12 Қазан, 2013

Келеңсіздік кеулеген ауыл

425 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Біздің қолымызға Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қорам ауылдық округі, Лавар ауылынан жеке қолдарын қойып растаған 47 тұрғынының және «Желтоқсан», «Дарын», «Илахун», «Әйгерім» атты шаруа қожалықтарының төрағалары жер, су дауына байланысты жазған арыз хаты тиді.

Біздің қолымызға Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қорам ауылдық округі, Лавар ауылынан жеке қолдарын қойып растаған 47 тұрғынының және «Желтоқсан», «Дарын», «Илахун», «Әйгерім» атты шаруа қожалықтарының төрағалары жер, су дауына байланысты жазған арыз хаты тиді.

Хатта: «...Мемлекеттік жер қорына кіретін Қорам ауылының маңындағы жерде кеңестік дәуірден бері «Қорам» ұжымшарының төрт түлігі және ауыл тұрғындарының жекеменшігіндегі малы жайылып, кезінде сол ел шабындықтан бір жазда екі рет шөп шауып та алатын еді. Еліміз Тәуелсіздік алғалы сол жер халықтың жекеменшігіндегі малының тұрақты жайылымына айналып, тұрғындар көңілі орныққан. Содан уақыт ағымына орай кәсіпкерлер бөліске сала бастаған соң, сол кезеңде Еңбекшіқазақ ауданының әкімі лауазымын атқарған Керімтай Абдрахманов Қорам ауылдық округі әкімінің, учаскелік полиция инспекторының, аудандық жер комиссиясының ұйғарымдары мен хаттарын және ел заңдарын басшылыққа ала отырып, «Қорам ауылдық округіндегі мемлекеттік жер қорындағы жалпы көлемі 385 га. жайылымдық жер телімі Қорам ауылдық округі жер телімдері санатына және Қорам ауылдық округі жеріне қарасты 220 га. жер телімі Қорам ауылдық округі мемлекеттік жер қоры санатына өткізілсін» деген мәтінде 26.11. 2007 жылы № 6406 қаулы шығарған еді. Қазақы жалпақ тілмен айтқанда аудан әкімі халықпен келісе отырып «бұл жер енді ешқандай шаруа қожалығына да, басқа тұлғаларға да берілмесін» деген заңды күші бар құжатын елге жариялаған соң, бұл жерге көз тіккендердің әрекеті сап тыйылған. Ал соңғы 2 жылда сол құжат күшін жойды ма, әйтеуір ұшты-күйлі жоғалып, жоғарыда көрсетілген жер теліміне «мықтылардың» ынтызарлығы қайта оянып, арта бастады» деп жер дауына байланысты бір ақиқаттың бетін ашқан соң, одан әрі былай жалғасады: «Үлкен Алматы каналынан ауыл іргесіне дейін су жақсы келеді. Бірақ оны бөлу, яғни 5-10 гектар суармалы жерімізді суару үлкен проблема болып отыр. Арықтар қайранға толып, жыңғыл ағаш өскен. Оны тазалауға тұрғындардың техникасы да, қаражаты да жоқ. Сондықтан жеке тұлғалар бекерге жер салығын төлемеу үшін өздеріне тиесілі жер телімдерін тастап кетуде» деп жазылған хат мазмұнымен мұқият таныстық.

Содан аталған ауылға арнайы бардық. Арыз иелерімен кездестік. Су тапшылығынан еңбегі жанбай, алтын уақыты зая кеткен Әнуар Керімбай секілді шаруалардың жүзі солғын. Көктемде себілген жүгері тұқымы қаулап өсуін өскенімен, дер кезінде суарылмағандықтан қурап қалыпты. Жалпы, бұл өңірдің сырт көрінісіне алыстан көз тастасаңыз кепкен топырақ, бозарған дала құдды таздың басындай ойдым-ойдым болып көрінеді. Өйткені, қолы қысқа шаруаларға тиесілі жер сусыз бозарса, сол жерде қатар жатқан өзге алқапта жайқала көкөністер өсіп, өнім берекелілігі артып тұр. Мұны әлеуметтік теңсіздік дейміз бе, әлде қолы ұзын адамдар мен өзгелердің өзара тіл табыса алмауына тірейміз бе, білмейміз. Бірақ тіл ұшына келе беретін қайырымдылық деген сөз арқылы бүгінде халық қалаулысы атанып отырған Адалят Газиеваның №22 Бижанов сайлау округінен, яғни, бізге шағым-хат жолдаған жерлестері қоныстанған елді мекендерден Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаттығына үміткер болып түскендегі бағдарламасынан мына бір жолдарды келтірсек: «Басты мақсатым – қоғамның саяси өміріне белсене қатысу, саяси және әлеуметтік экономикалық реформалардың іске асуына жәрдемдесу, қоғамдық тұрмыс және азаматтардың әлеуметтік жағдайы төңірегіндегі мәселелер бойынша жәрдем беру, шаруа қожалықтары мен шағын, орта бизнестің дамуына жәрдемдесу және қолдау» деп нығарлап уәде берілген. Дәл осы тұста қолымыздағы шағым-хаттағы: «Екі арыздың да тоқ етері қандай да бір жолмен 3 млн. теңге бөлініп, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқаққа заң шеңберінде осы қаражатпен Қорам ауылдық округіне қарасты 500-700 га. жайылымдық жерді және сол маңдағы шаруа қожалықтарының жер телімдерін уақтылы суару үшін ұзындығы 3-4 шақырым тоған қаздырып, аудандық су шаруашылығы бөлімінің құзырына өткіздіресіз. Жерді, тоғанды бір байшыкештің бауырына басып бермейсіз деген тегеурінді тапсырма түссе бәрі шешімін табатын еді», деген көкейге қонымды жолдарды да назарға ұсына кеткенді дұрыс санадық. Оған тиісті орындар не айтар екен?

Ал енді Еңбекшіқазақ ауданындағы өзекті мәселенің тағы бірі – мал ұрлығы. Осы жолғы іссапарымызда жетім бала, жесір кемпірдің сауын сиырын дәл Құрбан айт мейрамы қарсаңында ұрлап, ауыл іргесінде-ақ сойып әкеткенін, атакәсібін жалғап, шаруасын күйттеген ақсақалдың бар малын бір түнде ұрлап кеткенін де естідік. Арыз-хатта жазылған шағымдардың растығына көзіміз жетіп, олардың да шарасыздықтан жәудіреп отырғандарын көрдік. Сол фактілер туралы хатта: «Ережепова күні-түні көзінен таса қылмай бағып жүрген жалғыз сиырын ағымдағы жылдың 20 сәуірінде күндізгі сағат 12.00-13.00 аралығында өзі түскі асын ішуге кеткенде Құлжа күре жолынан 200-300 метр жердегі Достық ауылы маңында сойып, ішіндегі бұзауын, ішек-қарнымен қоса ақтарып тастап, етін алып кеткен. Бұл қылмыстық іс әлі күнге ашылмады. Дәл осы ауылда жалғыз өзі ғана тұратын жасы 70-тен асқан кемпір 2012 жылы 20 қарашада қайтыс болған баласының асын беруге дайын­далып отырғанда 2 жылқысын ұрлап кетті. Ұры ұсталғанымен жалғызілікті кейуананың адал малын қайтармады. Лавар ауылының тұрғындары 2012 жылдың көктемінде Құрбан айт намазын оқып мешітте отырғанда Жомарт Дәулетбаевтың буаз сиырын ауыл шетінде сойып, тағы екі бас сиырын тірідей көліктеріне басып ұрлап кеткен. Бұл қылмыс ашылмақ түгілі тіркелген де жоқ. Лавар ауылында тұратын 80 жастан асқан Ізтай Күлетов деген қарияның қорасын 2011 жылдың көктемінде бұзып, 5 бас сиырын айдап кеткен», деген деректер осы хатта 17-ге жетті. Бұған дәлел, мәселен «Желтоқсан» шаруа қожалығының төрағасы Әнуар Керімбайдың жазған шағым-хатына ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитеті төрағасының орынбасары Арман Оразалиевтің қолы қойылған 10 сәуір 2013 жылғы шығыс нөмірі 3-3-10/ЖТ-Ұж-1014 жауабын сөзбе-сөз келтірсек: «Шелек өңірінде орын алған мал ұрлығы туралы жазған арызыңыз Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитеті тарапынан қаралды. Қазіргі уақытта өтініште көрсетілген сезіктілер ағайынды Байзақовтар мен Адирбаев осындай қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілікке тартылуда. Министрліктің нұсқауына сәйкес Алматы облысының ІІД ұжымдық арызда көрсетілген барлық мән-жайларды және жоғарыдағы сезіктілердің тағы басқа мал ұрлықтарына қатыстығын анықтау үшін қосымша тексеру жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады», делінген. Ал Бас прокуратураның өтініштерді қарау және іс-қағаздарын жүргізу туралы заңдардың қолданылуын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Қ.Мәдібаев қол қойған 14.03.2013 жылғы шығыс нөмірі 2-01660-13-13343 жауап-хатта: «Қарау және шара қолдану үшін Әнуар Керімбайдың өтініші жолданады. Қаралу нәтижесін өтініш берушіге хабарлауды өтінеміз. Екінші мекенжайға Бас прокуратураға берген жағдайда оған облыс прокурорының немесе оған теңестірілген прокурордың жауабы қоса тіркелуі керек екендігін түсіндіреміз...», деп жазылған. Бұл жерде айтайын деп отырғанымыз, құқық қорғау органдарының жауап-хаттары арқылы Еңбекшіқазақ ауданында мал ұрлығының өршіп, оспадарсыз орын алғандығын растау. Бұл бір. Екіншіден, ел үшін осы мал ұрлығымен бірге өңірдегі жер дауын, су тапшылығын көтерген жандар қысым көрмеуі, жапа шекпеуі тиіс. Үшіншіден, Қорам ауылдық учаскелік полиция инспекторы арқылы мал ұрлығына байланысты жазылып, аяғы сиырқұйымшақтанып кеткен арыздарға Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы не айтар екен? Заңдылықтың сақталуын қадағалайтын аталған ауданның прокуроры да үнсіз қалмас.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы.

Соңғы жаңалықтар