11 Қазан, 2013

Футбол. Фарер аралдары – Қазақстан 1:1

366 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

11-10-12-futbol-farer-kazakhstan-1

Бүгін, 10 қазан күні түнде Фарер аралдарының әкімшілік орталығы – Торсхавн қаласында Қазақстан құрамасы 2014 жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирінде жергілікті құрама командамен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Бұл туралы Egemennews.kz тілшісі хабарлады. Алдымен Фарер аралдары деген қандай ел, әңгімені содан бастайық. Шынын айтқанда, бұл – жеке тәуелсіз дербес мемлекет емес. Ол – Дания мемлекетінің құрамдас бір бөлігі. Арал 1380 жылдан Дания корольдығының құрамында келеді. Ал 1948 жылдан Данияның автономиялық облысы болып табылады. Халқының саны - 48 мың адам. Бұл біздегі ең шағын аудандардың халқымен бірдей. Өткен жолы біз Атлант мұхитының солтүстік-шығыс бөлігінде, Норвег теңізінде орналасқан, жанартаулардың атқылауынан пайда болған бұл аралдар тобын Шымкенттің түбіндегі 45 мың халқы Қарабұлақ ауылымен салыстырған едік. Бұл жерге бір замандарда түстіктегі викингтердің бір тармағы – исландтар келіп, осында мәңгі қалып қойған. Қандық және тілдік жағынан исландтар мен даттар бір ағаштың екі бұтағы сияқты. Екеуінің түбірі бір. Тілдері де бірдей есепті. Бұл жағынан олар вайнахтың екі тармағы – шешендер мен ингуштарға қатты ұқсайды. Болмаса, тілдік жағынан да, генетикалық жағынан да түбі бір халық болып келетін қазақ пен ноғай секілді. Қазақтың бір қанаты болып табылатын сол ноғайларда қазір «Қазақ, ноғай – бір адам» деген мақал бар. Енді ойынға келейік. Командалар алаңға мына құрамдарда шықты: Фарер - Нильсен, Нэс, Трауст-Давидсен, Балдвинссон, Давидсен, Удсен, Беньяминсен, Ханссон, Юстинуссен, Ламхауге-Хольст, Эдмундссон (Клетскар, 75). Қазақстан - Сидельников, Гурман, Мулдаров (Логвиненко, 79), Кислицын, Энгель, Коробкин, Богданов, Финонченко (Щеткин, 90), Шомко, Жұмасқалиев (Байжанов, 64), Хижниченко. Кездесудің бас жағы алма-кезек шабуылмен өтті. Бірақ алаң иелері біртіндеп тізгінді өздеріне қарай тарта бастады. Соның ыңғайында олар қақпаға да көбірек және қауіптірек соққыларды жасауға көшті. Бұрыштама айып добын да солар ұрып жатты. Ал біздің жігіттер айып алаңынан асырып доп шығарғаннан артыққа бара алмады. Біздің нағыз кәсіпқой футболшыларға қарағанда, жартылай кәсіпқой және әуесқой ойыншылардан құралған команда осылай алаң үстінде үстемдік көрсетуге кірісті. Сондай шабуылдардың бірінде, матчтың 41-минутында Халлюр Ханссон есеп ашып кетті. Кездесудің екінші таймы да алаң иелерінің шабуылымен басталды. Жетісайдың «Мақтааралындай» ғана команда біздің жігіттердің апшысын қуыруын жалғастыра берді. Содан кейін ғана қазақстандықтар өз-өздеріне келіп, біртіндеп алға шығуды үдетті. Бұлар жорықтардың арасында қауіптілері де көбейе түсті. Ақыры қонақтар осы шабуылдардан нәтиже шығара алды. Қақпа алдындағы кезекті қарбалас сәтте допқа бірінші болып Алексей Молдаров жетті. Бірақ оның соққысы дұрыс шықпады. Сосын оның аяғынан ұшқан допқа Андрей Финонченко басын төсей салды. Ол барып ашық қақпаға гүмп етті. Гол! Есеп 54-минутта осылай теңесті. Қонақтар бұдан кейін де біршама шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ оның жалыны көп ұзамай басылып қалғандай болды. Соны пайдаланған алаң иелері тағы да алға ұмтылды. Мұның нәтижесі – қақпаға қауіпті сәттер тағы да көбейді. Соның бірер сәтінде біресе Андрей Сидельников әбжілдік танытса, біресе қорғаушылар қауіп бұлтын сейілтіп тұрды. Кездесудің соңғы жағында фарерліктер тіпті өршеленіп кетті. Олар бірнеше рет шын мәнінде де қауіпті сәттер туғызды. Бірақ, абырой болғанда, олардың барлығын қайтарып тұрдық. Алаңдағы төрешінің ысқырығы алаң иелерінің осындай шабуылы жүріп жатқан кезде естілді. Біздің құраманың ойыны көңілден шыққан жоқ. Дамир Қожамқұл. Қазірге дейін мына құраламалар арасындағы ойындар аяқталды: Хорватия – Бельгия 1:2 Армения – Болгария 2:1 Әзербайжан – Солтүстік Ирландия 2:0 Литва – Латвия 2:0 Молдова – Сан-Марино 3:0
Соңғы жаңалықтар