ген сапарында Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың жоғары бағасын алды.

Әдебиет әлемінде дүр сіл­кінер жаңалық болған Қадыр орталығы ғимаратының шын мәнінде салтанаты келіскен, ерекше. Нысанның архитекторы – Халықаралық архитектура Академиясының мүшесі, Қазақстан Республикасының қайраткері Бөкебай Самат­бек Тәженұлы болса, құ­ры­лыс мердігері – Қошан Қай­дар Жасенұлының басшы­лы­ғындағы «Болашақ–Т» ЖШС. Міне, орталық құрылысының аз-кем тарихы осындай.

Қазаққа кеңінен таныс Қадыр Ғинаятұлының соңы­на қалған мұралары да орта­лықта орналасқан ақын атын­дағы әдеби мемориалдық кабинетте, музейде сақталған. Мұндағы сөрелерде жинал­ған кітаптың барлығы Қа­дыр ақынның жеке кітапха­на­сынан алынған. 6767 кітап осы орталықтың ең маңызды, ең құнды қазынасы.

Мұражайдың негізгі бөлі­гінде Қадыр ақыннан қал­ған мұралармен толық таны­суға болады. Қадыр Мыр­за Әлидің Жымпиты ауылы­ның мектебінен түлеп ұшқан­дағы кәмелеттік аттестаты, сынып­тастарымен түскен су­реттері алыстан көз тартады. Бала Қадырдан дана Қадырға дейінгі еңбек пен ізденіс жолдарынан сыр шер­тетін ақпараттар да осында. Талай-талай жырлар, сүйекті шығармалар дүниеге келген ақынның жеке жұмыс бөлмесі қаз қалпында тұр.

Ақын жырлары ел аузына ерте ілігіп, заңғар жазушылар оң бағасын берген болатын. «Ой орманы» атты жинағы үшін 1966 жылы алған Ленин комсомол сыйлығы, 1980 жылы «Жер­ұйық» атты кітабы үшін Мем­лекеттік сыйлықтың иегері атанғандағы дерек пен дәлел көрмеден көрініс тапты.

Тәуелсіздік жылдарын­да алған марапаттары бір төбе. Л.Н.Гумилев атын­дағы Еу­ра­зия ұлттық универ­сите­тінің Құрметті профессоры атағы, сонымен қатар Халық­аралық «Авьяс» сыйлығы құ­жат­тарын көрмей өту мүм­кін емес. Шет елдерге сапа­ры, отбасымен түскен сурет­тері, тұтынған заттары, ақ қал­пағы, қалта телефоны, т.б. құн­ды жәдігерлері көздің қара­шы­ғындай сақтауға әбден лайық дүниелер.

Сонымен қатар мұра­жайда әдебиеттің көрнекті өкіл­деріне, жырау, батыр­ларға арналған көрме залы бар. Сырым, Махамбет батыр­ларға арналған бұрыш өлке тарихынан сыр шертеді. Ұлы ақын Абайдан басталған арнайы бұрыштар келушілерді мол мәліметке қанықтырады. Өлке тарихында ізі қалған орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин, татар халқының ақы­ны Ғабдолла Тоқай, ғалым Қажым Жұмалиев, «Ақ­жайық» трилогиясының авторы, жерлес қаламгер Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, ең­бек жолын Оралда бастаған майдангер ақын Қасым Аман­жолов секілді заңғар тұлғалар жайындағы құнды жәдігерлер баға жетпес байлық іспетті.

Жерлес ақындар Сағын­ғали Сейітов, Жұбан Молда­ғалиев, жазушы Берқайыр Аман­шин, Қадыр ақынның заман­дастары, әдебиеттің белді өкілдері Мұқағали мен Тұ­манбай, Фариза, Әнес Сарай, Әбіш Кекілбай, Қажы­ғали Мұхамбетқали, Мыр­затай Жолдасбеков хақын­дағы деректер өскелең ұрпақ үшін аса құнды.

Алпыс жылдық тарихы бар Ақжайық айтысына арналған бұрыш және өңір әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген ақын-жазушылар туралы мәліметтер менмұндалап тұр.

Қадырдай белгілі ақынның беделін аласартпай, биікке көтеріп келе жатқан орталық бес жылда қанша белестен өтті. Шығармашылық ұжым бүгінде облыстағы іргелі мәдениет ошағына айналып, ел-халықпен тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Мәдени ұжымның жұмысы сәт сайын жанданып, тың жобалармен толығуда. Айталық, «Елеулі есімдер» жобасымен өнер, мәдениет, білім, денсаулық және басқа да салаларға еңбек сіңірген есімі елеулі жандармен кездесу кештері өткізіліп, рухани шаралар апта сайын тұрақты ұйымдастырылса, соңына өшпес із қалдырған ұлы тұлғаларды ұлықтау мақ­сатында «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» атты жоба қолға алынды.

«Ауылдағы ардақтылар» жобасы ауыл тұрғындарының тыныс тіршілігімен тығыз бай­­ланысты. Бұл жоба еңбек­­пен, игі істерімен, атымтай жомарттығымен, қа­ра­пай­ым­дылығымен жерлес­терінің алғысын арқалап жүрсе де, есімі елге бейтаныс ауыл аза­маттарын дәріптеуге ар­на­­лады. Осындай жаны жай­саң жандармен жүздесу – көп­шілікке ой салары анық.

Сондай-ақ өнерлі әулетті көп­шілікке насихаттауға арнал­ған «Жұлдызды отбасы» жобасы қолға алынды. Әкелі-балалы, ерлі-зайыпты, ағай­ынды өнерпаздармен кездесу кешін өткізу арқылы, бұл жобаның мән-мазмұны ашылып келеді. Сонымен қатар «Тасада жүрген таланттар» жобасы жас дарындардың тынысын ашуға бағытталған, бұл жоба осы жылы да жалғасын табады.

Қадыр Мырза Әли атын­дағы мәдениет және өнер орта­лығы ұлтымыздың асыл құнды­лықтарын дәріптеумен ерек­шеленуде. Атадан балаға мирас болған айтыс өне­рінің де жалауын жықпай, Жайық жұртымен «жүздес­тіру» жолында аянбай еңбек етіп жүр. Мәселен, Қазақ­стан Республикасының Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығына арналған «Азаттықтың ақ таңы», Алашорда қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаштың бағы – Азаттық» атты республикалық ақындар айтысын жоғары деңгейде ұйымдастырды. Үстіміздегі жылдың наурыз айында «Жас­тар жылы» аясында респуб­ликалық ақындар айтысы да орталық ұжымының «жұдырықтай жұмылуымен» тиянақты әрі жоғары деңгейде өтті. Елді елең еткізген VIII «Ал­тын домбыра» айтысы 2019 жыл­дың желтоқсан айын­да Орал қаласында дүбір­леп өтті.

«Қадыр жолымен...» жо­ба­сы аясында ақынның шығар­ма­шылығын наси­хат­тайтын «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы құрыл­ды. Атал­мыш өнер ұжымының құрылу мақ­саты – қайталанбас тұлға Қадыр Мырза Әли шығарма­шылығын насихаттау. Яғ­ни ұжым құрамындағы әнші­лер ақынның сөзіне жазыл­ған әндерді жанды дауыста шыр­қаса, талантты жастар өлең­дерін оқып, әзіл-қалжың­дары мен афоризмге айналған дана­лық ойларын, қанатты сөздерін кеңінен дәріптейді. Бұл – даланың бір­туар перзентінің бай мұра­сына деген зор құрмет.

Ұжым бүгінде халықтың оң бағасын ала білді. Облы­сы­мыздың аудан, ауылдарында өнер көрсетіп, тәжірибесін шыңдаған «Дала дидары» Атырау, Маңғыстау облыстарына, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына өнер сапарын жасап, Қадыр шығармашылығын құрметтейтін көрерменнің ықыласына бөленді. Өткен жылдың өзінде көршілес Ақтөбе қаласында екі мәрте өнер көрсетіп, болашағының зор екендігін бір бағдарлап алған еді.

Дүниені дүрліктірген аты жаман індет қай саланы бол­­сын әуре-сарсаңға салды. Дәл осындай шақта Қадыр орталығы елмен бірге болды. Ақын қазынасын әлеу­мет­ке әлеуметтік желі арқылы жет­кізу о бастан бар. Дей­тұр­ғанмен, елдегі жағдайға байланысты ұжым да қа­шықтан жұмысқа кірісіп, бір сәт болсын дағдарып қалған емес. Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін күн сайын әлеуметтік желіге салып, оқырманға ұсынды. Белгілі өнер иелері, орталықта қызмет істейтін облыс айтыскерлері «Ақжайық» телеарнасы арқы­лы, орталықтың желідегі парақ­шалары арқылы ақын өлең­дерін жатқа оқыды. Бірнеше онлайн айтыс ұйым­дастырды. Орталықтың тыныс тірлігінен хабар беретін видеороликтер, онлайн экскурсиялар ұсынылды. Еліміз індеттен аман өтіп, бұрынғы қалыпқа қайта оралғанда, Қадыр орталығы әдеттегідей, қызу жұмысқа кіріспек.

Қазақстанның Жазу­шы­лар, Композиторлар, Сурет­шілер, Күйшілер Одағының облыс­тық бөлімшелері де осы жерде орналасқан. Айтыс алаңында Ақжайық ақында­рының жеңісі мен жемісі зор. Бұл өнерлі өлкеге тән болса керек. Өңіріміздегі елге танымал және жас ақындардың басын бір арнаға тоғыстыру, бір жерде дидарласу, ой бөлісу – талантты шыңдайтыны анық. Осы тұрғыда биыл орта­лық­тан Айтыскерлер бөлмесі жасақталып, төл өнер жүй­ріктерінің жиі бас қосатын орнына айналып келеді.

Қазақстанда баламасы жоқ орталық ғимаратының қап­талында сахнасынан талай жұлдыз өнер көрсеткен 1125 орындық амфитеатр жұмыс істейді. Амфитеатрда жаз мезгілінде әрбір аудан өнер­паздары өнер көрсетеді. Бұл – кешкі серуенге шыққан қала тұрғындарының көңіл күйін көтерері сөзсіз. Себебі бұл шағын ауданда Тұңғыш Президент атындағы саябақ тұрғындар игілігіне қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар орталықта М.Горький атындағы қалалық кітапхана бөлімшесі және Қадыр ақынның замандас досы, Бөкей құмында дү­ниеге келген ақын Жанғали На­биуллин атындағы оқыр­ман бөлмесі жүйелі жұмыс істеп келеді. Бұл бөлме­де Жанғали ақынның отба­сының ұйғаруымен жеке кітапханасынан 1200 кітап әкелініп, оқырман игілігіне пайдаланылуда.

Орталықтың 150 орындық концерт залында әр апта сайын әдеби-сазды шаралар өткізіліп тұрады. Яғни өңірімізге танымал ақын-жазушылар, мәдениет саласына еңбегі сіңген қайраткерлер, еңбек ардагерлерімен кездесу кештері, сондай-ақ, өмір жолына айтулы із қалдырған қайраткерлерді еске алу кештері ұйымдастырылып, халықтың көзайымына айналды.

Тірлігі қат-қабат орта­лықта ақпарат бөлімі жүйелі жұмыс істеуде. Қолға алын­ған әрбір шараны алдын ала әлеуметтік желілерге жар­намалап, өту барысы мен қорытындысын желі қолда­ну­шыларына уақтылы жеткізіп отырады. Бұл ретте орталықта «Қадырцентр» жеке сайты іске қосылса, «Уайтмеджик» студиясы ақпарат және жарнама жұмыстарын бейнебаянда жасауға өз үлесін қосып келеді.

Қашанда жас талант­тар­дың тынысын ашуға үлес қосатын, мәдени ошақ­тан қоңыр дауысымен тың­дар­мандардың жүрегін тебірентіп жүрген облыс әншісі Ерлан Қуанышев орталық жанынан соңғы үлгідегі музы­калық құрылғылармен жаб­дық­талған «Дауыс RECORDS» дыбыс жазу студиясын ашты. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, композитор Әділбек Сүлейменов же­текшілік ететін елге танымал халықтық «Әжелер сәлемі» ансамблі тәрбие-тәлімі мол халық әндерімен қатар, ел арасына кеңінен тара­ған мазмұнды әндерді орын­дап, көпшіліктің қоше­метіне бөленіп жүр.

Сонымен қатар орта­лық­тағы домбыра үйірмесі ұлт­тық құндылықтарды дәріп­­теу­ге ұмтылған ұл-қыз­дар­ды құ­діретті күй әлеміне жетелейді. Домбыра үйірме­сінің же­текшісі – күйші, ұстаз Асқар Кенжеғалиев. Құр­ман­ғазы мен Динаның мекені – Ақжайық – түтіні түзу ұш­қан күйдің ошағы. Бұл ретте, Қазақстан Күйшілер Ода­ғының облыстық филиалы да (филиал төрағасы А.Кенжеғалиев) қарқынды жұмыс атқаруда. Бұл ұлттық домбыра күні қарсаңында орта­лықта күйшілер бөлмесі ашы­лып, ақсүйек өнерге қа­тыс­ты деректермен толықты.

Ақын атын ұлықтау – ұр­паққа аманат. Бұл орайда, Қадыр орталығы орналасқан қаламыздың 6-шағын ау­дан­ын­дағы ауызекі тіл­де «62 үй» аталып келген аялдамаға ресми түрде Қа­дыр Мырза Әли орталығы атауы берілді. Сондай-ақ тағы да бір қуанышты жаңа­лық­тың куәсі болдық. Елорда­мызда Республикалық ономас­тикалық комиссиясының отырысында, қалалық мәслихат шешімімен Орал қаласының 5-шағын ауданына Қадыр Мырза Әлидің есімін беру туралы шешім шықты. Бұл Ақжайық өңірінің жетістігі.

Батыс Қазақстан облысы ғана емес, еліміз тамсанып, таңғаларлықтай ерекше ғи­маратымен, тың бастама, жобаларымен, игі мәде­ни іс-шараларымен дара­ланған Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының бүгінгі тынысы кең, келешегі жарқын. Қадыр ақынның қазынасын жинақтап, халыққа насихаттап отырған бірлігі бекем, сәулеті ерек мекеме қаламыздың көркіне сән, руханиятына нәр беріп тұр.

Ел руханиятындағы ұлы тұлғаны ұлықтап, ұрпақ жадына сіңіре алсақ, ұлтымызды ұйыстыруда ұтарымыз көп. Еңселі ғимараттың есігі ел үшін әрдайым ашық.

 

Бауыржан ХАЛИОЛЛА,

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры