Руханият • 30 Маусым, 2020

Сан соқпақ, алуан ақпар...

274 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Заманауи авторлардың қаламақысы қанша?

Былтыр Forbes журналы әлемдегі ең көп қаламақы алатын 100 атақты адамның рейтингін жасаған болатын. Оның ішінде екі-ақ жазушы бар.

Сан соқпақ, алуан ақпар...

 

Әйгілі басылым айдарындағы 30-орынды Гарри Поттердің қызықты оқиғаларына құрылған романдар сериясын жазған британдық автор Джоан Роулинг алып отыр. Оның өткен жылғы табысы 92 миллион долларды құраған. Бұл тасыған байлықтың бәрі Гарри Поттердің арқасы деуге сену қиын. Дегенмен, ол кітап 500 миллион данадан асып жығылып басылып шыққаны есімізде. Тіпті тиражы жағынан Библиядан да озды. Бірақ Роулинг сыбағасының ең үлкені – франшизалар мен пьеса қойылымдарының төлемі болып шықты.

Табысты романистің театр сахнасында қойылған пьесасы бір аптада 2,3 миллион доллар табыс әкелген. Бұл Бродвей тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ал Гарри Поттердің ғажайып әлемі туралы оныншы фильм – «Фантастикалық жануарлар: Грин-де-Вальдтың қылмысы» күллі әлем бойынша 650 миллион доллар қаржы жинаған.

Forbes-тің 28-орнында ең көп қаламақы алатын америкалық автор Джеймс Паттерсон 70 миллион доллар кіріспен тұр. Оның кітаптарының 5,5 миллионнан аса данасы сатылған.

Корольдік әдеби ұйымның (Royal Society of Literature) зерттеулеріне сүйенсек, Ұлыбританияда 70 пайызға жуық кәсіби жазушылар 2018 жылы 10 мың фунт стерлинг табыс тапқан.

Ал іргеміздегі Ресейде жоғарыда аталған ауқымды көрсеткіштер қайталанбайды. Ресейде қазір бір кітап орта есеппен 4,5 мың тиражбен жарық көріп отыр. Тек танымал детективші Дарья Донцованың ғана тиражы жалпы алғанда 200 миллион данаға жетеді.

Жазушылыққа жаңа қадам басқан автордың қаламақысы 25 мың рубльден аспайды. Ал әлемдік аренаға шығып жүрген жазушыларға миллион төленуі де әбден мүмкін. Мәселен, жаңағы Донцованың бір шығармасының қалам­ақысы 140 мың долларға дейін жетеді. Детектив жанрындағы романдармен танылған Александра Марининаға 100 бен 150 мың доллардың арасында төленіп жүр. Бұдан бөлек Борис Акунин орташа есеппен 30 мың доллар, ал Татьяна Устинова 25 мың доллар көлемінде қаламақы ала алады.

 

Исигуро: Нобельден кейінгі алғашқы кітап

1

Осыдан тура үш жыл бұрын Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы «романдарындағы алапат сезім қуаты әлем мен адам арасындағы тылсым байланыстың тұңғиығына жол ашқаны үшін» тегі жапондық, Британия жазушысы Кадзуо Исигуроға берілген еді. Жер жүзіндегі нөмірі бірінші сыйлықтың лауреаттарын сыншыл қауым жыл сайын ежелгі дәстүр бойынша қызу талқыға салып жататын. Бірақ дәл сол жылы Исигуроны әдебиетшілердің дені бұл мәртебеге әбден лайық деп санады. Ал Швед академиясының тұрақты хатшысы Сара Даниус: «Джейн Остин мен Франц Кафканы араластырып, оған аздап Прусты қоссаңыз, Кадзуо Исигуро шығады» деп автордың оқырманға мәлім жазу тәсілін жария қылған еді. Міне, енді сол Исигуроның творчествосында үлкен жаңалық болғалы тұр.

2021 жылдың наурызында Кадзуо Исигуроның жаңа романы жарыққа шықпақ. Айта кетейік, бұл автордың Нобель сыйлығынан кейінгі алғашқы кітабы. «Клара  мен күн» (Klara and the Sun) деп аталатын романда Клараның оқиғалары, «жасанды достың» «ерекше байқампаз қабілеттері» баяндалады. Су жаңа шығарманы басуға дайындап жатқан Faber баспасы: «Клараға мүмкіндік туған кезде адамдардың берген уәдесіне көп сене бермеу керек екенін ескертеді», деп роман сюжетіне пікір білдірді.

Amazon кітап дүкені келер жылы оқырман қолына тиетін Исигуро рома­нының қағаз нұсқасы 27,95 доллардан сатылады деп болжап отыр.

 

Жұпар аңқыған кітаптар

1

Кітапта иіс бола ма? Естімеген елде көп. Болады екен.

MyBook кітап орталығы мен иіссу шығаратын Demeter компаниясы классикалық шығармалардың желісімен иіссулар коллекциясын жасап шығарды. Хош иістердің бұл тобы MyBook Perfumes деп аталып отыр.

Аталған жобаға 14 «парфюмерлік том» кірген. Оның жетеуі орыс классикасына арналса, қалған жартысы шетел әдебиеті негізінде жасалды. Мұндағы әр иіссу бір кітаптың көңіл күйін береді. Мәселен, «Алқызыл желкендер» (Александр Грин) повесінен теңіз бен салқын лептің иісі шығады. Ал «Дауыл» (Александр Островский) пьесасынан жердің сызын сезінесіз. Сондай-ақ «Алиса ғажайыптар елінде» (Льюис Кэрролл) бірден ағылшын шәйін еске түсіреді.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, иіссу жасауда ең қиынға соққан шығарма – Лермонтовтың «Біздің заманның қаһарманы» болыпты. «Бізге, бір жағы өте танымал иіс, ал бір жағынан – Печориннің характері сияқты күрделі әрі құбылмалы иіс керек болды. Нәтижесінде, жұпар судың хош иісінің қанық композициясы секілді өткір иіс шығара алдық. Бұл патша әскеріндегі офицер образынан, сұлулық пен қауіптен, драмалық оқиғалардан бір үзік сыр бере алатындай», деді олар.

Авторлық иллюстрациялары бар кітап иіссуларының коллекциясы 27 маусымға дейін сатылмақ.