11 Қазан, 2013

Ой әлеміндегі Әбдеш

468 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

01-абдешО, жалған дүние-ай! Әбдеш өмірден өткелі де жылға таяпты. Көңіл жетсе де, көз жетпес зулаған өмір! Қатар жүрген қаншама азамат ортаңды ойсыратып, табиғат тылсымына біржолата сіңіп, көзден ғайып, көңілден тысқары күйге айналғаны ма?! Жүрек сыздайды, көңіл құлазиды. Мұндайда Алланың әмірі дегеннен басқа қолдан келер амал бар ма, адам пендеге. Тек өзек өртеп өмірден өткендерді ұмыта алмай бірауық сағыныш әлеміне бойлайтының бар. Өйткені, өмірден өткендер арасында ой арқалатып кететіндер көп. Олардың қоғамдағы орны, іс-әрекеті, жора-жолдас арасындағы қарым-қатынасы сені ойландырмай қоймайды.

 

01-абдешО, жалған дүние-ай! Әбдеш өмірден өткелі де жылға таяпты. Көңіл жетсе де, көз жетпес зулаған өмір! Қатар жүрген қаншама азамат ортаңды ойсыратып, табиғат тылсымына біржолата сіңіп, көзден ғайып, көңілден тысқары күйге айналғаны ма?! Жүрек сыздайды, көңіл құлазиды. Мұндайда Алланың әмірі дегеннен басқа қолдан келер амал бар ма, адам пендеге. Тек өзек өртеп өмірден өткендерді ұмыта алмай бірауық сағыныш әлеміне бойлайтының бар. Өйткені, өмірден өткендер арасында ой арқалатып кететіндер көп. Олардың қоғамдағы орны, іс-әрекеті, жора-жолдас арасындағы қарым-қатынасы сені ойландырмай қоймайды.

Өзінің өмірдегі орнықты ісімен, ойшылдығымен, кейінгілерге ой тастап кеткен жанның бірі – Әбдеш Қалмырзаев еді. Адам пенде тірі кезінде бірімен бірі сыйлас, тіпті сырлас болып жүрсе де, күндердің күні болғанда мына жарық дүниені тастап, қоштаса да алмай жүре беретінін ойлап бас ауырта бермейді. Бәлкім, сол да дұрыс шығар. Дегенмен, саған уақытша берілген мына өмірде қадамыңды абайлап басып, өзіңе, ортаңа, қоғамға тигізер пайдаң мен қызметіңді дұрыстап жасау үшін де алды-артыңды тиянақтап, бір-біріңе қарайласа, бейіл білдіре жүргенге не жетеді. Міне, кезінде осылай ойлай білмегендіктен де Әбдеш дүниеден өткен соң, ол туралы нені, қалай жазарымды білмей, тосылыңқырап отырғандаймын. Әйтпесе, ол туралы айтарым бар сияқты еді. Миға салмақ салуға тура келді.

Біздің жолымыз ең алғаш рет Алматыда қазақ білімінің бас ордасы – Әл-Фараби атындағы университетте (бұрынғы С.М.Киров атындағы) түйіскен еді. Респуб­­ликаның түкпір-түкпірінен оқу іздеп келіп жатқан жас өскіннің басы көбінесе осы жалғыз университетте тоқайласатын. Әбдеш университеттің филология факультеті журналистика бөліміне оқуға түсті. Менің бұл факультетте оқып жүргеніме екі жылдан асқан. Бір заманның түлектері болған соң ол кезде студенттер арасында бес-он жас айырма ескеріле бермейтін. Жоғары-төменгі курстың балалары бірімен-бірі араласа беретін.

Ол әуелі бізбен бірге оқитын Илья Жақановқа келді, жерлес екен. Екеуі де Жамбыл облысы Сарысу ауданынан. Шашы толқын атқан, орта бойлы, ақ сары әдемі жігіт. Аңғарымпаз, жан-жағына байыппен байқастап қарайтын, елгезек жан. Содан былай қарай біздің қарым-қаты­­­насымыз жиілей бастады. Ол кезде қазақ жастарының оқу-білім­­ге ұмтыла жүріп, халықтың байыр­ғы өнеріне (ән, күй, домбыра, қо­быз, жыр, терме, т.т.) деген құш­тарлығы ерен еді. Басымыз қосы­ла қалса, қазақтың әні мен күйі, композиторлардың жаңа туын­ды­лары, ақындардың өлеңдері жай­лы пікір қозғап, дуылдасып жататынбыз.

Біздің ортамызға Шәмші жиі­рек келетін болды. Жас атау­лының бәрі оның әніне ғашық. Илья да одан қалыспай, өз әндерін шығара бастаған. Екеуінің бір-біріне деген ықыласы бөлек. Әйтеуір бұл ортада ешқайсымыз бейжай отыра алмайтынбыз. Бұл тұстағы Әбдештің қылығы қызық. Әңгімеге көп араласа қоймайды. Бірақ көкейіне көп дүние түйіп, болған әңгімелерді ықыласпен тыңдайды. Оның ешнәрсені елеусіз қалдырмайтынына, естігенін ұмытпайтынына таң қалатынмын. Мәселен, сол студент кезінің өзінде ол Жамбыл облысының көзге көрініп жүрген ауыл, аудан, облыс көлеміндегі барлық қызметкерлерінің аты-жөндерін, кімнің қандай жұмыс атқаратынын жатқа білетін. Ол осылайша жадын жаттықтырып жүргендей еді. Және қатар жүрген жолдастарының болар-болмас табысының өзін елеусіз, ескерусіз қалдырмай жақсы ниетін білдіріп отыратын. Мәселен, өз басыма байланысты бір оқиғаны еске алғым келіп отыр. Жастықтың алауымен жалындап жүріп, көзіміз түскен қыздарға сағынышты хаттар жазып, өлең арнап жүретін кезіміз. Менің де сондай бір сезім әлдиінде бір ән шығарып, шалқып жүрген шағым еді. Болашақ жарыма деген алабұртқан осы көңіл-күйімді Жұмағали Сайнның «Жар сәлемі» деген өлеңі дөп жеткізгендей екен. Сол өлеңді өз әуеніммен ай­тып жүретінмін. Міне, соны естіп алған Әбдеш 1959 жылы «Лениншіл жас» газетіне жария­лап жіберді. Бұл кезде ол осы газетте тәжірибеден (практикадан) өтіп жүрген студент еді. Бір-бірімізге деген ықылас, сыйластық осылай жалғаса берді.

Мен 1959 жылы оқуды біті­ріп, «Социалистік Қазақстан» газе­тіне әдеби қызметкер болып ор­наластым. Әбдеш бұл жерге де келгіштеп жүретін. Азулы қалам­герлер Б.Қыдырбекұлы, Ж.Жұ­маханов, Қ.Ұябаев, Ұ.Бағаев, Ә.Жұмабаев, Б.Абдуллин, Н.Шә­кеев, Б.Дәуренбеков, М.Машақов тәрізді ағалармен емен-жарқын сәлемдесіп, олардың жазғандарын оқып жүретіндігін білдіріп кететін. Сөйтіп жүріп ол бұл газетте де тәжірибеден өтті. Әр нәрседен хабары мол, қаламының қарымы байқала бастаған жас жорналшы Әбдеш ақыры осы республикалық аға газетке келіп жайғасты. Ол ардақты аға Ұзақ Бағаев басқарып отырған ауылшаруашылық бөлімі­нің дүрдей қызметкері болып шыға келді. Осы бөлімде жүріп, қаламын шыңдады. Өз ісіне өте ұқыпты Әбдеш ұжымға тез сіңіп кетті.

Әбдештің келелі мәселелерді көре білетін, көргенін көсілтіп жаза білетін қабі­ле­тін қаламдастары да, Қазақ­стан Ком­партиясы Орталық Коми­те­тінде отырған байыпты азаматтар да байқаған болу­лары керек. 1969 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және на­сихат бөліміне нұсқаушылық қыз­метке шақырылды. Бұл жерде ол шетелдермен байланыс секторына, баспасөз бөліміне жетекшілік жасап, бөлім меңгерушісінің орын­басары қызметіне дейін көте­ріл­ді. Кейінірек Көкшетау облыс­тық партия комитетінің хатшысы болды.

Азаматты орта өсіреді деген сөздің жөні бар. «Социалистік Қазақ­стан» газетінде қаламгерлігі мен азаматтығы шыңдалған Әбдеш Сәрсенұлы біртіндеп ел, халық мүддесі үшін еңбек етіп, күресе алатын саяси қайраткер дәрежесіне көтеріле бастады. Осы бағытта тынбай еңбектенді. Алайда, ол өзінің журналистік шеберлігі жетіле бастағанмен, жазу-сызуы­ның ғылыми-теориялық негіз­де­мелерінің әлі де олқылау түсіп жататынын байқайтын. «Құлан­ның қасуына...» дегендей, оның көкейінде жүрген бұл игі мақсатын орындаудың сәті түсті. Ол 1976 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасына оқуға жіберілді. Онда ол оқу бағдарламасын қанағат етіп қоймай, ғылыми ізденіспен, әсіресе, пәлсапалық қисындармен түбегейлі айналыса бастайды. Нәтижесінде сол оқуды бітірген 1981 жылы философия ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғап шығады. Табиғат, қоғам құбылыстарына, жалпы, өзі өсіп-жетілген айналасына ойлы көзбен қызыға қарау, шамасы оның бала күнінен бойына сіңген қасиет болса керек. Өсіп-жетіле келе ұлы ойшылдар әлеміне тереңдеу арманы осылайша орындала бастаған еді. 1992 жылы сол Мәскеу қаласындағы аталған оқу орнында философия ғылымдарының докторы дәрежесін қорғады. Сол жылы профессор атағын да алды. Міне, бұл толассыз еңбек пен талап­шылдықтың үлкен нәтижесі болатын.

Енді оған ойшыл ғалым ретін­де өзін толғандырып келе жат­қан келелі мәселелерді қалың жұрт­шылыққа ұсынатын кезең келген еді. Міне, сол мақсаттың үдесінен шыға бастады. Ол ең алдымен, қазақ ойшылдарымен тілдесе бастағандай мінез танытады. Әсіресе, ұлы Абайдың эстетикалық көзқарастарына ой жүгіртіп, өзін толғандырған сауалдарға жауап алады. Сондай ізденістер нәтижесі жинақтала келе «Эстетическое в творчестве Абая» (1974) деген кітапқа айналды. Әбдеш ұлт және қоғамдық сана туралы толғанды. Оны сол ұлттың негізін қалайтын адамның болмыс-бітімі де неше алуан ойға жетелейді. 1984 жылы жарық көрген «Нация и общественное сознание» кітабы осы мәселелерді қозғайды. Әбдештің тағы бір ерекшелігі, оның қазақ, орыс тілінде бірдей сөйлеп, бірдей жазатыны.

Әбдеш Қалмырзаевтың фило­соф ретінде кемеліне келе бастаған кезі еліміздің тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты. Ол әрі журналист, әрі философ ғалым ретінде Қазақстан баспасөзіне мем­лекетіміздің қалыптасу дәуі­ріне ауадай қажет ойларын жа­за бастады. Сөйтіп, ойшыл қалам­­гер тәуелсіздіктің патриот жыршы­сына айналды. Газет, жур­нал беттерінде жарияланып жат­қан мақала-толғауларымен қатар «Абай шығармаларының эсте­тикасы», «Ұлт және адам», «Ұлт және қоғамдық сана», «Біз қа­зақ, ежелден еркіндік аңсаған», «Қазақ­стан патриоттығы», «Заман және біз», «Уақытпен сырласу», «Ұлт­тық идея», «Уақыт және адамдар», «Санқырлы демократия» атты кітаптары бірінен соң бірі жұрт­шылық қолына тиіп жатты. Көп­шілік сұранысын қамтамасыз етті.

Қаламгердің бұл туындыларын саралай келе оның өзегін тәуелсіздік тағдыры мен ұлттық идея, идеология мәселелері құрай­тынын байқайсыз. Ол жалаң ой қуалап, ескі сарынмен отырмай­ды. Айтар ойын нақты дерек, дә­йектермен тұздықтап, ғылы­ми түйсігінің мығымдығын айғақтайды. Осы ретте, қазақ халқы әлі ұлт тұтастығына жеткен жоқ дейтін жаңсақ пікірлерді жоққа шығаруға тырысқан мына бір түйіндеуін еске ала кетсек дейміз. Ол «өз территориясы, өз Конституциясы, өзінің ішкі тұтастығы бар халықты неге ұлт болып қалыптаспады дей­міз. Бұл жаңсақ пікір!» деп өз ойын бұлталақтатпай кесіп айтады. Осыдан келіп ұлттық идея мен идеология деген ұғымдар таби­ға­тын талдап, оның әрқайсы­сы­на анықтама беруге тырысады. Бұл біздіңше пәлсапалық түйін­деу­лер­дегі жаңаша бастама дерлік қисын.

Әбдеш еңбектерінің жас ұрпаққа берері мол деп ойлаймын. Ол осыншама дүниелерін жауапты мемлекеттік және қоғамдық қызметтер атқара жүріп жазды, ел жағдайы, ұлт тағдыры туралы тынбай еңбектеніп, көсемсөздің өзіндік үлгісін де жасады.

Әбдеш үздіксіз ізденіс жолында жүрді. Соның арқасында өте білімдар азаматтар қатарына қосылды. Үлкен қызметтер атқа­рып жүрген тұсында біздің аралас-құраластығымыз сирей бастады. Бұған уақыт тапшы болатын, соған қарамастан мен оның қазақ қамын терең ойлайтын биік парасат иесі болып қалыптасқанын көріп сырттай сүйсініп жүрдім. Ол өмірінің соңғы жылдарында сүйген жары Үрзада екеуі азамат болған ұлдарынан айырылып, қайғы шекті. Бұл олар үшін оңай болған жоқ. Қайғыны көтеруге ты­рысты, алайда, Әбдештің ден­сау­лығы сыр бере бастады. Осын­дай сәттерде Алматыдағы орта­лық ауруханада қатар жатып емде­ліп, егде тартқан кезімізде Алла бұйырт­қан өмірдің ауыр жүгін арқалап жүрген халімізді айтысып, сырласатынбыз. Ол сырқаттанып жүрсе де, үлгеріп қалайын дегендей, толғандырған ойларын бұрқыратып қағазға түсіріп жататын. Соңғы жылдары ол өте өнімді жұмыс істеді. Оның елді толғандырған мақалалары газеттерде бірінен соң бірі жарияланып жатты. Кездесіп қалғанда не телефонмен «қалай үлгересің?» деп сүйсінгенімді айтып жатушы едім. Өмірдің қайсыбір тұстары жайында ықыластана сыр шертісіп отырушы едік. Осындай мүмкіндіктерден де біртіндеп адаланып келеміз. О Жаратқан, бірімізді бірімізге жоқтатып қойған тағдыр-ай!

Мен таныған Әбдеш міне, осындай еді!

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,

академик.