Елімізде карантин режімі ерте енгізіліп, сақтық шаралары уақтылы жасалды. Десе де қазіргі уақытта ауру жұқтырған адамдардың саны артып барады. Біз бірлікте күш біріктірсек ғана бұл қиындықтан құтыламыз. Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы кезеңнен бастап халыққа ақпарат беріп отырды. Кеткен кемшіліктерді уақыт таразылайды.
Президент: «Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды», деді. Аталған бастаманы халық толық қолдайтынына сенемін. Өйткені ем-дом әр науқастың ыңғайына бейімделіп, медициналық көрсеткіштеріне қарай жасалуы керек. Барлық адам бірдей емес, желіде тарап кеткен емдеу шаралары біреуге жаққанымен, енді біреуге қауіп төндіруі мүмкін. Саладағы мамандардың кеңесіне құлақ асқан жөн.
Одан бөлек, дәрігер тапшылығын шешу үшін білім жүйесіне де өзгеріс енгізілгені жөн. Жас мамандарды ынталандырып, тың жобаларды жүзеге асыруға жол ашуға тиіспіз. Медициналық колледждер мен жоғары оқу орындарында маман даярлауды жіті бақылауға алып, сапасын арттыруымыз керек. Дәрі тапшылығы да салаға реформа керек екенін көрсетті. Әр облыс орталығынан дәрі өндірісі орындарының негізі қалануы тиіс. Шетелден дәрі сатып алудың соңы тапшылыққа әкелетінін көзіміз көрді. Мен үшін Қазақстан Республикасының әр азаматының өмірі қымбат. Енді осы бағытта жүйелі қызмет атқарылса деген үмітім бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,
«Отандастар қоры» жанындағы Қоғамдық қабылдау комиссиясының мүшесі, жазушы, түркітанушы