Алдағы дүйсенбі күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан әлемнің XVII чемпионаты басталады. Ұзын-ырғасы 13 күн бойы оңтүстік астананың түңдігін желпілдететін бұл сайыс қазанның 26-сы күні өз мәресіне жетеді.


Алдағы дүйсенбі күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан әлемнің XVII чемпионаты басталады. Ұзын-ырғасы 13 күн бойы оңтүстік астананың түңдігін желпілдететін бұл сайыс қазанның 26-сы күні өз мәресіне жетеді.
Қазақстан бұрынғы Кеңес республикалары ішіндегі былғары қолғап шеберлерінің жаһандық жарысын қабылдап отырған екінші ел болғалы тұр. Мұның алдында ғана мұндай сайыстың Әзербайжан астанасы – Баку қаласында өткені белгілі. Жалпы, кешегі кеңестік кезеңді қоса есептегенде, бұл біздің аумақтағы үшінші сайыс болып табылады. Олардың біріншісі республикалар әлі Одақтан еншілерін алмаған 1989 жылы Мәскеуде өткізілген болатын. Содан бері бұл құрметке қол жеткізген басқа посткеңестік мемлекет жоқ. Осының өзі Алатаудың баурайында шаршы алаңды шайқайтын бәсірелі бәсекенің бәсі қаншалықты жоғары екенін аңғартса керек. Дәл бүгінгі таңға мұнда келуге 110 елдің 567 боксшысы келісім беріп қойды. Рас, осының алдында 116 елден 576 саңлақтың келетіні туралы ақпар тараған болатын. Егер сол меже белгіленсе, ол осының алдындағы Баку рингіндегі рекордтың жаңарғанын білдіретін еді. Ал Хазар теңізінің иініндегі шаһарда 2011 жылы 113 елдің 570 боксшысы жүлделі орындар үшін жан беріп, жан алысқан кескілескен шайқастар өткізген. Бірақ соңғы сәтте Алматыда планета боксшыларының бірінші рет ірі халықаралық жарысты шлемсіз, яғни қорғаныш бас киімінсіз өткізетіні түбегейлі шешілді де, мұнда келуге ниеттілердің қатарлары сәл де болса сиреп қалды.
Дегенмен, бұл чемпионат қатысушы елдері мен спортшыларының саны бойынша ең үздік көрсеткішке қол жеткізбегенмен, көп жылдарғы үзілістен кейін шайқасты қайтадан шлемсіз өткізуді бастаған дода ретінде тарихта қалатын болады. Оның үстіне, бұл аламанға қатысушы негізгі бокс державаларының бәрі де өздерінің қазіргі таңдағы ең күшті құрамдарымен келгелі отыр. Мұнда өткен чемпионат пен Лондон Олимпиадасында жүлделі орындардан көрінгендердің дені келгелі тұр. Мысалы, Кубаның Альбион жерінде чемпион атанған тарландары Робейси Рамирес пен Росниел Иглесиасты, сондай-ақ, ирланд Люк Кемпбеллді біз осында да көреміз. Рас, алтын медальдің қалған иегерлері бола қоймайды. Себебі, біздің Серік Сәпиев бұл кезге дейін боксты аяқтаса, Зоу Шимин (Қытай), Риото Мурата (Жапония), Василий Ломаченко, Александр Усик (екеуі де – Украина), Энтони Джошуа (Англия), Егор Мехонцев (Ресей) сынды чемпиондар кәсіпқойлар сапына ауысып кетті.
Енді қазіргі Қазақстан құрамасы жөнінде бірер сөз. Ол түгелге жуық биыл Иорданияда өткен Азия чемпионатына қатысқан құраммен жасақталды. Мұнда тек аса жеңіл салмақта (49 кг) құрлық чемпионы атанған Теміртас Жүсіповті 2010 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Біржан Жақыпов алмастырды. Қалған салмақ дәрежелері бойынша еліміздің намысын Амман рингінде атой салған Ілияс Сүлейменов (52 кг), Қайрат Ерәлиев (56 кг), Берік Әбдірахманов (60 кг), Мерей Ақшалов (64 кг), Данияр Елеусінов (69 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг), Антон Пинчук (91 кг) және Иван Дычко (+91 кг) қорғайды.
Біз алдағы аптадан бастап газет бетінде осы чемпионат жайлы арнайы топтамалар бере бастаймыз. Сонымен бірге, біріншілік барысындағы түрлі жаңалықтарды egemennews.kz сайты арқылы сағат сайын дерлік беріп тұратын боламыз.
Іске сәт, жігіттер!
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».