Коронавирус • 08 Шілде, 2020

Жау жағадан алғанда... Жағдайды алыпсатарлар да ушықтырып отыр

436 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай індет өршіген еліміздегі ахуал оңалар емес. Күннен-күнге кеселге ұшырағандар күрт көбейіп, кесірінен ажал құшқан ағайын да аз болмай тұр. Қазір жаманат дертті жамағандар 50 мыңға жетіп қалды. Бұл – ресми есеп қана. КВИ жұқтырғандардың саны ресми деректен әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Мұны Денсаулық сақтау министрінің өзі де мойындап отыр.

Жау жағадан алғанда... Жағдайды алыпсатарлар да ушықтырып отыр

Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі мәліметі бойынша бір тәулікте 1 109 адам Covid-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Жалпы, 49 463 адам індет жұқтырған. Нау­қастардың 63,9%-ы емделді, 30%-ы ем-дом алып, дәрігерлердің бақы­лауында тұр. Бұл мағлұматты Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен оның орынбасары Ажар Ғиниятқызы жария етті.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, індет жан ал­қымнан алған қысылтаяң шақта дауа іздеп дәріханаларға сабылған жұртты алыпсатарлар одан сайын сарсаңға салып қойды. Іздеген дәрі-дәрмек табыла қоймайды, табылған күннің өзінде бағасы шарықтап тұр. Бұл мә­селені реттеу үшін министрлік те қол­дан келген әрекетін жасап жатыр-ақ.

«Ел аумағына дәрі-дәрмек зат­­тарын әкелу үрдісін жеделдету жұ­­мысын жоспарлаған едік. Қа­зір нор­мативтік құжаттарға қол қо­йылды. Дәрі-дәрмек жеңілдетілген тәртіппен қоймалардан бөлшектік компанияларға түсе бастады. Алдағы уақытта дәріханаларға жеткізіледі. Яғни бұған дейінгі кедергіні еңсердік. Қысқа уақыттың ішінде керекті препараттар нарыққа түседі. Сонымен қатар Қазақстанның тұс-тұсында дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмысы күшейтілді. Бүгінде барлық өңірде әкімдіктер жанынан мониторинг топтары құрылды. Қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдар да дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмысына белсене атсалысуда.

кті бағаны қадағалайды. Бағаны негізсіз көтеру фактілері кездесіп жатыр. Бұл ретте бізге құқық қорғау органдары көп көмек көрсетуде. ІІМ қазіргі таңда еліміз бойынша ауқымды тексерісті бастады. Бірнеше күнгі тексерістерде әлеуметтік желілердегі дәрі-дәрмек пен маскалардың спекулянтты саудасына баса мән берілді», деді А.Цой.

Оның айтуынша, дәріхана қыз­меткерлері медикаменттерді фискалды чексіз сатқан жағдайлар болған. Соның салдарынан азаматтарға қымбат бағаға дәрі сатып алуға тура келген. Бірнеше фактіні келтірсек, 6 шілдеде елордалық құқық қорғаушылар «Тойота» маркалы көлікті тізгіндеген алыпсатарды ұстады. Автокөлікте 689 дәрі қаптамасы бары анықталды. Ол азамат 1 млн теңге пайда көріп, дәрі-дәрмекті құнын көтеріп сатпақ болған.

Шымкентте бір әйел дәріні өз үйінде отырып сатқан. Тексеріс барысында үйден әртүрлі медикаменттің 229 түрінің 10459 қаптамасы табылған. Мұның бәрі де – ЖРВИ-ды емдеуге арналған дәрілер. Сол сияқты Жетісай қаласында ЦЕФ ІІІ препаратының 336 қаптамасын бір адамға 400 мың теңгеге сату фактісі тіркелді.

Осындай ахуал орын алған тұста бьюти-индустрия өкілдері пайда тауы­п қалуды ойлапты. Атырауда медикаменттер косметологиялық клиникада да сатылған. Құқық қорғаушылар онда дәрінің лицензиясыз сатылып жатқанын анықтады. Заңсыз сауданы клиниканың басшысы ұйымдастырған. Онымен қоймай, дәрілердің бағасы ресми шектен бірнеше есе көп болған. Мәселен 5 мың теңгелік «Ингавирин» үш есе қымбатқа, ал «Парацетамол» тіпті он есе артық бағамен сатылған. Бұл клиникадан 5 мыңнан аса қаптама тәркіленді.

Жалпы, дәрі-дәрмектерді заңсыз сату фактілері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында анықталған. 6 шілде күні полиция 46 адамды ұстап, олардан 20 884 дәрілік зат тәркіледі.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой жаңа жұмыс форматына көшіп жатқан­дарын, алыпсатарлардың жолын кесу жұмыстарына әлеуметтік желілер арқылы азаматтар да көп көмектесіп жатқанын мәлімдеді. Яғни халықтың онлайн шағымдарының бәрі назарға алынып жатыр. Мәселен, министр әлеуметтік желіде видео жариялап, КВИ науқастарын емдеуге қатысты сын айтқан шымкенттік Айна Бәкееваның үніне құлақ түрді.

«Дәрігер Айна Бәкееваның хабарламасына қатысты біршама сұрақ келіп түсті. Бүгін онымен байланысқа шығып, 40 минуттай сөйлестім. Негізгі проблеманы, дәрігердің нені жеткізгісі келгенін түсіндім. Ол әлеуметтік желілерде, тіпті медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша да ем-домның түр-түрі тарап кеткеніне алаңдап отыр. Ем-дом түрлерін әлеуметтік желілерде көріп алған адамдардың да ойы сан-саққа кетеді. Ал кейбір препараттар керісінше, денсаулықты нашарлатады. Сұрақтарға жауап тапқысы келетін мыңдаған адам Айна Бакееваға жүгінеді екен. Біз ми­нистрлік мамандары растаған ресми ұсыныстар әзірленгенін, кейіннен ресми сайтқа орналастырылғанын айттық. Ол осы қарапайым емдеу хаттамаларын өз ресурстары арқылы халыққа жеткізуге уәде берді», деді А.Цой.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы індетке қатысты елдегі ахуалдан хабар беретін бірнеше деректі келтірді. Оның айтуынша, соңғы тәулікте 450 науқас стационарға түсті. Реанимация жағдайында ауыр және өте ауыр жағдайда 260 науқас бар. Оның ішінде 12 жүкті және босанғаннан кейінгі әйел адам және бір бала бар. Осы науқастардың 72%-ы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған Соңғы тәулікте бес науқас жағдайының жақсаруына байланысты реанимация бөлімінен әдеттегі палата бөліміне ауыс­тырылды.

Жағдайы ауыр науқастардың негізгі үлесі – Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ларына тиесілі. Ақпарат бойынша КВИ-дан 264 адам қайтыс болды. Олардың жартысы үш үлкен өңірге тиесілі. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды облысы, Алматы қаласы. Бір апта ішінде 76 адам көз жұмды. Олардың дені – 50 жастан асқан адамдар. Олардың жүрек, өкпе, АІЖ, бауыр циррозы, қант диабеті және семіздік созылмалы аурулары болған.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой жалпы статистика коронавирус ин­фекциясы бойынша ПТР-тес­тілер ар­қылы расталған ресми мәлі­мет­терге не­гізделгенін, әлбетте, індет жұқ­тыр­ғандар бұдан да көп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Ел бойынша стационарларда ПТР нәтижесінде КВИ анықталмаған, бірақ пневмониямен 28 науқас ем алып жатыр. Науқастардың 98,9%-ының жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Олардың ішінде 330 науқастың жағдайы ауыр. Бұған қоса стационарда КВИ-ға ПТР нәтижесі теріс, ЖРВИ диагнозымен 4 мыңнан аса науқас емделуде. Бүгінде барлық өңірде емханалар, жедел жәрдем мен медициналық көмекті ұйымдастыру шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл шаралардың жүргізілуін Үкімет жа­нындағы ВАК қадағалап басты көрсет­кіш­терге байланысты есеп беріп отыр.