Қоғам • 03 Шілде, 2020

Ауладағы ахуал алаңдатады

68 рет көрсетілді

Ауа жайылып, үдеп бара жатқан індет қарқыны кісі шошырлықтай. Қай жағынан да оңай соқпай, құрбаны да аз болмай тұр. Күнделікті ақпаратты майдан даласынан келген мәлімет дерсің.

Расымен, вирус билік құрып, індет өршіп тұрғанда жаймашуақ хабар қайдан болсын. Ес жиып, өзіңнің, маңайыңның, туған-туыс, ауыл-аймақ, көрші-көлеміңнің қауіпсіздігін ойлар нағыз шақ туды. Өйткені ауру жас таңдап, әлі балғын балауса екенсің, сені айналып өтейін немесе сен байсың, сен кедейсің деп ажыратпайды, жынысына да қарап жатқан жоқ.

Ал осындай ел үшін, ұлт үшін алмағайып кезең туғанда әркім-ақ ойлануы тиіс қой. Бірақ терезеден аулаға көз тіксең, олай деп айта алмайсың. Өріп жүрген адам, у-шу болып ойнаған бала. Ана бір темір әткеншекке күніне қанша бала отырып, қанша ересек ұстап тербетті. Ал темір, пластик бетінде вирус сақталу қаупі бірнеше тәулікке барады емес пе?

Өзге қалаларды қайдам, елордада әрбір төрт-бес үйлік орамада дене жаттығуларына арналған қаншама құрылғылар бар. Бұрын вирус жоқта соның барлығы үлкен қуаныш еді. Күніне бір мезгіл шығып, бойдағы құрыс-тырысты жазып, қимылдап, үйге бір қыруар шаруа тындырғандай кіретін едік. Қазір жақындауға қорқасың. Ол жер кәдімгі құмырсқаның илеуіндей, адам құжынап жүр.

Кеше нан алуға ауладағы дүкенге шық­тым. Әлгі жерде ойнап жүрген бір бала­ның қолында не қолғабы, не аузы-мұрнын жапқан тұмшасы жоқ. Аналары аузын жауып, мұрнын ашып қойып жайбарақат отыр. Көз алдымда талай адам ұстап кеткен темірден қолын жаңа ғана босатқан бала көзін уқалады. Жаным шығып кете жаздады. «Балам, сен қазір ауру бар екенін білесің бе? Мына темірді ұстаған қолыңды еш залалсыздамастан көзіңді уқалап жатсың, тез үйіңе барып беті-қолыңды дұрыстап сабындап жу», дедім. Бұл бір сәтте шыққанда куә болғаным ғана. Ал күніне сондайдың қаншамасы өтіп, қанша бала вирус жұқтыру қаупіне ұшырап жатыр. Сонда ата-ана үшін бала өмірінің маңызды болмағаны ма? Сірә, бұл – үлкеннің жауапсыздығы. Бауыр етіне қолына қолғап кигізіп, бетін тұмшалап, антисептигін беріп шығарудың өзінің қаупі бар, ал жалаңаш, ештеңемен қаруландырмай, балаға көзіңе қолыңды тигізбе, аузыңа сақ бол, аулада ештеңені аузыңа салма демей, тәуекел етіп қоя беру еш ақылға сыймайды-ау. Көзсіз ерлік пе, әлде мүлдем еш нәрсенің парқына бойлап ойлай алмайтын ессіздік пе?

Балалар бір-бірімен асыр салып ойнап жатқанда ең болмағанда көз салып қой­сайшы. Үш келіншектің әңгімелері қызған, балаға қарар шама жоқ. Күніне қанша адам ауырып жатқанын, вирустың ауадан жіберіліп жатқанын әңгіме етуде.

Ал дүкенге жүгіріп кіріп шыққан бала тәттілер алып, ойын алаңында тұрып өзі жеп, жанындағы достарына беріп жатыр. Ешқайсысы қолын спиртпен сүртпеді, өйткені қамсыз ата-ана ойынға шыққанда қалтасына салуды қадағаламаса, қайдан бол­сын. Қолдарына тәтті түскендеріне мәз. Ауасы желдетілмейтін дүкенге күніне қанша адам кіріп шықты, қайсысы сау, қайсысы өзі білмей ауру жұқтырып, оны таратып жүр? Кім біледі? Қазақтың «Құдай да сақтансаң, сақтармын» деген данышпандығын бас­шылыққа алатыны қайда қалғаны белгісіз. Әйтеуір аула біткенде қамсыз жүрген халық. Тіпті көпқабатты үйлердің жеделсатысының ішіне кіру де қауіпсіз емес. Балалар болса, сонымен тұмшасыз неше рет көтеріліп, неше рет төмен түсіп жүр. Ойлаудың өзі қорқынышты.

Терезеден қарап тұрмын. Әне, аулаға «Жедел жәрдем» келіп тоқтады. Ішінен аппақ киімді, бас-аяғы тегіс тұмшаланған медицина қызметкерлері түсті. Жылдам басып ішке еніп барады. Үлкендерсіз өздері ғана ойнап жүрген балалар аңтарылып шамалы тұрды да ойындарын әрі қарай жалғастыра берді. Ал сол маңайда отырғышта отырғандар жедел орындарынан тұрып, баласын қолдарынан жетектеп үйлеріне кіріп барады. Қалған балалар қала берді. «Жедел жәрдем» келгенін көздерімен көргендер балаларын аулаға қайтып шығара ма, білмеймін, ал ана ойнап жүргендер қаперлеріне де қыстырған жоқ. Бәлкім Тұрғын үй және Денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ Пәтер иелері кооперативтері бірлесіп, қай үйде науқас барлығы жайында мәліметтерді алып, оны әр үйдің ауласына хабарландыру тәрізді күнделікті жаңалап іліп қоюы керек шығар. Әйтеуір елді құлақтандырып, аяқтарын тартатындай еткізетін амал керек!

Не болса да аулалардағы ахуал қатты алаңдатады.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар