Руханият • 02 Шілде, 2020

Тархан

1089 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Боз даланың төсінде тұлпар мініп ту ұстаған, найза ұстап жау алған, қол бастап киелі топырағымызды арам пиғылды дұшпан аяғына таптаттырмай күні бүгінге дейін дін аман жеткізген ұлы бабалар мекені, сол баһадүрлердің кісілік болмысына, пайым-парасатына, ұлылылық тәмсіліне ақау түсірмей дәріптеп келе жатқан тәуелсіз байтақ Қа­зақстанның түгін тартсаң май шы­ғатын қасиетті бөлшегі, толағай табыстың, берекелі ырыстың бас­тауы атанған шырайлы өңірдің бірі Ақтөбе деп білемін.

Тархан

«Ел үмітін ер ақтар» деген. Тарихы терең қарт Ақтөбенің киелі топырағында кіндігі кесіліп, жауда батырлық, дау­да шешендік танытып, халқының бос­тандығы мен ұлтының тұтастығы, же­рінің бүтіндігін сақтау жолында жан­қиярлық ерлік көрсетіп тұлғалық дең­гейге көтерілген ұлы перзенттер аз емес. Құдайға шүкір, ұлтымыздың ұлан-асыр бағына қарай алтын құрсақ аналарымыз әр ғасырда жаужүрек батыр ұлдарын дү­ниеге әкеліп отырған. Солардың біразы­ның есімі бүгінде аңызға айналып, қайраткерлік тұғырға көтеріліп, тарихта аттары қалған.

Айталық Қаракерей Қабанбай, Қан­жығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурыз­бай, Тайлақ, Өтеген, Сұраншы, Ер Қосай, Исатай, Махамбет тағы басқалармен қатар Ақтөбе ай­мағынан Тілеу батырдың есімін ерекше атауға болады. Оның қаһармандық ісі – 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы Сайрам қаласы түбіндегі шайқаста Кіші жүз әскеріне қолбасшылық етуі мен сондағы ұрыстардың бірінде қаза тауып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанында жерленуі.

Осындай қайтпас қайсар батырлар шоғырының арасынан тама Есет Көкі­ұлының да есімі бір төбе. Ел аузында «Алланың тасы қатты ма, Есеттің басы қатты ма?» – деген қанатты сөз қалуы оның осал тұлға еместігін тағы бір аңғартса керек. Бұл тәмсіл Есет батырдың Қалмаққырылған деген жерде жауды талқандауда көрсеткен айрықша ерлігін меңзегендіктен пайда болған көрінеді.

Негізінен Есет Ақтөбе же­рін­де ең қа­сиетті есімдердің бірі болып саналады. Ал жалпы Есет-парсы сөзі. Түп-төркіні «Келісті, лайықты, жаужүрек» деген ма­ғынаны білдіреді екен. Біз, қазақ халқы ежелден ырымшылмыз ғой. Жарық дүние есігін ашқан нәрестеге ат қою мәселесіне келгенде үлкен жауапкершілікпен қарай­мыз. Әр атаудың мәні-мағынасына те­рең үңілеміз. Бала – адамның бауыр еті болғандықтан әрбір саналы отбасы ша­ңыраққа шыр етіп келген сәбиге ең жақсы есімді қоюға тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, кейбірі ежелгі есімдерді беріп жатады. «Азамат деген атқа лайықты, елін қорғар жаужүрек жігіт болсын» деген ниетпен Есет деген есім де көп тараған. Халық арасында «ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет» деген аталы сөз қалғаны тағы бар.

Әйтседе, аталмыш есім азан шақы­рылып берілген Иран көсемдерін атақ-абыройға бөлей алмаған. Халқының көңі­лінен шықпаған, «әйкәпір» атанған тұлғалар өткен тарихта. Ал Ақтөбе жұрт­шылығы үшін Есет – аса қастерлі тұлға. Олай дейтініміз, Есет Көкіұлы елімізге кеңінен мәшһүр қасиетті әулие, ерен батыр, қызыл тілді шешен, топ бастар көсем болған. Сексеннен аса жыл ғұмыр кешіп бақилыққа аттанғанына сан ғасырлар өтсе де халықтың жадынан жоғалмаған, зор мәртебеге ие асыл тұлға.

Жаугершілік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен Есет те ел қорғау жоры­ғына ерте араласып, қайсар, қайтпас ерлі­гімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осын­дай шайқастардың бірінде Есеттің жауын­герлігіне риза болған Тәуке хан: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата берген екен.

Есет батыр талғамына бе­рік келетін тектілер өнегесіне, бабаның өсие­тіне қарап өсті. Шыққан, өсіп-өнген ортасы да елге ерекше танымал ұлылардан құралған. Қайтпас қайсарлығының арқа­сында аймағына «Таймас» – деген атпен белгілі болған, шекіссе шегінбейтін, кү­рессе жеңілмейтін, алған бағытынан таймайтын Көкі батырдың баласы. «Әке көрген оқ жонар» – демей ме, халық даналығы. Көкі батыр да Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүр бастаған Орбұлақ шайқасында табандылық пен қаһармандық танытып, өжеттіктің рухын көрсеткен екен. Ал анасы Назым ақ кете руының атақты биі Балпыштың қызы. «Тектіден нәр алған тозбайды», – деген осы емес пе.

Елімізде талай текті тұлғалармен, туыстық, қандастық жағын қуалар болсақ Маңғыстау өңірінде өмір сүрген әулие, пір Бекет бабаға кәрі нағашы болып ке­леді. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы, дарынды хан, мемлекет қайраткері, дипломат, қолбасшы Абылай ханның ең сенімді қол бастаған батырларының бірі қыпшақ Нияз батырдың замандасы ретінде сыйластық қарым-қатынаста болған. Есімі әлі де елге кеңінен таныл­май тұрған кезде де Әбілхайырды қолдап, оны хан көтеріп қазақ жасағының қол­басшысы болуға көп атсалысты. Сонымен қатар Есет батыр ұлт санасында қатты сілкініс туғызып, біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қар­сы жүз жылдық азаттық соғысында ірі бет­бұрыс жасаған ең үлкен жеңісі 1729 жылы Аңырақай шайқасына Кіші жүздің туын ұстап соңынан қол ертіп барғанына тарих куә. Аңырақай шайқасы – қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға негіз салған қазақ-жоңғар соғысындағы ең сой­қан шешуші соғыстардың бірі екенін білеміз.

Алайда Жоңғариямен ұзаққа созылған аса ауыр соғыста қазақ жасақтары тамаша жеңіс­ке жеткенімен ол табыс баян­ды бола қоймады. Қазақ хандары мен сұл­тандарының тақ таласына бай­ланыс­ты алауыздығы салдарынан бұл күреске Ресей империясы да тартылды. Әбілхайыр жеке өз билігін нығайту жолдарын жатпай-тұрмай тынымсыз іздестіре келіп, 1731 жылы Ресей мемлекетінің қолдауына сүйенуге бел буды. Кіші жүз хандығының Ресеймен одақтасу тұсындағы шешуші кезеңде Есет батыр да белсенділік танытқан беделді де белді тұлғалардың бірі болғаны анық.

Жалпы, Есет батырдың өмірінің жар­қын тұсы Қарасақал бастаған башқұрт халқының Ресейге қарсы көтерілісінің кезі еді. Ойсырата жеңіліске ұшыраған баш­құрт батыры Есетті паналап, қор­ған санайды. Ал Ресей жағы болса башқұрттарды жазалау мақсатында оларды өздеріне тапсыруын талап етеді. Десекте, кедергілер мен қиыншылықтар туындап, қауіп-қатер төніп тұрғанына қарамастан Есет ерік-жігерінің, күш-қайратының арқасында қазақтарды арқа тұтып келген башқұрт жауынгерлерінің өмірін сақтап, аман алып қалады. Сондай-ақ ол, даңқты батыр Сырым Датұлына халқының азаттығы жолында талмай күресіп, болашақ ұрпақтың азат өмір сү­руі үшін жан аямай күресіп, елді жар­қын өмірге баста деп ақ батасын берген абыз.

Иә, батырсыз Отан жоқ. Отан өз батыр­ларымен бай. Батырдың бас­ты мақсат-мұраты-жерін, туған елін бас­қыншы жаудан қорғау, халықтың мүддесін қорғау. Есет батыр ғұмы­рын­да 27 рет жекпе-жеке шыққан екен. Еш­кімге есесін жібермеген, иығы жер иіс­кемеген, талай шайқаста жауын жер жастандырған атақты батыр. Туа біткен бұла күші мен жүрек жұт­қан қайсарлығының арқасында оған 1743 жылы «тархан» деген әскери шен беріледі. Яғни орыс армиясындағы ең жоғарғы атақ. Бұл атаққа Есет батыр қазақта Шақ­шақ Жәнібек батырдан кейін екінші болып ие болды.

Қазақстанның батыс өңірін зерттеген белгілі ғалым Зәкіриддин Байдосов Есет батырға тархан атағының берілуін талдап, мынадай қорытындыға келеді. Біріншіден, Жәнібек пен Есет батырлар ел арасында өте беделді ықпалды тұлғалар болды. Олардың патша өкіметінің отарлау саясатын қолдауының үлкен маңызы бар еді. Екіншіден, басқа сұлтандар, старшин, билерге тархандықты үлгі қылып көрсетіп патша үкіметің құлына айналдыру қажет болды. Үшіншіден, Жәнібек, Есет батырлар арқылы бұқара халықты патша тағына бас идіру болатұғын. Төртіншіден, патша шенеуніктері Жәнібек, Есеттерді өз үйірлеріне тарта отырып Әбілхайыр хан­ды оқшаулап, оның беделін түсіруді көздеді. Қорыта айтқанда, Есет батырға беріл­ген тархандық атақ оның мемлекет қайрат­керлігін, мәмлегерлігін мойындау еді.

Әбілхайыр хан өлтірілгеннен кейін оның орнына баласы Нұралы хан сайланады. Әбілхайырдың кезінде оның ұлы Әділ аманатта болатын. Жаңа жағдайға байланысты талап өзгерді. Нұралы ханның өз баласын беруі талап етілді. Бұл талапқа қарсы шыққан кезде балаларын аманатқа беретіндердің саны анықталып, оған Нұралы хан, Есет, Жәнібек батырлардың балаларының тізімі енгізілді. Осы мысал­дың өзінен тархан батырлардың қандай беделге ие болғанын көреміз. Олардың есімдері ханмен қатар аталып, маңызды жұмысқа тартылып тұр. Патша билігі отарланған елді басқаруда талай сұрқия әдістер мен тәсілдер қолданып бақты. Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев 1743 жылы 8 шілде күні Кіші жүз және Орта жүз қазақтары туралы Сенатқа хат жазды. Бұл хатта отарлау саясатын сәтті жүргізу үшін жергілікті халық арасына іріткі салу, араздық пен бақталастық туғызу, ең беделді адамдарды жіктеп, бірін көтеріп, екіншісін төмендетіп дүрдараздық туғызу үшін оларға атақ дәреже беру туралы айтылады. Орынбордағы орыс әкімшілігі Есет сияқты беделді тұлғалардан көз жазбауға тырысты. Жасырын хабарламалар алынып, құпия барлаушылар жіберіліп отырды. Олардың қыс қыстауы, жаз жайлауы үнемі бақылауда болды. Мысалы, Есет батырдың көшу бағыттары Сырдария өзенінің төменгі ағысы, Елек өзені, Жем бойы, Борсық құмы болатын. Оның бәрі ескеріліп отырды.

Бұл жағдайлардың бәрі Есет батырға аян еді. Ресейдің Қазақ жерімен іргелес аудандарға әскери бекіністердің көптеп салынуы оны қатты толғандыратын. Көршілес естектердің (башқұрттар) мойнына ілінген отарлық бұғаудың қазаққа да келерін сезінетін.

«Адал ұл ер боп туса – ел тірегі», – де­ген ғой, Есет батыр шын мәнінде еліне тірек болған асыл ер, адал перзент десек әсі­релегендік емес. Ет пен сүйектен жаратылып туғаннан соң мына апақ-сапақ өмірдің қоңыр күзі, ақшамы болатыны да заңдылық. Жасың ұлғайған сайын егделіктің көлеңкесі ұзарып, қарттықтың босағасын аттайсың. Демек, адам баласының қартаюы табиғи жаратылыс. Есет батыр да салиқалы жасқа жетіп, қазыналы қарттық шағын қарсы алып, ақтық демі жорықты сапарда емес, өз үйі – өлең төсегінде жатып жарық дүниемен қош айтысты. Бақилыққа аттанар алдында замандастарын жинап, бақұлдасып: «Менің басты арманым елім­ді, туған топырағымды жау аяғына таптатпау еді. Сол азаттық жолында қолымнан қару түспеді. Жаумен алысып, дұшпанның жағасын жыртып ұрыс даласында өлсем бе деп едім. Бірақ Алланың бұйрығы осылай болды. Ертең денемді қара жердің қойнына тапсырар кезде басымды шығысқа, аяғымды батысқа қаратып жерлеңдер. Менің аяғым да, рухым да жатжерліктердің қазақ даласына тереңдеп енуін тоқтататындай, аяғыммен тіреп жатайын», деп өсиет қалдырыпты.

 Әрине зымыраған уақыт бір орнында тұрмайтыны анық. Дөңгеленген дүние де шыр айналып қозғалысын тоқтатпайды. Содан бергі аралықта қаншама ғасырды артқа тастадық, сан қилы замандар, дәуірлер зымырап өте шықты, әртүрлі қоғамдық формациялар ауысты, жүйе өзгерсе де халықтың ұлы тұлғаға деген махаббаты бір сәтке де толастамағанының куәсіміз. «Ердің соңы Есет, пірдің соңы Бекет», деген ұғым ел аузында әлі күн­ге дейін жалғасып келе жатқандығы баһа­дүр бабаларға, тарихымызға зор құрметтің, қошеметтің нышаны деп білемін. «Ұлыларды ұлықтау – өткенді ұмытпау» деген осы. Елдігіміздің еңселі, бірлігіміздің бекем екенін айшықтай түсті. Ең бастысы, баба рухының ұрпағымен қайта қауышқан маңызы зор тарихи сәтке толы шаралардың қолға алынуы, бүгінгі ағылған көш, ақтарылған пейіл, көл-көсір қуаныш, бәрі-бәрі ұрпақтар сабақтастығының мәңгілік екенін танытып тұрған жоқ па.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – демеп пе еді. Осыған сай соңғы жыл­дары Ақтөбе өңірінде ірі оң өзгерістер белең алғанына қуанамыз. Ізгі мұраттарға толы шараларды өмірдің барлық саласынан кездестірудеміз. Өндіріс әлеуетінің артуы, рухани шаралардың көптеп қолға алынуы көңіл қуантады. Әсіресе Әбілхайыр ханға арналған ескерткіш кесене, Едіге батырға қойылған ескерткіш, Қобыланды батыр кешендері, Әбілхайыр ханның жұбайы Бопай ханымның есімімен аталған бала-бақша, осы бағытта ұйымдастырылған сан түрлі мәдени іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз.  «Нұр сити» шағын ауданында ашылған Есет баба ескерткіші де көз тартады. Бұл шаруа­лардың бәрінде де ел азаматтарының ұйым­шылдығы ерекше. Сонымен қатар об­лыс басшыларының еңбектерін атап өту орынды.

Есет баба есімі мәңгі халықтың жадында. Бестамақ елді мекенінде мавзо­лейі ашылып, киіз үй үлгісіндегі сәнді мұражай тұрғызылғаны көңілге қуаныш ұялатып қана қоймай, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, бабалар тарихын білуге жұмылдырары анық. Ал күре жолдың бойында Есет батырдың ескерткіші орнығуы тарихи сәтке айналды. Бабаның қайсар рухына тәу етуге еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған ағайынның нөпірінде қисап жоқ. Тарихи мәні мен маңызы, түпкі мақсаты да осы еді. Ұлттық кодымыздың тамыры Есет баба сынды ұлылардан бастау алса бүгінгі гүлденген, түрленген Ақтөбедегі салтанаттың салмағы арта түспесе, төмен­­демейтіні сөзсіз. Демек, Есет батырдың өмірі мен ерлік істері, өнегелі жолы өскелең ұрпақтың санасында жаңғырады деген үмітке жетелейді. Ендеше, бүгін Ақтөбе шаһары асқақ рух құшағына оранып, Есет бабамыздың аңсаған арманы мен көксеген мұраты орындалып, ұрпағының таңы азат, бақыты баянды.

Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйініне келер болсақ, халқымыздың қадірлі перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың Асанбай Асқаровқа айтқан мына бір сөзі ойға оралады: Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып кетедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой... Бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек», – деген еді. Расында, бабаларымыздың сара жолын, елдік істерін еске алып, тарихымызды екшеп жатқан қадамымыз қазақтың рухы мен намысын қайрай беретіні анық.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

профессор,

тарих ғылымдарының докторы