Аймақтар • 30 Маусым, 2020

Жасыл белдеу елорда климатына қалай әсер етті?

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорда жасыл белдеуінің жалпы ауданы – 14 827 гектар, онда 11 502,2 гектар жерде 9,6 млн-нан астам ағаш (қайың, шегіргүл, терек, үйеңкі, қарағай) пен 1,8 млн-ға жуық бұта (қарақат, дерен, үшқат, мойыл) отырғызылған. Негізінен ағаштардың жапырақты тұқымы 98,2% болса, қылқан жапырақты тұқымдардың үлесі небәрі – 1,8%, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жасыл белдеу елорда климатына қалай әсер етті?

Қолайсыз климаттық жағдайды жақсартып, қала халқының жайлы өмірі мен демалысына жағдай туғызу мақсатында 1996 жылы "Астананың жасыл белдеуін" құру мәселесі қолға алынды. Оған ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бастамашы болды. Негізгі жұмыстар 1997 жылы басталып, екі кезеңге бөлінді.

Екінші кезеңде, яғни 2012-2020 жылдар аралығында жасыл белдеудің жалпы аумағындағы 8127 гектар алқаптың 2 594,9 гектарына 3 174 342 дана ағаш көшеті отырғызылды. Олардың 40,7%-ы қылқан жапырақты (шырша, қарағай, балқарағай, арша), 59,3%-ы жапырақты (емен, шегіршін, шыбын, шаған, үйеңкі, қарақат) болса, 636,6 гектар жерге көпжылдық түйнек, эспарцет, жоңышқа, т.б. егілді.

"Жасыл белдеуде орман шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргізудің негізгі міндеті – орман экожүйесінің тепе-теңдігін сақтап, халықтың жаппай демалуы үшін қолайлы рекреациялық жағдай жасау. Бұл міндетті шешу үшін қала әкімдігінің бастамасымен 2011-2016 жылдары елорданың жасыл белдеуінің оңтүстік-батыс бөлігі аумағында ұзындығы 25 658 метр асфальтты төсемі бар веложол мен велосипедшілердің демалуына арналған 11 самалжай салынды. Бұл жолдармен жүрген кезде табиғаттың тылсым күшін сезініп, саңырауқұлақтар мен жидектер жинап, түрлі ағаштар мен бұталарды қызықтауға болады. Алаңсыз демалуға арналған жер – таза ауа мен табиғат дыбыстары үндескен керемет орын. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуінде орналасқан веложол елордалықтар мен қала қонақтары үшін таптырмас демалыс орыны болары сөзсіз", – дейді "Астана орманы" мамандары.

Қазіргі уақытта қала әкімдігі осы нысанды одан әрі дамытып, екі жалға беру пунктін, жаяу жүргіншілер жолын (2 км), кросс кантри (6 км), "Қарқаралы" тас жолы жағынан веложолдың қосымша шағын шеңберін, әртүрлі спорт алаңдары мен балалардың ойын алаңдарын салу жұмыстарымен айналысып жатыр.

Сонымен қатар қалалық Ипподром ауданындағы жасыл белдеу орамдары мен сафари паркі аумағында және "Әуежай бірінші кезек" учаскесінің №82, №84, №85 орамдары аумағында (локатор ауданы) атпен серуендеу үшін ұзындығы 11 500 метр жол салу жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, жасыл белдеу арқасында Нұр-Сұлтан қаласының ауа температурасы жылына бастаған.

"Бір жағынан, елорданың климаты жаһандық процестер әсерінен өзгеріп отырады, екінші жағынан жылдам дамып келе жатқан қала мен оның айналасындағы жасыл белдеу жергілікті климатты өзгертеді. Желдің орташа жылдамдығы біртіндеп төмендеп келеді. Орман алқаптары қар тоқтату қызметін де атқарады. Бұл қыс мезгілінде боран мен боран күшінің төмендеуіне әсер етеді. Орман топырағына байланысты шаңды дауыл да бәсеңдей бастады. Мәселен, 1998 жылға дейінгі кезеңмен салыстырғанда соңғы жылдары шаңды дауылдың қайталануы 3 есе, боран 1,5 есе және тұман 35-тен 21 жағдайға дейін қысқарды. Бұл ретте елорда аумағында жауын-шашынның жылдық мөлшері біртіндеп ұлғайып, жаңбырсыз кезеңдердің ұзақтығы да азаюда. Бұл өзгерістер Нұр-Сұлтан қаласының климаты мен оның тұрғындары үшін жайлы әрі қолайлы екені анық", – дейді "Астана орманы" ЖШС өкілдері.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы орман алқабын құру жөніндегі барлық іс-шаралар көрсетілген Нұр-Сұлтан қаласын көгалдандыруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуде. Жұмыс жобасы 2021 жылы аяқталып, 2022 жылдан бастап іске асыру жоспарланған.