Аймақтар • 03 Шілде, 2020

200 мыңнан аса теңізші үйіне қайталмай жүр

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдік сауда нарығы жартылай немесе толық тоқырауы мүмкін. Себебі жүк кемелерінде еңбек ететін теңізшілердің едәуір бөлігі жұмысты тоқтатуға белді бекем буып отыр. Мұндай ақпаратты Халықаралық көлік жұмысшыларының федерациясы таратты.

200 мыңнан аса теңізші үйіне қайталмай жүр

Жұмысшылармен мерзімді келісімшартты ұзартудың уақыты 16 маусымда аяқталып қойған. Енді қауымдастық экипаждардың үйлеріне оралу үшін барлық жолдарды қарастырып жатыр.

Коронавирустық пандемияның салдарынан 200 мыңнан астам теңізші бірнеше ай бойы айлақтарға кіре алмай әлек. Егер де олар кемеден кетуге байланысты шешімдерінен бас тартпаса, мұның арты тауарлар тасымалының кідіруіне яки мүлдем тоқтатылуына алып келуі ғажап емес. Әсіресе бұл азық-түлік, отын және дәрі-дәрмектердің логистикасына қатысты. Саладағы осындай бейберекетсіз ахуал әлемдік көлік логистикасына кері әсерін тигізетіні күмәнсіз. Өйткені БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі дүниежүзілік конференциясының деректеріне сәйкес, әлемдік саудада тауарлардың 80 пайызы су жолдарымен жеткізіледі.

"Кейбір теңізшілер кеменің бортында бір жылдан артық уақытын өткізуге мәжбүр. Неге десеңіз, әлем елдерінің үкіметтері карантинді алға тартып, жұмысшыларға жағалауға шығуға тыйым салды. Сол себепті оларға кемелерді "жүзіп жүрген түрмелермен" салыстырудан басқа амал қалған жоқ", - деген федерацияның өкілі Дейв Хейндел, Еңбек туралы конвенцияға сәйкес, теңізде 11 ай ғана болуға рұқсат берілгенін, алайда 15 айдан бері құрлықты көрмеген теңізшілердің бар екенін жеткізді.

Maersk - контейнерлер тасымалымен айналысатын әлемдегі ең ірі компания. Аталған монополист 6,5 мыңнан астам теңізшілердің 35%-ы акваторияда келісімшартта қарастырылған міндеттерден артық уақыт болғанын мәлімдеді.   Нарықтағы негізгі қатысушылар әлем үкіметтерін саладағы «гуманитарлық дағдарыспен» күресуге дәрменсіз деп айыптап отыр.

Жоғарыдағы тәуекелдерді ескерген мемлекеттер қазір азық-түлік қорын жасақтап, қауіпсіздік шараларына айрықша мән беруде. Оған әлемдік экономикаға төніп тұрған сын-қатер себеп.

Дүниежүзілік банк биыл жаһандық экономикадағы дағдарыс 5,2%-ға жетуі мүмкін деген есепті келтірді. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы бұрыс динамика 6% межеге дейін барады деп болжауда.