Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов Президент пәрменімен аталған келеңсіз жағдайды реттеу бойынша нақты шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.
«Президент ел азаматтарының еміне, оларға дәрілік заттарды қолжетімді етуге ерекше мән беріп отыр. Бұл мәселе – Үкіметтің күн тәртібінде тұрған негізгі жұмыстардың бірі. Соңғы жылдары отандық фармацевтика саласында өндіріс 7 есеге артқанын айтқым келеді. Бүгінгі таңда Қазақстан ауруханалары коронавирус инфекциясын емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Қазір мекемелерде 17 700 адамның жатқанын ескере отырып, болашақта кепілдік болуы үшін 27 мың пациентке дейін дәрілік затпен қамтамасыз етілді. Мұнымен де тоқталып отырған жоқпыз. Әрі қарай да нақты шаралар қабылданып отыр. Дәрі-дәрмекті қосымша сатып алу 59 мың пациентке дейін ұлғайтылады», деді Е.Тоғжанов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта аймақтар арасында 4 мың науқас үшін 160 мың таблетка лопинавир, ритонавир таратылып жатыр. 2020 жылдың 15 шілдесіне дейін қосымша біраз дәрі жеткізіледі. Бұл – 840 мың лопинавир, ритонавир таблеткалары, 61 мың гидроксихлорохин, 11 мың флакон ремдесивир. 15 тамызға дейін аталған дәрілердің көлемі қосымша 440 мыңға дейін жеткізіледі.
Үкімет басшысының орынбасары барлық пациентке вирусқа қарсы терапия тағайындау қажет емес екенін ерекше атап өтті. Бұл вирустың орташа ауыр және ауыр түрімен ауырғандарға ғана тағайындалады.
Бүгінгі таңда міндетті әлеуметті медициналық сақтандыру аясында тегін дәрі-дәрмек препараттарының тізбесі бар. Оған ЖРВИ және ауруханадан тыс өкпе қабынуы кіреді. Бұл препараттардың тізімінде антибиотиктер, қызуды төмендететін дәрілер бар. Оларды емханада құрылған мобильді топтар тегін жеткізуі тиіс.
Қысылтаяң кезде дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығын тудырып отырған бірнеше фактор бар. Оның біріншісі дәрі-дәрмекке халықтың сұранысы тым жоғары болып тұр. Кей азаматтар ондап, тіпті одан да көп қаптама парацетамол мен өзге де дәрілерді бірден сатып алады. Мәселен, Премьер-министрдің орынбасары Алматы қаласында мамыр айында бір айдың ішінде 50 мың ғана парацетамол қаптамасы сатылса, қазір бір тәуліктің ішінде 100 мың парацетамол қаптамасы сатылып кеткенін айтты. Дәл осындай жағдай дене қызуын өлшейтін аспапқа да қатысты. Айталық, Алматыда бір жылдың ішінде 100 мың қызу өлшегіш сатылатын болса, қазір дәл осынша қызу өлшегіш бір аптаның ішінде сатылып кеткен.
Ал екіншіден, дәрі-дәрмек мәселесін алыпсатарлар ушықтырып жіберген. Осыған байланысты құқық қорғау органдарына дәрі-дәрмек препараттарының шекті бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Анықталған барлық факті бойынша заңнамамен бекітілген тәртіппен жауапкершіліке тарту шаралары қабылданады.
«Дәрі-дәрмек нарығын ақша жасаудың көзіне айналдырғандар қатаң жазаланады. Қазір ғана, бір сағат бұрын Шымкент қаласында сондай пиғылмен жұмыс істеген біраз азамат қолға түсті. Сондықтан осындай нақты шаралар бүкіл Қазақстан бойынша жүргізілетінін еске салғым келеді. Әсіресе, дәрі-дәрмектің айналасындағы жағдайды ескере отырып, пайда тауып қалуды көздейтін азаматтарға ескертіп айтқым келеді. Бұл – Президенттің тікелей қарауындағы мәселе. Қазақша айтқанда, «кемедегінің жаны бір». Сондықтан, қадірлі ағайын, бір-бірімізді қолдап, нақты шешімі бар жолдармен жүргеніміз жөн ғой», деді Е.Тоғжанов.
Сондай-ақ бұл баспасөз жиынында Алматы әкімдігі отандық фармацевтикалық компаниялармен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізетін келісімге қол қойғаны хабарланды. Вице-премьердің айтуынша, 700 дәріхананың 103-іне басымдық беріліп отыр. Олар халыққа қолжетімділік бойынша анықталды. Енді олар бағаны көтермеуге және дәрі-дәрмектердің үш бірлігінен артық сатпауға міндеттелді.
Осындай жабдықтау шаралары елордада да қабылданып жатыр. Ақтөбе облысында Ресейден 10 позиция бойынша жетіспейтін импорттық дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесі шешілді. Бұл ауруханалар үшін 20 күндік қорды қамтамасыз етеді. Ал дәріханалық қорды толықтыру үшін қажетті 16 препаратқа жарты миллиард теңге бөлінді. Барлық әкімдіктерге комиссияның шешімі негізінде дәрі-дәрмектердің қажетті көлемін өздері анықтауға және Денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып сатып алуға құқық берілді.
«Отандық өндірушілер медициналық препараттарға деген ішкі сұраныстың 13%-ын ғана жабады. Жалпы, ел бойынша 8 мың дәріхана жұмыс істейді. «Ингавириннің» 70 мың қаптамасы, «парацетамолдың» 800 мыңнан аса қаптамасы келіп түсті, жақын аптада тағы 900 мың қаптамасы түседі. Өткен аптаның соңында отандық өндірушілер «Аритромицин» антибиотигінің 150 мың қаптамасын жөнелтуді бастады. Осылайша, ыстық түсіретін және вирусқа қарсы препараттардың тапшылығы толығымен шешіледі», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қажетті дәрі-дәрмектермен толықтыру үшін мынадай шаралар қабылданады: бір тәулік ішінде дәрілік заттарды әкелуге біржолғы рұқсат беруге өтінімдер қаралуда; дәрі-дәрмектерді сертификаттаудан және сертификат берудің жеделдетілген рәсімдері қолданылды; әкімдіктермен бірлесіп көтерме сауда қоймаларын, дәрі-дәрмектердің қоры және бағасын көтермелеуге жол бермеу үшін жеке дәріханаларды аралап өтетін арнайы мониторингтік топтар құрылды.
Дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі жөнінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сөз сөйледі. Оның айтуынша, қызуды төмендететін, вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктердің айлық қоры санаулы сағаттарда сатылып кетеді. Ал біреу өмірлік маңызды препаратты дәріханалардан іздеп жатқанда, оның бірнеше қаптамасы басқа сөреде шаң басып жатады. Мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді қабылдау әлеуметтік желілердегі түрлі «профессорлардың» рецептілері бойынша өзін-өзі емдеу сияқты қауіпті зардаптарға толы. Амбулаторлық деңгейде температура болмаған және өкпенің ең аз зақымдануы кезінде симптоматикалық дәрілерді дәрігердің тағайындауы бойынша ғана қабылдау керек. Өйткені маман таблеткалардың өзара әсерін ғана емес, созылмалы және ілеспе ауруларды да ескереді.
«Стационарлық буын деңгейінде емдеу сызбасын кеңейттік. Клиникалық хаттамаға жаңа препарат – фавипиравирді қостық. Олар көрші елдерде, еуропалық өңірде, Жапонияда кеңінен қолданылады. Препарат таяу уақыттың ішінде пациенттерді стационарлық емдеу үшін жеткізіледі. Ол коронавирус инфекциясының ауыр түріне шалдыққандарды емдеуге ғана қолданылады. Жақын арада Қазақстан аталған препаратты өзі шығара бастап, ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұған қоса шетелдік әріптестерімізбен бірге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны апробациялау бойынша клиникалық зерттеу аяқталуға жақын», деді А.Цой.