11 Қазан, 2013

Жаңарған аймақ, жасарған өлке

324 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Атқарылған жұмыстың ауқымы үлкен

Бүгінде өңірдегі халықтың тұрмыс жағдайы жақсарды. Ертеңге деген сенімі артты. Бірлік бар жерде тірлік бар екеніне көздері жетті. Осының барлығы тәуелсіз еліміздің баға жетпес байлығы екенін мойындады.

Өңірдегі осы бірлік пен ынтымақ, өзара келісім облыс экономикасының сер­пінді дамуына оң ықпалын тигізді. Елба­сы Н.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стра­тегиясы мен Қазақстанда жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы аймақтың дамуына жаңа серпін берді.

01-Тараз-1

 01-Канат БозумбайАтқарылған жұмыстың ауқымы үлкен

Бүгінде өңірдегі халықтың тұрмыс жағдайы жақсарды. Ертеңге деген сенімі артты. Бірлік бар жерде тірлік бар екеніне көздері жетті. Осының барлығы тәуелсіз еліміздің баға жетпес байлығы екенін мойындады.

Өңірдегі осы бірлік пен ынтымақ, өзара келісім облыс экономикасының сер­пінді дамуына оң ықпалын тигізді. Елба­сы Н.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стра­тегиясы мен Қазақстанда жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы аймақтың дамуына жаңа серпін берді.

Әлбетте, қуанышпен бірге өкініш те жүреді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінде айтулы табыстарға қол жеткізумен бірге табиғат апаты әкелген өкінішті жағдайлар да болды. Мысалы, жыл басында облыстың 5 ауданы мен Тараз қаласында төтенше жағдай орын алды. Қатты соққан дауылдың салдарынан Қаратау мен Жаңатас қалаларында жарық, газ, жылу, су беру тоқтап, тұрғын үйлер мен мекемелердің шатырлары қирап қалды. Мал басы шығын болды. Бірақ, облыс тұрғындары сын сәтте сабырлылық танытып, табиғат апатынан болған барлық зиянды қысқа мерзім ішінде жоюға қол жеткізді. Әлеуметтік маңызы бар салалардың тоқтаусыз жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Бұл қиын кезде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген жамбылдықтардың үлкен ұйымшылдығын көрсетті.

Бірақ, табиғаттың тосын мінезі облыстың экономикалық әлеуетінің нығайып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларының дамуына нұқсан келтіре алмады. Облыс орталығы мен аудандарда тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен өндірістік аумақтар ұлғайған үстіне ұлғайып, сан түрлі ғажайып құрылыс нысандарымен толыға түсуде. Бұған жақында пайдалануға берілетін «Тараз-Арена» сияқты алып ғимаратпен бірге жыл сайын бой көтеріп жатқан жаңа мектептер, ауруханалар, балабақшалар сияқты тағы басқа да түрлі нысандар айқын дәлел. Бұрынғыдан жаңарып, жақсарып халықаралық дәрежеге ие болғалы отырған әуежайымыз да жергілікті тұрғындардың көзқуанышына айналады деп сенеміз.

Егер облысымыздың қаңтар мен тамыз аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына байланысты деректер мен дәйектерге назар аударсақ, осы уақыт ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары 155,3 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Қаржыгерлер тілімен айтсақ, нақты көлем индексі 107,6 пайызды құраған. Бұл еліміз бойынша жақсы көрсеткіш, яғни 102,0 пайыз деген сөз.

Сондай-ақ, «жасыл экономиканы» жандандыруды елімізде алғашқылардың бірі болып біздің облыс қолға алды. Мысалы, биыл Қордай ауданында ерекше электр стансасы іске қосылды. Бұл – еліміздегі күн сәулесінен қуат алатын алғашқы электр стансасы. Жамбыл өңірінде жүзеге асқан бұл қуат көзі Отар кентінің маңайына орналасқан. Өйткені, «Қазгидрометтің» деректері күн қуатын пайдалану үшін бұл жердің ауа райы өте қолайлы екенін растайды. Станса құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған. Бүгінде оның қуаты 504 киловатқа жететін алғашқы кезегі іске қосылды. Станса алғашқы тексеруден өткеннен кейін межелі 7 мегаватқа көшеді. Ерекше жобаға қаржы салып, құрылыс жұмысын өздері қолға алған «ҚазЭкоВатт» ЖШС қаржы көздерін тарту үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың еншілес кәсіпорны «Самұрық-Энергомен» іскерлік байланыс орнатқан.

Сонымен қатар, 2010 жылы Меркі ауданында 1,5 МВт құрайтын су электр стансасы мен Қордай ауданында 1,5 МВт құрайтын жел электр стансасы іске қосылғанын да айта кеткім келеді. Ал үстіміздегі жылы Шу ауданында қуаты 9,2 МВт құрайтын Тасөткел су электр стансасының жобасы жүзеге асырылды. Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан Каменка ауылында қуаты 2,3 мегаватты құрайтын Қарақыстақ су электр стансасының іске қосылуы да өңір үшін үлкен жетістік. Және үстіміздегі жылы «Vista International» ЖШС жалпы қуаты 21 МВт құратын Қордай жел электр стансасының 4 МВт құрайтын алғашқы кезегінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Ал 2013 және 2015 жылдарға «Fonroche Energie» француз компаниясы қуаты 24 МВт құрайтын күн электр стансасының құрылысын бастамақ. Биыл ресейлік инвесторлар 19,8 қуаты бар Меркі су электр стансасы каскады құрылысына кірісетін болады. 2014-2015 жылдар аралығында «Central Asia Green Power» компаниясы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт құрайтын Жаңатас жел электр стансасының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл атқарылған жұмыстардың маңыздылығы сол, олар 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО-ның тақырыбымен, яғни «Болашақтың энергиясы» деген атаумен үндес келіп тұр.

Қаратау өңіріндегі фосфор рудасының жалпы жобасы 15 миллиард, яғни әлемде фосфор кені жөнінен 4-ші орында тұрмыз. Мысалы, тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңде зауыт жылына бар болғаны 5-6 мың тонна фосфор өндірсе, қазір жылына 100 мың тоннағы жуық сары фосфор шикізатын экспортқа шығарып отыр. «Қазфосфат» ЖШС соңғы жылдары фосфориттерді суспензиялық-флотациялық байыту фабрикасын салу және жаңғырту, күкірт қышқылы цехын салу бойынша екі жобаны жүзеге асырды. Бұл химия саласындағы кокс, кальциленген сода, күкірт қышқылы сияқты құрамдастар тапшылығы мәселесін шешуге және химия өндірісі көлемдерін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Қазфосфат» ЖШС өздерінің Еуропадағы ірі әріптестерінің бірі, Чехияның «Fosfa» a.s.» атты компаниясымен бірлесіп, гексаметафосфат натрийі мен тағамдық фосфат өндіретін цехты іске қосты. Бүгінде компанияның өнімі әлемнің 27 мемлекетіне жөнелтілуде.

Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша бүгінде құны 500 миллиард теңгеге жуық 31 инвестициялық жоба (6,5 мың жаңа жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Оның 16,4 миллиард теңгені құрайтын 8 жобасының (646 жұмыс орны) құрылысы үстіміздегі жылы аяқталып, ел экономикасын өркендетудегі алғашқы қадамдарын бастамақ. Бүгінде осы жобалардың алғашқы қарлығашы – «Құрылыс-Полимер» компания­сы өз жобасының тұсауын кесті. Облыстағы бұл ғажайып кәсіпорынның өндірістік кешенінің құрамына 16 инновациялық желі енеді. Бүгінде полимерден жасалған өнімдер құрылыс индустриясында кеңінен қолданылады.

Облыстағы 383 елді мекеннің 75-сінде арзан әрі қолайлы отынмен қамтамасыз етілген 149083 абонент, 225 өнеркәсіп кәсіпорны және 3415 коммуналдық-тұрмыстық нысан бар. Тұтынушылардың көбеюіне байланысты оларға жеткізілетін газ көлемі де өсе түсуде. Өткен жылы Байзақ, Талас және Жамбыл аудандары аумақтарындағы елді мекендерге жеткізілетін газ құбырының құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлінді. Ал Меркі, Жуалы және Т.Рысқұлов атындағы аудандардағы елді мекендерге газ құбырын тартуға 1,44 миллиард теңге қарастырылды. Сондай-ақ, жылдық қуаттылығы 462 миллион текше метрлік Қордай-Шу жоғары қысымды газ құбыры іске қосылды. Аталмыш газ құбыры Шу қаласы мен Төле би ауылының 30 мыңнан астам тұрғындарымен бірге 22 коммуналдық-тұрмыстық және 10 өнеркәсіптік кәсіпорынды, 18 мектепті, 5 колледжді, 7 аурухананы және 10 балабақшаны тауарлық газбен қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар, газ құбыры магистралінің бойына орналасқан 100 мыңнан аса тұрғыны бар 32 елді мекенді газдандыруға да жағдай жасалып отыр.

«SUPER PHARM» мен «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бірлесе отырып жұмыс істеуі еліміздегі медициналық емдеу-сауықтыру мекемелеріне қажетті бір рет пайдаланылатын бұйымдарға деген сұранысты толық өтей бастады. Тіпті, экспортқа да шығарылуда. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өз жауапкершіліктеріне алған міндеттемеге сәйкес алдағы уақыттарда жыл сайын 15-20 пайыз өнімдерін шетелге де өткере бастайтын болады.

Соңғы кезде облыстың мәдениет саласын өркендету мақсатында көптеген жаңашыл жобалар жүзеге асуда. Саланы қаржыландыруға ағымдағы жылы бюджеттен 3,3 миллиард теңге қарастырылды. Бұл 2012 жылдың деңгейінен 12,8 пайызға артық. Польша астанасы Варшавада Жамбыл облысының мәдениет күндері аясында «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Тараз» халық триосы және домбырашылар ансамблінің қатысуымен қазақ дәстүрлі музыкасының концерті өтті. Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық қалаларды кешенді зерттеу мақсатында «Көне Тараз», «Тамды» және «Бектөбе» көне қалаларында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 110 миллион теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Облыста спортты, оның ішінде бұқаралық спортты дамыту аясында көптеген игі істер атқарылды. Бұл саланы қаржыландыруға биыл бюджеттен 7 миллиард теңге қарастырылды. Шілде айында жалпы құны 504 миллион теңгені құрайтын облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына 2 спортзал және олимпиада жеткіншектерін даярлайтын спорт мектебі үшін 1 спортзал кешендері пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Жаңатас қаласында тағы да бір спортзал кешенін пайдалануға беріледі. Оның жалпы сомасы 184,0 миллион теңге. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен қосымша бөлінген 1,5 миллиард теңгеге «Тараз-Арена» спорт сарайының құрылысы аяқталып келеді. Дәл осы сияқты сәулетпен Тараз қаласындағы орталық стадионды еуропалық стандарттарға сәйкес жаңғырту жұмыстары да жүргізіледі. Қаратау қаласындағы «Лашын» футбол клубының жатақхана, асхана және әкімшілік ғимараттарының құрылысын жүргізу үшін де қаржы бөлініп отыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, біз өңірде атқарылған орасан зор жұмыс ауқымының бір парасын ғана сөз еттік. Ал алда тұрған міндет пен мақсат одан да зор.

Қанат БОЗЫМБАЕВ,

Жамбыл облысының әкімі.

02-Шыгыс какпа 2

02-Шыгыс какпа 1

 02-Шыгыс какпа 3

Дерек пен дәйек

Облыс орталығында физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Нысанның жобалық құны – 2,9 миллиард теңге.

Мектепте шалғай ауданнан оқуға келген балаларға арналған 120 орындық жатақхана да бар. Конкурстық іріктеудің қорытындысы бойынша 472 үміткер зияткерлік мектепте оқу үшін білім беру грантына ие болды.

Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданында жаңа қалалық балалар ауруханасы ашылды. Мемлекетіміздің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған ауруханада бір мезгілде 200-ден астам бала ем қабылдайды. Ауруханадағы жаңа туған нәрестелер бөліміне – 50, ерте жастағы сәбилер патологиясы бөліміне – 30, пульмонология бөліміне – 30, кардиоревматология бөліміне – 25, неврология бөліміне – 50, отолорингология бөліміне – 15 және реанимация бөліміне 6 төсек қойылған.

Облыста нанға, сүт өнімдеріне, шұжыққа, тұзға бағалар тұрақты болып тұр. Сонымен қатар, бағалар күнбағыс майына – 2,4 пайызға, қантқа – 1,9 пайызға, жұмыртқаға – 1,3 пайызға, жармаларға 1,1 пайызға төмендеді. Коммуналдық қызметтер тарифтері және жанар-жағармай бағалары көтерілген жоқ.

Кен өндіру өнеркәсібі және ашық кеніштерді игеруде өндіріс көлемдерінің 12,6 пайызға (11,5 млрд. теңге), өңдеу өнеркәсібінде – 6,1 пайызға (116,8 млрд. теңге), электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптау­да – 13,1 пайызға (24,7 млрд. теңге), сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда 8,7 пайызға (2,3 млрд. теңге) өсуі байқалып отыр.

Тамақ өнімдерін өндіру – 1,7, сусындарды өндіру – 1,2, мұнай өнімдерін өңдеу – 1,3, фармацевт өнімдерін өндіру – 4,8, резеңке және пластмасса бұйымдарын жасау – 1,4, машина жасау – 1,2, жиһаз жасау – 1,5 есеге, химия өнеркәсібі – 1,0, өзге де металл емес минералды өнімдерді өндіру 12,7 пайызға өсті.

Өткен жылы жергілікті мәндегі автомобиль жолдарына жалпы 6,0 миллиард теңге бөлінсе, үстіміздегі жылға 5,6 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 1,1 миллиард теңге қаралып отыр. «Луговой-Қорағатты-Тәтті» жолының – 22, «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» жолының – 13, «Ақкөл-Ойық-Ұланбел» жолының – 20, «Нововоскресеновка-Аспара» жолының – 14, «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» жолының – 9, «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент» жолының-10, «Төле би-Шоқпар» жолының – 4, «Отар-Сұлутөр-Көктөбе» жолының 17 шақырым аралықтары биыл орта жөндеу жұмыстарынан өтті. «Ақбақай-Мирный» жолының 109 шақырымы бойында былтыр басталған орта жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде. Республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы басталған 28,8 шақырымды құрайтын «Қаракемер-Қарасай батыр» жолының бо­йында жұмыстар жалғастырылуда.

 

Тәрбие бесігі – балабақша

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Сондықтан біз бала тәрбиесінің бір тармағы балабақшадан да басталады деп білеміз. Бұл ретте ел ертеңі – балаларды тәрбиелеуде облыс балабақшаларының атқарып отырған жұмыстарын жан-жақты үлгі етуге болады.

Жалпы, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы облыста жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі күні облыста 195 балабақша мен 174 шағын орталықта 37467 бала тәрбиеленіп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында 46,5 пайызды, 3-6 жас аралығында 64,6 пайызды құрап отыр. Үстіміздегі жылы «Балапан» бағдарламасы аясында 3160 орындық 18 балабақша, 1 шағын орталық ашу жоспарлануда. Ал өткен жылы республикалық бюджет есебінен Меркі, Сарысу, Талас аудандарында 3 балабақшаның құрылысы пайдалануға берілді.

Ағымдағы жылдың шілде айында Тараз қаласында республикалық бюджет есебінен салынған 320 орындық балабақша пайдалануға берілді.   Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен 2 балабақшаның құрылысы (Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында 280 орындық, Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылында 280 орындық), жергілікті бюджет есебінен 1 балабақшаның (Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында 140 орындық) құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 7 балабақшаның құрылысы 2013 жылы басталып, 2014 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде 5-і республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған.

«Балапан» бағдарламасында көзделген жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту бойынша атқарылған жұмыстар да мол. Бүгінгі күні облыста жекеменшік 8 балабақша, 3 шағын орталықта (Тараз қаласында – 6 балабақша, 2 шағын орталық, Меркі ауданында – 2 балабақша, Қордай ауданында – 1 шағын орталық) 1095 бала тәрбиеленуде. Өткен жылы Тараз қаласында 280 орындық 1 жекеменшік балабақша, Меркі ауданында 100 орындық 1 жекеменшік балабақша және Қордай ауданында 80 орындық 1 жекеменшік шағын орталық ашылды. «Балапан» бағдарламасы бойынша ашылған орындарды қаржыландыруға республикалық бюджет есебінен 2012 жылы 1 миллиард 829 миллион теңге жұмсалса, үстіміздегі жылы 2 миллиард 569 миллион теңге бөлінді.

Ендеше, бүлдіршіндерді заман талабына сай тәрбиелеп, оқытуда бізге, балабақша қызметкерлеріне мемлекетіміз барлық жағдайды жасауда деп нық сеніммен айта аламыз.

Күләш БАЙЖЕКЕЕВА,

Тараз қаласындағы

№21 балабақшаның методисі.

 

Адам – бар байлықтың қайнар көзі

«Қазфосфат» ЖШС негізінен, өндіріс инновациясына айрықша көңіл бөлгенімен, қам-қаракетінің басты бағыты адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту екенін біз де түсінеміз. Компания басшылығы біз үшін жұмыс орындарын сақтап қалу, еңбекақыны өсіру, жұмысшылар мен олардың отбасының амандық-саулығын қамтамасыз етуде еш аянған емес. Мысалы, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда еңбекақымыздың орташа мөлшері 12,7 пайызға өсіп, 83 650 теңгені құрап отыр.

Химия саласы жұмысшыларының алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, компания жетекшілері біраз қаражатын өндірістің әлеуметтік саладағы нысандарын дамытуға бөлген. Мысалы, әлеуметтік нысандарды жөндеуден өткізуге өткен 13 жылдың ішінде 752 миллион теңге жұмсалыпты. Сондай-ақ, заманауи санаторий іспетті «Көктал» емдеу-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Онда жұмысшылар емдеу-сауықтырудың 17 түрін қабылдайды. Соның нәтижесінде бұл жерден жыл са­йын 2000 жұмысшы мен олардың отбасы ем алып, демалып қайтады.

Балдырғандардың жазғы демалысы үшін 35 гектар жерді алып жатқан жеміс-жидек бақшасы, көлі, спорт алаңдары бар, маусымына 1000 балаға дейін қабылдай алатын 300 орындық «Жұлдыз» сауықтыру лагері жұмыс істейді.

Қазір жоғары және арнаулы оқу орындарында келісімшарт бойынша компания­ның есебінен 115 жұмыскер оқып жатыр, ал 230-ы оқу орындары мен колледждерді тәмамдап үлгерді. Кадрларды оқыту ісіне жыл сайын 24 389,6 мың теңге жұмсалады. Жастарды өндіріске тарту мақсатында 2011 жылдың желтоқсан айынан бері 52 орындық секциялы жастар жатақханасы пайдаланылып келеді. Жатақхананы ұстауға жылына 16 954,0 мың теңге қаржы жұмсалады.

«Қазфосфат» ЖШС-нің тәжірибесі жұмысшыларға жұмсалатын қаржының толық ақталатындығын көрсетіп отыр. Сондықтан біз адамдардың әл-ауқатының жақсаруы мен мықты денсаулығы бар байлықтың қайнар көзі деп санаймыз.

Айболат ДҮЗЕЕВ,

«Қазфосфат» ЖШС

№5 цехының жұмысшысы.

 

IMG 0889

Суретті түсірген Алмас МАНАП.

 

Құрылыс жұмыстары қарқынды

Өңірдің дамуы, қала мен ауылдың көркеюі ондағы жолдардың сапасы мен құры­лыс нысандарының әсем бейнесінен анық байқалады. Мұндай өркенді істерді жамбылдықтар да байқап жүр деп білемін.

Мысалы, облыстың құрылыс саласы бойынша үстіміздегі жылға 138 нысанның құрылысы үшін 28 593,7 миллион теңге бөлінді. Бұл өңірді дамыту үшін аз қаржы емес. Оның ішінде білім саласындағы 34 нысанның құрылысына 5 049,6 миллион теңге қаралып отыр. Республикалық бюджет есебінен 13 нысанға 2 494,7 миллион теңге қаралып, осы кезге дейін игерілуі тиіс 1764,6 миллион теңгенің 1348,5 миллион теңгесі игерілді. Соның нәтижесінде 4 мектеп, 1 лицей және 8 балабақшаның құрылысы басталып, қазіргі күнге оның 1 балабақшасы мен 1 мектебі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 3 мектеп пен 3 балабақша пайдалануға берілмек. Қалған 7 нысанның құрылыс жұмысы келесі жылы жалғастырылады.

Жергілікті бюджет есебінен 21 нысанның құрылысына 2554,9 миллион теңге қаралып, осы уақытқа дейін игерілуі тиіс 2190,4 мил­лион теңгенің 1431,1 миллион теңгесі игерілді. Соның арқасында жыл соңына дейін 13 нысанды пайдалануға беріп, қалған 8 нысанды алдағы жылы жалғастыратын боламыз.

Денсаулық сақтау саласына ағымдағы жылы 5 670, 5 миллион теңге бөлінді. Соған байланысты игерілуі тиіс 4 130,4 миллион теңгенің 2160,2 миллион теңгесі игерілді. Соның нәтижесінде 11 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 1 нысан мен Тараз қаласындағы көп салалы 200 төсектік қалалық балалар ауруханасы пайдалануға берілді. Қалған 9 нысан жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылып, 1 нысанның құрылысы келер жылы жалғасын табады деп жоспарлап отырмыз.

Республикалық бюджет есебінен 2 ны­сан­ның құрылысына 4552,5 миллион теңге қаралды. Оның осы уақытқа дейін игерілуі тиіс 3322,5 миллион теңгесінің 1817,5 миллио­ны игерілді. Соның нәтижесінде 1 аурухана пайдалануға беріліп отыр. Екінші нысан пайдалануға келесі жылы беріледі. Жергілікті бюджет есебінен 9 нысанның құрылысына 1117,2 миллион теңге қаралып, игерілуі тиіс 807,8 миллион теңгенің 342,7 миллионы игерілді. Соның нәтижесінде 9 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 23 нысанның құрылысына республикалық және жергілікті бюджет есебінен 4730,6 миллион теңге бөлінді. Соған байланысты игерілуі тиіс 3279,8 миллион теңгенің 2385,2 миллион теңгесі игерілді. Үстіміздегі жылы осы 23 нысанның 10-ы пайдалануға берілсе, 13 нысан 2014 жылы аяқталады.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 258,3 мың шаршы метр пайдалануға беру көзделуде. Үстіміздегі жылдың 7 айының қорытындысы бойынша оның 122,8 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Арендалық 6 тұрғын үйдің құрылысын салуға 1306,0 миллион теңге қаралып, қаржыландыру жоспарына сәйкес игерілуі тиіс 1166,2 миллион теңгенің 1002,5 миллион теңгесі игерілді.

Тараз қаласында 70 пәтерлі 1 тұрғын үй пайдалануға берілсе, 5 тұрғын үй жыл соңына дейін тапсырылады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы салынатын кредиттік тұрғын үйлерге 700,0 миллион теңге бөлініп, 65 пәтерлі 2 тұрғын үй құрылысы басталды. Ол пайдалануға келесі жылы беріледі. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 11 дәрігерлік амбулаторияның құрылысына 1163,6 миллион теңге бөлініп, оның игерілуі тиіс 865,2 миллионының 682,8 миллион теңгесі игерілді. Жыл соңына дейін барлық нысан пайдалануға толығымен тапсырылады. Әлеуметтік қамтамасыз ету бағдарламасы бо­йынша 1782,6 миллион теңге қаралып, игерілуі тиіс 892,0 миллион теңгенің 585,5 миллион теңгесі игерілді. Бөлінген қаржыға Тараз қаласындағы 300 төсектік психоневрологиялық интернат үйінің құрылысы жүргізілуде.

Спорт саласына ағымдағы жылы 1 спорт сарайы мен 5 спорт залының құрылыс жұмыстарына және орталық стадионды қайта жарақтандыруға 2208,4 миллион теңге бөлініп, қазір соның игерілуі тиіс 1937,0 миллион теңгесінің 1760,4 миллион теңгесі игерілді. Осы аталған нысандардың ішінде 3 спорт залы пайдалануға берілсе, қалған 4 нысан жыл соңына дейін тапсырылады.

Рахманқұл БАЙТЕЛИЕВ,

Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар

көлігі және автомобиль жолдары

басқармасының бастығы.

 

Дипломмен ауылға келдім

Әдетте, білікті де білімді дәрігерлердің жетіспеушілігінен ауыл тұрғындары көптеген қиындықтарға кездесіп жатады дейді. Бірақ мен еңбек ететін Тұрар Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылының тұрғындары мұндай қиындық көрген емес. Олай дейтін себебім, мен еңбек ететін ауылдық дәрігерлік емхана бірнеше жылдардан бері осы ауылдың тұрғындарына сапалы медициналық қызметтің барлық түрін көрсетіп келеді.

Емхананың бас дәрігері Барлыбай Ұтамұратовтың ем-домына жұрт та риза. Тіпті, ауылдың үлкен-кішісі әзілдеп ол кісіні «бас дәрігер» деп атайды. Олай дейтіндей де бар, өйткені басы ауырып, балтыры сыздаған жанның бәрі Бәкеңе жүгінеді. Ал ол болса барлығын да жылы жүзбен қарсы алып, сөзімен де, емімен де көңілдерін табады.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға келген мен сияқты жас дәрігерлердің үйренері көп. Бұл ретте осы ауылда жиырма жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Б. Ұтамұратовты біз тәжірибелі тәлімгер, ұлағатты ұстаз деп білеміз. Өйткені, ол барлығымызға ағалық ақылын, дәрігерлік тәжірибесінің қыр-сырын ерінбей-жалықпай үйретеді.

Мейрамбек ЖАМАЙЫЛОВ,

Көкдөнен ауылдық-дәрігерлік

емханасының офтолмолог дәрігері.

__________________________________

 

«Қуатты Қазақстан – қуатты өңірлер»

03-слайд5

03-слайд4

03-слайд3

03-слайд1

03-слайд

03-слайд2

 

_________________________________________________________________

Айқарма беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның»

Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.