Қоғам • 30 Маусым, 2020

Ата-тегімізді қазақи жазу – патриотизм нышаны

1256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ов», «ев», «ин»-дерді бірінші алып тастағандар аты мен тегінің айтуға икемді, араб не парсы атақты ғұламаларының аттарына үндестігі болатын. Ал ондай үндестігі жоқтар не істемек? Бірен-саран атақты отандастарымыздан басқаларының аты-жөндері баяғы қаз қалпында қала берді. «Қазіргі қазақ фамилиялары екі түрлі тұлғада кездеседі. Оның басым көпшілігі орыс тіліндегі фамилиялық жұрнақтар (-ов,-ев,-ова,-ева,-ин,-ина) арқылы жазылып қалыптасқан. Ал екінші түрі ұлы сөзінің қосылуы арқылы жасалған. Бұл өте өнімсіз тәсіл. Өйткені «ұлы» сөзі арқылы жасалған фамилиялар, біріншіден, өте санаулы, тым сирек кездесетін болса, екіншіден, олар формасы жағынан фамилиядан гөрі әке атына бейім тұрады. Сондықтан бұлар «жартылай» фамилия қызметін атқарады» (Телқожа Жанұзақов. Қазақ есімдерінің тарихы(Лингвистикалық және тарихи-этнографиялық талдау), «Ғылым» баспасы, Алматы, 1971, 97-бет).

Ата-тегімізді қазақи жазу – патриотизм нышаны

Қалың жұрт үшін ата-тегінің жазылуын «бодандық шартты таңбадан» арылуға бағытталған талпыну – өзгерту жаппай үрдіс, үлкен науқанға айналмауы, өкінішке қарай, «беткеұстар» үлгінің болмағандығы – отаншыл азаматтарымыздың қол-аяқтарын байлағаны аян. Өйткені бұл құбылыс «біртектес» жүйеленген заңдылыққа бағындырылмады. Біреулер әкесінің есімінен кейін «ұлы», «тегі» деген тіркестерді қосып жазды, ал басқалары ештеңе қоспай «ин», «ев», «ов»-тарды алып тастап келте күйінде қалдырды. Ата-тегін «ов,», «ев», ин» -сыз қалдырғандар өз есімі мен әкесінің атын айыру, әйел не ер азаматты ажырату жөнінде қиындықтар тудырды. Қалың ел дағдарыста қалды. Біржақты, қай ұлт екенін атойлатып тұратын армяндардың (мысалы, Гаспарян, Иштоян, Карапетян), немесе грузиндердің (Гогаберидзе, Иванишвили, Кавтарадзе) фамилияларының нұсқасындай, қазақи тегімізді бірден айдан айқын анықтататын бірінші белгі ретінде ата-тегіміздің атауына қосылатын жалғастың табылмағаны намысқа ұрып тұр. Саны аз болса да, дүние жүзіне кең тараған армян халқының түлектері: «Нас мало, но мы армяне» (біз азбыз, бірақ біз армянбыз) деп өздерін мақтан тұтатындарының бір себебі, бастары әр елде бытырап жүрсе де, «ян» жалғасы оларды берік тұтастырып тұрғанына күмән келтіруге болмайды. Олар қайда жүрсе де, не қилы қиындықтарды көрсе де бір-бірін тауып алуға түнгі теңіздегі әудем жерден көрінетін мұнарашам тәрізді «пароль» (шартты белгісі) – осы «ян» жұрнағы болатыны сөз жоқ. Ал біздер үшін, бұл тұрғыда күткен үміттер бекер болғаны өкінішті. Бірақ қазақтың басын тоғыстыратын белгі ретінде ата-тегін бірқалыпта, біртектілік тәсілімен жазу ауадай қажет болып тұрғаны айқын. Аталған қиындықтардан арылып, қазақилығымыз нығыздалып, ғасырлар бойы жалғасын табатын ата-бабасының тегі (фамилиясы) және әкесінің де атын сақтау үшін мынадай үлгі жөн болар деген ойдамын: мысалы, Асқар Сәрсенұлы Жұмабайтегі. Бұл тәсіл бас­ты қойылатын: «Кімнен жаралдың? Кімнен таралдың? Ата-тегің кім?» – деген сұрақтарға қысқаша да тиянақты жауап беріп тұр. Орыстың фамилияларындағы Иван-«ов», Серег-«ин», Кисел-«ев» – жалғастар да осындай сұрақтардан (чей будешь? – кімненсің, қайдансың?) жауап ретінде туындаған. Аталған тәсілдің басқа да ұтымды тұстарын былай қойғанда, кім де кім ардақты, елдің құрметіне бөленген, халықтың аузынан түспейтін ата-бабасының аты (фамилиясы) қалыс қалмайды. Ең бастысы – қазақилығымызды айдай айқындап тұрған бұл тәсіл – оңай да икемді, ешкімнің артық басы да қатпайды: жөн-жосықсыз амалдардан да арыламыз. Осы жол патриотизмді шынайы шыңдататындығы, ана тілімізге де бет бұратындарды арттыратындығы даусыз. Әрине бұл ұсынысқа қарсы болатындардың табылатынына күмәнім жоқ. Бірақ не жаңалық болсын уақыт өте, қалыптаса келе, үйреншікті болып кететінін тарихи көп мысалдар айғақтайды. Ұлы Абай айтқандай қазақ: «...дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады» (Абай. Қара сөз. Поэмалар., Ел, Алматы, 1993, 111 бет). Әрине көреген ақын айтқан заманнан да бір ғасыр өтті. Сырт дүние ғаламат өзгерді, ал санамыз өзгеріп, жетілді ме?!

Осы ұсынысымды тіл мамандары мен қалың қазақ жұрттың талқысына ұсынғанды жөн көріп отырмын.

Не дегенде, аталмыш тығырықтан оңтайлы шығуымыз абзал, ағайын.

 

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,

заңгер-публицист