Үкімет • 10 Шілде, 2020

Көмек қолын созған мемлекеттер бар

243 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі алмағайып кезеңде көңілі алаң ағайынды түрлі алыпқашпа әңгімелер арандатып жатыр. Сондықтан халыққа дер кезінде дұрыс кеңес, шынайы ақпарат тарату – аса маңызды. Осыны қаперде ұстаған Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын күйіп тұрған мәселелер бойынша нақты мәлімет беруге тырысып жатыр.

Көмек қолын созған мемлекеттер бар

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз жиы­нында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алдымен дәрі-дәрмек же­тіспей жатқанын айтқан жұрт­тың көңіліне демеу болатын деректерді алға тартты.

Жер-жаһанға ортақ жау – Covid-19 індетімен күресте халықаралық әріп­тес­тер үнемі бір-бірімен кеңесіп, қол­дау көрсетіп отыр. Министрдің мә­ліметі бойынша Қазақстанға бауыр­лас Өзбекстан елінен 2 млн маска мен 2 млн қолғап келді. Сондай-ақ жақында Ресейден бір топ медицина маманы келіп, көмек қолын созды. Бұған қоса еліміз Ресейге арнайы борт жіберіп, індетпен күресте қажетті дәрі-дәрмек пен қорғаныс құрал­дарын алдырады. Препараттар тие­летін тағы бір борт Үндістанға қа­рай жол тартпақ. Осылайша, ведомство фармацевтикалық компанияларға қол­­ға­быс етіп, дәріханалар алдындағы дүрбелеңді басуға күш салып жатыр.

«Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге басымдық беріліп жатыр. Біз дәрі-дәрмек нарығын дамытуға септігін тигізетін қауымдастықтармен, сондай-ақ бөлшек саудамен айналысатын көтерме компаниялармен жүйелі келіссөздер жүргіздік. Қазақстанда мемлекеттік дәріханалар жоқтың қасы, тек кейбір медициналық ұйымдарда қарастырылған. Дүрбелең тудырып отырған – жеке дәріханалар. Жақында біз препараттарды тездетіп нарыққа қосатын көптеген рәсімді жыл­дамдататын бұйрықтарға қол қой­дық. Қазірдің өзінде көтерме сауда қой­ма­ларынан дәрі-дәрмектер бөлшек сауда же­лі­леріне жедел түрде түсіп жатыр», деді А.Цой.

Facebook әлеуметтік желісінде Қатар елінен гуманитарлық көмек ретінде келген препараттар дәріханаларда сатылып жатқаны туралы айтылып, дау туған еді. Мұндай секемді ойға дәріханаларға әкелініп жатқан қораптарға Qatar Airlines деп жазылғаны жетелеп отыр.

Журналистердің сұрағына жауап беру барысында осы мәселеге Ден­саулық сақтау вице-министрі Людмила Бюра­­бекова тоқталды. Ол Қатардан гума­ни­тарлық көмек ретінде костюм, көзәйнек, маска, бахил сияқты қорғаныш құралдары келгенін, олардың арасында дәрілік заттар болмағанын айтты. Ал бұл келген заттар әзірше бірыңғай дистрибьютерде сақтаулы тұр екен. Жақын арада медицина ұйымдарына таратылмақ.

Министрлікке қарата қойылған сауал­дардың арасында коронавирус инфек­ция­сын жұқтырғандардан бөлек пневмониямен ауырып жатқандар мәселесі көтерілді.

«2020 жылдың соңғы алты айында өкпе қабынуы бойынша 1 172 өлім-жітім тіркелді. 2019 жылдың алты айында 1 780 адам қайтыс болған еді. Бұл – жалпы сипаттағы өкпе қабынуы. Толықтай алғанда биыл өкпе қабынуына шалдығу өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары болып тұр. Біз өкпе қабынуына байланысты сараптама жасамақпыз. Коронавирус инфекциясының ең ауыр түріне қолданылатын ем-дом түрі пневмонияны емдеуге де қолданылады. Со­нымен қатар әлемде де өкпе қабы­нуына шалдығу деректері өткен жылғы статистикаға қарағанда биыл біршама жоғары», деді А.Цой.

Министр коронавирус дертіне шалдыққандар ресми есептен көп болуы мүмкін екенін растады. Өйткені қа­зіргі уақытта денсаулық сақтау жү­йе­сінің алдында барлығын 100 пайыз тестілеу міндеті тұрған жоқ. Осы ауру­дың алғашқы белгілері бар тікелей нау­қастарға басымдық жасалып отыр.

Жалпы, министрлік өкпе қабынуына шалдыққандар санын да көрсетпек. Таяу уақытта тұрақты түрде нақты мәліметтерді ұсынып отырады. Бұ­ған пневмонияның да өршуі себеп болып тұр. Соңғы кезде өлім-жітім де бар. Ведомство басшысы бұған қатысты деректерді сайтта немесе ақпарат көздерінде жариялауды жос­парлап отырғанын, келесі аптада нақты мәліметтер ұсынуға тырысатынын атап өтті.

Сонымен қатар министр әлеуметтік желілерде түрлі кеңеске жүгініп, өз бетінше ем-дом жасаудың да қауіпті екенін алға тартты. Ол бас ауырып, дене қызуы көтерілгенде бірден антибиотиктер қабылдауға болмайтынын, оның кері әсер етуі мүмкін екенін, сондай-ақ интернеттен қарап, қолдан жасаған тыныс алу құралдарын қолданғанда абайлау керек екенін айтып сақтандырды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы өкпесі қабынған науқастар дәрі-дәрмекті дәрігердің рецеп­тімен ақысыз алуға болатынын, учаскелік дәрігерлер антибиотиктер мен қызу түсіретін дәрілерді жеткізіп беретінін атап өтті. Бұл үшін арнайы мобильді топтардың жұ­мысы ұйымдастырылып жатыр. Ел бойынша емханалар жанынан халыққа медициналық қызметтерді кешенді түрде көрсететін 465 әмбебап мобильді топ құрылады. Ал Нұр-Сұл­тан қаласындағы 31 емхана жанынан әрқайсысында 2-3-тен мобильді топ құрылған. Жедел жәрдем стансаларында да мобильді топ құру үшін келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасап, сол мобильді топтардың жұмысын қамтамасыз ететін қаражат табуы керек.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрі карантин шараларының созылуына байланысты пікірін айтты.

«Бастапқыда карантинді ұзартуға қатысты ұсыныс енгізілді. Онда режімнің барынша ыңғайлы және індеттің тез тарауымен күресуге қауқарлы болғаны, бизнес-қоғамдастық жұмысы туралы ұсы­ныс-тілектер ескерілді. Кез келген бағалау инкубациялық кезеңмен, яғни 14 күнге байланысты болуы тиіс. Қазір біз қандай да бір аралық нәтижелерді көріп отырмыз, бірақ нақты нәтижені біз екінші аптаға жақынырақ немесе бағалау жүргізгеннен кейін бірден көре аламыз. Шектеу шараларының жалғасуы немесе күшейтілуі карантин аяқталғаннан кейін түсінікті болады. Біз бұл мәселені ел ғалымдары және шетелдік әріптестерімізбен бірге пысықтаудамыз», деді министр.