Аймақтар • 09 Шілде, 2020

Қайырымдылығыңның сауабын берсін...

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында ұзақ жылдардан бері астық өсіріп, ауылшаруашылығы өнімдерін шығарумен айналысатын ірі кәсіпкерлердің бірі, "Ноғайбай" ЖШС бас директоры Алтынбек Сапаров облыстық ауруханаға жаман індетке қарсы күреске көмек ретінде өз қаражатынан 2,5 млн теңге сыйлады, деп жазады Egemen.kz

Қайырымдылығыңның сауабын берсін...

Бұл әзірге облыстағы ең үлкен қайырымдылық көмек. Әрине, облыста А.Сапаровтың деңгейіндегі ірі кәсіпкерлер баршылық, бірақ олардың тарапынан әзірге көмек қолы созылған жоқ.  Алтынбек Сапаров бұған дейін де меценаттық істер жасап келеді. Атасы Ноғайбай биден бойына біткен тектілік оны қарау бай емес, жан-дүниесі де бай, жомарт жүректі жан қылғаны сезіліп тұрады. Қазіргі, "бойына түк біткен сайын қалтырайтын" тышқан тірлікті күйттейтін байлардай емес, ол қарамағындағы жұмыскерлеріне де үлкен көмек көрсетуде. Еңбекақыларынан басқа азық-түлік, малдарына жем-азықты тегін беріп отырады.

Ол Nur Otan партиясынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты. Халық қалаулысы ретіндегі міндетін де адал атқарып, өзіне қайрылған сайлаушыларына көмегін беріп жүреді. "Осындай қиын заманда біз жерлестерімізді қолдау үшін қолдан келген көмегімізді жасауымыз керек. Мен өзім жұқпалы дерттің жанында жүріп, алысқан медицина қызметкерлеріне өте тәнтімін. Сондықтан, әсіресе осындай азаматтарымызға қолдау білдіруіміз керек қой деп ойладым", дейді Алтынбек Сапаров.

Облыстық аурухана басшыларының айтуына қарағанда бизнесмен көмек ретінде берген қаражат COVID-19 науқасына ұшырағандарға дәрі-дәрмектер алуға, және науқастармен тікелей араласып, емдеп жүрген медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге және ынталандыруға жұмсалатын болады. Осы аурухана маусым айынан бері терапевтік корпусы коронавируспен және пневмониямен ауыратын науқастарды анықтау және емдеу үшін провизорлық стационарға айналдырған болатын. Оған дейін тек Бірінші қалалық аурухана ғана инфекцияға жабдықталған болса, маусымнан бері ол науқастарды толық қамтуға қуаты жетпей қалды.

Солтүстік Қазақстан облысында қазір коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 1400-ден астам жағдайы тіркелді. Өңірдің инфекциялық және провизорлық стационарларында 800-ден астам төсек бар.

 

Солтүстік Қазақстан облысы