Бұл шара аталмыш аймақтың құрылуына 80 жыл толған даталы мереке қарсаңында қолға алынып, 4 айда дайын болған салмағы 2 тонна алып мүсіннің бүгін ашылу салтанаты болды. Ескерткіш орналасқан таған-тұғырдың биіктігі 6.60 метр де, аумағы 15х10 шаршыметр. Тұғырда тұрған жылқының, яғни батыр мінген сәйкүліктің ұзындығы – 5 метр болса, ат үстіндегі батыр тұлғасының биіктігі – 3.20 метр.
Мүсіннің авторы байөлкелік шебер Нұрдықан Риянұлының айтуынша, батыр ескерткішінің төрт нұсқа-макеті жасалып, сараптаудан өткен екен. Ақыры жұмыс тобы бүгінгі көпшіліктің көзайымына айналған жобаны дұрыс көрген. Өйткені, Ікей Мәзімұлы атты әскер командирі болғандықтан оның ат үстіндегі бейнесі еңсеңлі көрінері хақ.
Ікей Мәзімұлы 1911 жылы Бай-өлке аймағының Делүн сумын жерінде туған. 1932 жылы өз қалауымен Моңғол Халық Армиясына сапына қабылданып, әскери өмірін Ұланбатыр қаласындағы Құжырбұлың әскери горнизонында қатардағы солдаттан бастап, кешікпей Ұлан-қуарындағы Әскери жоғары мектепке қабылданады. Осында оқып жүріп 1933 жылы батыс аймақтарды қамтыған ламалар көтерілісін жаншуға қатысып, ерлік көрсеткені үшін Бас қолбасшы маршал Демиттің (Дэмид) жарлығымен алмас қылышпен сыйланады.
Әскери жоғары мектепті 1934 жылы бітірген Ікей әуелгі қызметін Ұлан-батыр қаласындағы І атты дивизияның ІІ полкінде бастайды. 1936 жылы бұрынғы Сайн ноян хан аймағы Зоригт гүн қошуыны, қазіргі Арқанғай аймағы Сенкір (Цэнхэр) сұмын тумасы өзінен үш жас үлкен Должын Сонымқызына (Сономын Должин) үйленеді.
1939 жылдың мамыр айында Халқын-гол майданы басталады. Қазақ офицері Ікей Мизамұлы дереу майданға сұранып өтініш жазады. Ікеңнің арман-арызын қабыл еткен басшылар оны алтыншы Тамсық дивизиясының 17-атты полкының 4-сұмын (рота) командир етіп тағайындайды. Бұл дивизия әне-міне соғысқа кіреміз деп ентелеп дайын тұрған.
Қысқасы, Ікең мамыр айында атойлап ұрысқа кіріп, жаудың бетін қайтарған. Келесі шілде айында басталған екінші зор майданға тағы да қол бастап шыққан. Шілденің 3-і күні Баян-саған шайқасында асқан ерлік көрсеткен. Іле-шала шілденің 24-і күні болған кезекті шабуылда ротасын бастап, самурайлардың шебін бұзып, қорғанысын тас-талқан етеді. Ақыры қасында бірге жүрген көмекшісі орыс Иванов және бірнеше жауынгер жолдастарымен бірге зеңбіректің дөп тиген оғынан қаза табады.
1981 жылы моңғол тілінде жарық көрген "Халқын-гол шайқасына қатысқан жауынгерлер естелігі" атты кітапта қатардағы бір жауынгер: "Командир Ікей оншақты самурайдың ортасында жалғыз өзі ебелектей шырайналып, барлығын демде жусатып салды" десе, тағы бір майдангер: "Біздің сұмын бастығы Ікей жауларды қылышымен жас шыбықтай қырықты, қаруының жүзі қайтқанда оның мұқалмас ұшымен жауды шаншып алып, лақтырғанын көрдім" депті.
Батыр өлген соң оның жансыз денесін майдандас досы, сол кезде атты полк командирі, Моңғолия Халық Батыры атағын алған, аңыз адам Лодонұлы Дандар мүрдені Көлікті Манқыннан (Гөлөгт Манхан) ат арбаға тиеп алып, Халқын-гол өзенінен өткізіп, Баянсаған (Баянцагаан) жотасының оңтүстігіндегі Эке бұрқан (Их бурхан) жазығына апарып өз қолымен жерлепті.
Бертінде Дандар батыр ептеп қызып алып "Мені батыр дейсіңдер, Ікейдің қасында мен кіммін. Ол сияқты ер екінші қайта тумайды-ау" еңірегені жайлы атақты жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лаураеті С.Дашдооровтың естелігінде айтылса, запастағы майор, танымал ақын С.Болд: "Сонау жылдары Мемлекеттік сыйлықтың лаураеты жазушы Э.Оюун және атақты батыр Дандар бастап Халқын-голға бардық. Дандар батыр Ікей досының зиратының басында тұрып "Қайран Ікейім-ай, ақтарылған ішек-қарнын қолына ұстап алып, жауға шапқан ерім еді", деп тоқтамай жылады", депті.
Қазіргілерді білмедім, моңғолдың көне көздері Ікей десе ішкен асын жерге қоятын. Бертінде батырдың басына қойылған құлпытасқа моңғолдың үлкен ақыны Д.Нямаа:
Ұлы Отанның батысында,
Алғашқы демін қырнады,
Ұлы Отанның шығысында,
Соңғы демін жинады, - деп бәдіздепті.
Қуат Уатқан,
Моңғолия Бай-өлке аймағы