Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері заңсыз дәріхананың қызметін әшкерелеп, Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы Алтынемел ауылындағы жеке үйлердің бірінде дәрі-дәрмек сатылатынын анықтаған. Тергеу барысында ауыл тұрғынының үйінде заңға қайшы қызмет көрсетілген.
Қолдан жасалған “дәріхана” сөресінде дәрі-дәрмектің кез-келген түрін табуға болатыны белгілі болды. Заңсыз дәріхана қызметін ауыл тұрғыны, әйел ұйымдастырған. Бұл қызметпен айналысуға оның лицензиясы мен рұқсат құжаттары болмаған, яғни медициналық қызмет көрсетуге еш құқығы жоқ екені анықталды.
Алыпсатар әйел аудандағы дәріханалардың бірінен дәрілерді сатып алып, өзі баға қойып, ауыл тұрғындарына сатып отырған. Тәртіп сақшылары тексеру барысында саудагердің бұған дейін қораптармен сатып алған 60 жуық дәрі-дәрмектің түрін тәркіледі.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Аталған дерек бойынша тиісті шаралар қабылданып, кінәлілер қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.