Өкінішке қарай – коронавирусқа әлемдегі медицинасы дамыған мемлекеттер де дер кезінде төтеп бере алған жоқ. Бір күнде мыңдаған адамның вирус жұқтыруы медицина саласына үлкен салмақ түсірді. Мұндай жағдай біздің елді де айналып өтпеді. Денсаулық сақтау саласы ауруханаға ағылған науқастар нөпірінен қиындыққа тап келді. Вируспен күресіп жүрген дәрігерлеріміз де жұқтырып, тіпті қаза болған оқиғалары да кездесті. Мұның бәрі, әрине, оңай емес.
Қауіпті дерт тұрғындар арасына тарап кетті. Қазір елімізде түсініксіз тұмаумен ауырып, пневмонияға шалдығып жатқандар саны да күрт артыпты. «Жығылғанға жұдырық» демекші, осындай кезеңде дәріханаларда дәрі қымбаттап, кейбірі сөрелерден табылмады. Дертіне шипа болар дәрі таппаған жұрт сеңдей соғылысып жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде бұған ерекше назар аударды. Президент дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендерді жауапкершілікке тартуға тапсырма бергенін мәлімдеді.
Енді алғашқы медициналық көмек көрсету жұмысы одан әрі жетілдірілмек. Қазірге дейін Қазақстанда универсалды 400 мобильдік емдеу бригадасы бар. Осы айдың соңына дейін оның саны 3,5 мыңға артады. Ауруханалардағы орындар саны көбейтіліп, дала госпитальдарын жасақтау қолға алынбақ.
Қорыта айтқанда, жұқпалы індет салдарынан жақынынан айырылған жұртымыз үшін, дертке дауа таппай елең-алаң күй кешкен еліміз үшін бұл көңілге медеу, жанға жігер, үмітке қанат бітірген үндеу болды.
Жамбыл Ахметбеков,
мәжіліс депутаты