Қазақстан • 01 Шілде, 2020

"Болашақ" стипендиясын тағайындауға байланысты өзгерістер енгізілді

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық шарттар аясында шетелде оқу үшін үміткерлерді іріктеудің барынша ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтің тапсырмасына сәйкес "Шетелде, оның ішінде академиялық оралымдылық шеңберінде оқытуға жіберу қағидаларына" бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл жөнінде халықаралық бағдарламалар орталығына сілтеме жасап Egemen.kz хабарлайды.

"Болашақ" стипендиясын тағайындауға байланысты өзгерістер енгізілді

Атап өтерлігі, енгізілген түзетулерге сәйкес, Қағидада шетелде оқытуға үміткерлерді іріктеу кезінде тең балл иеленгендер үшін келесі басымдықтар басшылыққа алынады:

1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

2) бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар;

3) көп балалы отбасынан шыққан балалар;

4) шетелдік жоғары оқу орындарынан шақыртуы бар, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында оқитын үміткерлер.

Адами фактордың қатысуымен байланысты тәуекелдерді төмендету мақсатында құжаттарды қабылдау автоматтандырылды және «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Объективті шешім қабылдауды қамтамасыз ету үшін енді жаңа Қағидаға сәйкес іріктеу екі кезеңнен тұрады: Тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен сұхбат және Қорытынды комиссияның шешім қабылдауы. Сұрақтар бекітілген регламент бойынша қойылады.

Сонымен қатар, конкурс жеңімпаздарымен оқуды аяқтағаннан кейін 3 (үш) жыл мерзімге Қазақстан Республикасының аумағында үздіксіз еңбек қызметін міндеттейтін оқуға шарт жасасу бойынша норма енгізілді.