Спорт • 02 Шілде, 2020

Ел мақтаған Елмұрат

1100 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

1993 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кикбокстан халықаралық турнир ұйымдастырылды. Осы жарыста 51 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қырғызстанның өкілі Шабан Шадманов айрықша көзге түсіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Барлық қарсыласын сыпыра ұтқан ол финалда Қазақстанның намысын қорғаған өреннің өзін оп-оңай еңсерді. Жарыс қорытындысы бойынша «ең үздік спортшы» деп танылған Шадмановтың иығына ұйымдастырушылар зерлі шапан жауып, астына ақбоз ат мінгізді.
Жеңістің буына шаттанып тұрған саңлақ сол тұста дүйім жұрттың алдында «Мені жеңетін қазақ әлі туған жоқ», деп абайсызда айтып қалды... Міне, дәл осы оқиға біздің бүгінгі кейіпкеріміз спорттың осы түріне түбегейлі бет бұруына түрткі болды.

Ел мақтаған Елмұрат

Алматы облысының Еңбекші­қа­зақ ауданына қарасты Нұра ауылының тумасы Елмұрат Қайыпжанов – Қазақстан кикбоксы тарихындағы елеулі тұлғалардың бірі. Әуелде ол бокс және күреспен айналысты. Орта мектепті аяқтағаннан кейін Алматыға келіп, Қазақтың спорт және туризм академиясына оқуға түсті. Сол жерде білікті бапкер Эдуард Габуловтың қол астында жаттығып, былғары қолғап шеберлері арасындағы қалалық және республикалық турнирлерде даралана бастады.

Елмұрат айтады: 1993 жылы Алма­тыда өткен турнирді тамашалау үшін спорт сарайына арнайы бардым. Көпшілік болжағандай, жекпе-жек­тердің дені біздің жігіттердің жеңісі­мен аяқталды. Тек 51 кило салмақтағы бәсекеде Қырғызстанның туы астында өнер көрсеткен жігіттің алдын ешкім орай алмады. Жалпы, сол жылдары Шабан Шадмановтың асығы алшысынан түсіп жүрді. Кикбокс пен ушу-саньданы қоса алғанда, үш дүркін әлем чемпионы, Азия мен Еуропа чемпионаттарының бірнеше мәрте жеңімпазы деген атақтары бар. Алматыда да ол сан мәрте атой салғанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Ал көпшілік алдында Шабанның «Мені жеңетін қазақ әлі туған жоқ», деп айтқанын естігенде, қаным басыма шапты. Намыстан жарыла жаздадым. Бірақ ол кезде қолдан келер дәрмен жоқ еді. Өйткені қарсыласым тым мықты. Ал мен болсам, бар-жоғы ІІ разрядты спортшымын. Алайда ерте ме, кеш пе, біздің де уақыт ке­леді. Шадмановтың сол бір ауыз сөзі үшін мен кикбокске түбегейлі бет бұрдым.

Айтқандай-ақ 1996 жылы Сер­бия­ның астанасы – Белградта жалауы желбіреген Еуропа чемпионатын­да қос спортшының жолы алғаш рет қиысты. Ол кезде Шабан «тепсе темір үзетін» 25 жаста. Шабысы әлі де ширақ. Бастапқы бәсекелердің барлығын айқын жеңіспен аяқтап, жартылай финалда да қарсыласына дес бермеді. Елмұрат та біраз тәжірибе жиып үлгерген. Айналдырған үш жыл аралығында ол елішілік жарыс­тарда алдына жан салмай, спорт ше­бері дәрежесіне дейін жетті. Сол табыс­тарының арқасында 21 жастағы қан­да­сымыз халықаралық ареналарда Қазақ елі намысын қорғау құрметіне ие болды. 

Финалдық сайыс. Шаршы алаңға Шабан маң-маң басып шықты. Өз-өзіне сенімді. Қарсы алдында тұрған Қайыпжановты, тіптен менсінетін де емес. Оған көзінің қиығымен қарап, «Айқас алаңында талай қазақ менен таяқ жеп еді, сен де солардың жолын құшасың», дегендей кейіп танытты. Ал Елмұрат асып-тасыған жоқ. Ең бастысы, салқынқандылықты сақтау. Қалғанын ринг көрсетеді. Сонымен жекпе-жек басталды. Бірінші кезеңде Шадманов тізгінді бірден қолға алуға тырысып, біраз шабуылдады. Қайыпжанов қорғана жүріп, ұрыс салды. Ондағы ойы – қарсыласының қарым-қабілетін байқау. Есесіне екінші раунд басталған бетте қарқынын күрт күшейткен қайсар қазақ оны ауыр соққылардың астына алды. Тіптен бір мәрте нокдаунға да жіберді. Қырғыз спортшысы ондайды күтпесе керек, бас көтеруге де жарамады. Қандасымыздың қолының да, аяғының да соққылары нысанаға дөп тиіп жатты. Тек өзінің мол тәжірибесінің арқасында ғана Шабан Шадманов бәсекенің соңына дейін шыдады. Шешуші сайыста біздің жігіттің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Барлық төреші Қайыпжановтың мықтылығын мойындады. Елмұрат – Еуропа чемпионы!

Елмұрат айтады: Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан кикбоксының даңқы дүркіреп тұрды. Осы өнердің іргетасын Қазақстанда қалаған Сабыржан Махметов өз шәкірттеріне қолайлы жағдайдың бар­лығын жасады. Еліміздің әр өңірінде үйірмелер ашылды. Оқу-жаттығу жиынын өткізу, халық­аралық жарыстарға шығу еш кедергі туғызған жоқ. Білікті бапкерлер бұл іске араласып, аз ғана уақыт ішін­де асығымыз алшысынан түсті. Жер­лестеріміз халықаралық ареналарда жақсы өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасы әлемдегі озық командалар қатарына қосылды. Біздің елмен төрткүл дүние санасатындай дең­гейге жеттік. Ал жеке өзім жайын­да айтар болсам, 1993 жылдан бас­тап «Абылай хан» спорт клубында жат­тықтым. Жеке бапкерім Азат Нәдір­бековтің арқасында өзім армандаған биік белестердің біразын бағындырдым.

Белградтағы бәсеке қазақтың намысқой ұлының бағын ашты. Одан кейін талай толағай табыстарға қол жеткізген Елмұрат ел мақтаған спортшыға айналды. Тарқатып айт­сақ, 1996-2000 жылдары ол екі дүркін Еуропа чемпионы, Азия чемпионы, Әлем кубогының иегері атанды. Дубровик пен Бішкекте өткен әлем чемпионаттарында қола медальды мойнына ілді.  Ол аз десеңіз­дер, төрт жыл бойы кикбокстан Қазақстан ұлттық құрама команда­сының капитаны болды. Сонымен қатар Қайыпжанов ушу-саньдадан бір­қатар республикалық және халық­аралық турнирде топ жарды.

Жоғарыда есімі аталған Шабан Шадмановпен Елмұраттың жолы тағы екі мәрте қиысты. 1999 жылы Біш­кек­те өткен әлем чемпионатының жарты­лай финалында қазақ кикбокс­шы­сының басымдығы байқалғанымен, өздерінің атақты спортшыларының сағын сындырғысы келмеген ұйым­дас­тырушылар жеңісті Шабанға беріп жіберді.

2000 жылы Алматыда өткен «Ға­сыр матчында» қос қыранның жолы үшінші мәрте тоғысты. Бәсеке басталған бетте өрескел қателікке бой алдырған Қайыпжанов қапияда нокдаун алып қалды. Бірақ қалың қазақ жанкүйерлерінің көз алдында жігерсіз болып көрінуді құп көрмеген қандасымыз есін тез жиды да, дереу іске кірісті. Қарсыласын алдап та, арбап та соқты. Бұл жолы да Шадманов қайсар қазаққа еш қайрат көрсете алмады. Төреші Елмұраттың қолын көтерді. Алматының қақ ортасында орналасқан Орталық стадионға жиналған сан мың көрермен қазақтың ұлын төбеге көтеріп, ерекше қошемет көрсетті.  

Елмұрат айтады: Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында «Олимпиада бағдарламасына енбейді» деген желеумен кикбокс­ке деген қамқорлық күрт кеміді. Мемлекет тарапынан қамқорлық болмағандықтан, көп қиындық көрдік. Осы спорт түрін серік еткен азаматтарға жарысқа шығу үшін өздеріне демеуші табуға тура келді. Қалталы мырзалардың алдына барған кикбоксшылардың көп жағдайда еңселері түсіп қайтатын. Бірақ жарыстарға бара қалған жағдайда намыс туын биік ұстауға тырыстық. Үнемі жеңіске жетіп жүрдік. Ең өкініштісі, елге олжалы оралған кезде де еңбегімізді елеп, ескерген ешкім болмады. Шыны керек, сый-сияпат былай тұрсын, жылы сөздің өзіне зәру болдық. Қазақстанның көк байрағын аса ірі халықаралық жарыстарда желбіретсек те, өзімізді қоғамға қажетсіз адамдай сезіндік. Әйтпегенде кім білер, алар биігіміз бүгінгіден де биік болар ма еді.

26 жасында үлкен спорттан қол үзген Елмұрат өмірдегі өз жолын тапты. Әуелде Алматыда ор­наласқан Спорт және туризм, сон­дай-ақ Ішкі істер академияларында қызмет етті. Болашақ спорт­шылар мен сақ­шы­ларға жек­пе-жек өнерінің қыр-сырын үйретті. Кейіннен кәсіпкерлікке бет бұрды. Бизнестен түскен қара­жа­ты­ның біраз бөлігін ауыл спортын өркендетуге жұмсады. Шелекте Райым­бек батыр атындағы спорт кешенін салуға және Нұрада Ұлы Отан соғысының ардегерлеріне арнал­ған монументті салуға атса­лыс­ты. Аталған елді мекендерде респуб­ликалық турнирлердің өтуіне ұйыт­қы болды. Бірқатар да­рынды жас­ты өз қамқорлығына алып, олар­ға жан-жақты қолдау көрсетті. Рес­публикалық жекпе-жек федерация­сында еңбек етіп, ауқымды шаралар атқарды. Оның бұл еңбегі елеу­сіз қалған жоқ. Был­тыр Елмұрат Қайып­жанов «Ең­бек­шіқазақ ауданының құрметі азаматы» атанып, «Жомарт жүрек» төсбелгісімен марапатталды.

Елмұрат айтады: Мен ауыл спорты үшін қатты қынжыламын. Шы­ны керек, спорт кешендері былай тұр­сын, көптеген жерде қарапайым үйір­мелер жоқ. Бапкерлер тапшы. Се­бебі оларға төленетін қаражат мар­дым­сыз. Сол себепті де білікті бапкер­лерді айтпағанда, кеше ғана қо­лына диплом алған жас мамандардың өздері ауылға баруға құлықсыз. Ал жа­рысқа шығу қиямет-қайым. Міне, соның салдарынан қазіргі кезде ауыл спорты ақсап тұр. Өздеріңіз байқа­саңыздар, қазір жақсы нәтиже көр­сетіп жүргендердің дені спорт мектеп­тері мен интернаттарында білім алып, шебер­лік­терін шыңда­ғандар. Ал ауыл­дағы үйір­ме­­лерде тәр­бие­­­лен­ген ба­ла­лар ара­сын­да топ жарып жат­қандары тым си­рек. Дәл қа­зіргі кезде отан­дық спорттың тіз­гінін ұстап отырған аза­маттар осы мәсе­леге айрықша назар ау­даруы қажет. Ауыл – біз­дің алтын бе­сі­гіміз. Алыптар дәл сол ауыл­ды жерлерден шы­ғады. Соны қаперге ал­ма­сақ, көп нәрседен ұты­латы­ны­мыз анық.

Бұл сөзге біздің де алып-қосарымыз жоқ.